«Қайсар» футбол командасына 4 миллиард теңге бөліне ме?

05.12.2019
Қаралды: 432

Әлеуметтік желі қолданушысы Үйтолған Жареке бір ерекше жазба жариялады. Ол қызылордалық «Қайсар» футбол клубына 4 миллиард теңге қаржы бөлінбек екенін айтады.

 

«Қайсарға» келер жылы 4 миллиард теңге бөлінбек екен. Мұның көбі легионерлерді ұстап тұруға жұмсалмақ. Өзіміз ойнасақ та сол нәтиже, легионер алсақ та сол нәтиже. Тек жыл сайын бөлінетін қаржы ғана өсуде.

 

Бүгін желіде бір жазбаны көзім шалды. Келісім-шарты біткен бір легионер: «Қызылорда үлкен қыстақ сияқты. Жалықтырады», – депті «Асыңды ішейін, дағараңа ты...н» емей немене? Халықтың қазынасы қашанғы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете бермек? Басшылар қарапайым халыққа үнем туралы айтқыш. Бірақ сөздері мен істері кереғар. Газы, жолы, ауыз суы жоқ қаншама ауылдар бар. «Газ әкеледі» деп ауыз ашып отырмай, «умный котел» дегенді орнатып алған. Бірақ көмірде қызу жоқ. Сонда да құрыққа сырық жалғап күнелтуде.

 

Футбол бұрыннан бизнес. Легионер тарту астарында көлеңкелі талай дүниелер жатыр.

 

Халық жалаңаш қалғанша тоқтамайсыңдар ма? Обал!» – дейді Ү.Жареке.

 

Біз мұнда айтылған деректің қаншалықты рас екенін білмедік, жазба авторымен хабарласқанымызда: «Алдағы, 2020 жылға 4 миллиард теңге қаржы бөлу жоспарланыпты. Жоспар мәслихатта қаралыпты», – деді Ү.Жареке. Ол әлеуметтік желідегі бұл жазбасын Қызылорда облысының әкімдігі мен облыс мәслихатына бағыттаған екен. Әзірге әкімдік пен мәслихаттан оған берілген нақты жауап байқалмайды. Ал жазбаға қатысты бірнеше ондаған адам төмендегідей пікірлерін білдіріпті.

 

Мөлдір Мұстафаева: Айттым ғой, бұларды жаба салған дұрыс. Үш жылға жапса, үш жылда бүкіл қаланың жолдарын жөндеуге болады.

 

Үміт Есендікова: Ұят екен! Дабыл қағатын нәрсе! Сол футболдан, оны ойнап жүрген келімсектерден не пайда бізге? Қайсысы ұшпаққа шығарып жатыр? 4 миллиард деген қандай ақша? Одан да неге оны халықтың жағдайын жақсартуға жұмсамасқа? Футбол – шынымен де көлеңкелі бизнес!

 

Самұрат Мырқы: Әрине, 4 миллиард – көп ақша. Легионерлерді азайту керек. Легионерлер біздің айлыққа қызығады. Бір жылын өткізеді де, еліне тайып тұрады. Осылардың кесірінен енді шығып келе жатқан футболшылар тасада қалады.

 

Мақсат Серікбаев: Жергілікті жігіттерге жұмсалса, тәуекел! Туыстарына шарапаты тиер, оқыған мектебіне бір сыйлық жасар. Ал шетелден келіп бір ойыншының  қы­руар айлық алғанына жол болсын! Мұғалімдер мен медиктер 100 мың теңгені зорға алып жүргенде. Ойнаса, жергілікті жігіттер ойнасын. Болмаса, жаба салсын. «Қайсарсыз» да қазанымыз қайнар.

 

Жайна Қожа: Кеше ғана бюджетте балаларға автобус алатын қаржы жоқ деп жатыр еді. 4 миллиардқа  400 дана автобус келеді екен.

 

Айнұр Аманова: Халыққа қажет дүниеге келгенде тарылып қалады. Мәселен, Аралда Шөміш деген ауыл бар. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің де, теміржолдың да бойында. Шыны жасайтын құм өндірісі бар. Одан түскен салықтан халыққа жұғын да жоқ. Ауыл тұрғындары қара суға жарымай, флягпен су тасып ішіп отыр. Жаңа әкім осындай шаруаларды қолға алуы тиіс, мықты болса. Шетелдің легионеріне миллиондап айлық төлеу – елге жаны ашымау.

 

Нұрсұлтан Байменов: Болашағын ойлаған басшы ғылымға, білімге бөлер еді мұндай ақшаны. Бір кем дүние. Атаққұмарлық пен даңққұмарлық. Еуропаның  алтынын алып келгенімен еш пайда жоқ Қызылордаға. Болашақ – ғылымда, ғылым дамымай, ел дамымайды.

 

Сыргүл Молдырайымова: «Доп ойнаған – тозар, қозы баққан – озар», одан да ауыл шаруашылығына салмай ма қаржыны? Ет те, сүт те – бәрі қымбат.

 

...Жалпы, елімізде жергілікті футбол клубтарының шетелдік легионерлерге қыруар қаржы төлейтіні туралы әңгімелер жиі айтылып жататыны рас. Тек ашық ақпараттар аз. Сондықтан жергілікті басшылар бұл мәселе төңірегінде әңгіме қоз­ғалғанда онда айтылған жайдың шындыққа жанасатын-жанаспайтынын, мәселенің жай-жапсарын жіліктеп айтып беріп отырса, жұртшылық тарапынан мұндай наразылықтар болмас па еді, кім білген... Ал легионер сатып алып, доп пен атақ қуғаннан гөрі, расында да өнер-білім, ғылым жолын қуғанның еліміз үшін әлдеқайда пайдалы екені рас қой.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ