Асыл тұқымды ұрпақты қалай көбейте аламыз?

05.12.2019
Қаралды: 396

Менің Талғар жақта тұратын туысым бар. Өзі шылқыған бай. Негізгі бизнесі – Еуропа елдерінен асыл тұқымды жылқы әкеліп сату.

 

Ол асыл тұқымды иттерді де асырайды. Балақ жүні мен кекілі келіскен кербез кептерлері де баршылық. Торларды толтырып тастаған. Үйіне бара қалсаң, тек сол туралы айтады.

 

Оның айтуынша, Еуропадағы бизнес серіктестері жылқыны адамнан бетер бақылайды. Әрбір құлын туыла салысымен оған арнайы файл ашылады. Жылқының шежіресі түгел жазылады. Құлынның атасы кім, әкесі кім, шешесі кім, әжесі кім – түгел тіркеледі. Биелердің байқаусызда көрінген айғырмен «көңіл қосып» қоюы мүмкін емес. Дені сау, жұтынып тұрған құлынды туғызу үшін арнайы мамандар Керқұла атты Кендебай сияқты биелерді түні бойы ұйықтамай бақылап отыруға дайын. Жылқы тұқымы асылдан­ған үстіне асылдана береді. Жылқының шежіресі неғұрлым терең болса, құлыны да соншалықты зерең болады деген түсінікпен қымбат бағаға сатады.

 

Танысымның иттері де солай. Қаншығын беталды қаңғытып қоймайды. Не болса соны жегізбейді. Қымбат, сапалы етті иті жейді. Есесіне күшіктері шетінен арлан шығады. Бір жасар күшігінің өзі бұзаудай ғой жарықтықтың.

 

Ал жабайы кептерлермен шағылыс­қан көгершіндерінің жұмыртқасын шағып тастайды. «Неге өйттің?» десең: «Тұқымды құртады. Бар бәлені осы ұрғашылары жұқтырып әкеледі», – деп сақтанып отырады. Қарап отырып қызығасың.

 

Дегенмен осы фактілер мені басқа да ойларға жетелейді. Бұл дүниеде адамның тұқымы неғұрлым асыл, шежі­ресі неғұрлым терең болса, қоғам соғұрлым нұрлы болмай ма деп ойлаймын. Жалпы, өзіміздің сапамызды тура солай арттыра аламыз ба? Ол мүмкін нәрсе ме өзі?

 

Бала кезімізде тойға барғанда микрофон ұстап, тост көтерген барлық қонақ мынадай мақалдарды жиі айтушы еді: «Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан», «Алып анадан туады», «Қызға қырық үйден тыю, қалса, күңнен және бір тыю». Ол кезде бұл сөздердің мағынасын ұқпау­шы едім. «Неге тек қана нағашысына тартып мықты болуы керек?» деп ойлау­шы едім. Есейген соң оны да оқып-тоқып ақыры білдік.

 

Ер мен әйел қосылған соң ананың жатырында бір жасушалы эмбрион пайда болады. Ең басында ядродағы хромосома саны екі тараптан тең түседі. 23 хромосома әкеден, 23 хромосома анадан. «Генетикалық ақпаратты ана жатырына алып келген сперматазоид пен іштегі «ооцит» деп аталатын аналық жасуша тең дәрежеде тұрғанда неліктен болашақ ұрпақтың жақсы болуы негізінен әйелдікіне тәуелді?» деген сұрақ туады. Себебі дейді генетик ғалымдар, қыз бала бүкіл өмірінде бала тууға себеп болатын аналық ұрығымен (яғни ооциттермен) бірге туылады. Қыз баласы шақалақ кезінде қанша ооцитпен дүниеге келсе, өмірінің соңына дейін сонша аналық жасушамен өмір сүреді. Аналық жасуша ер адамның ұрығы сияқты ұдайы ауысып, жаңарып тұрмайды. Саны да ешқашан көбеймейді. Қыз бала өскен сайын оның бұрынғы ооциттері пісіп-жетіліп, дамып қана отырады. Бойжеткен соң ол ай са­йын бір ғана ооцит шығын қылады. Мұны «хайыз кезеңі» деп атайды.

 

Ер адамда керісінше, сперматозоидтар күн сайын, апта сайын жаңарып, көбейе береді. Ер баланың ұрығы миллиондап шығын болса да тез арада толысып, қалпына қайта келеді. (Ер бала ұйықтап жатып поллюция болады). Ұл бала зиянды әдетке бой алдырып, ішіп, шегуге үйір болса, сөз жоқ, оның ұрығының сапасы нашарлайды. Маскүнем, насыбайшы, нашақордан зерек бала туылуы неғайбіл.

 

Еркектер емделіп, тақуалық ұстанып, зиянды заттардан тыйылса, ұрығының сапасы қайтадан қалпына келеді. Ал қыз балаға табиғат мұндай мүмкіндік бермепті. Қыз бала албырттықпен зиянды әдетке бой алдырып, ішіп, шеге бастаса, ооциттегі генетикалық кодтар зақымданады. Мұндай бойжеткен өсе келе өкініп, салауатты жолға бет бұрса да қанындағы бүлінген аналық жасушалары ұл баланікі сияқты басқасымен жаңаланбайды. Яғни генетикалық кодтары зақымдан­ған, нашар хромосомалар сол күйі тұра береді.

 

Бұл – мәселенің бір қыры ғана. Екін­шіден, әдетте ерлі-зайыптылар қосыл­ғанда әкенің белінен 300 миллионға жуық сперматозоид «бала жасау» жарысына аттанады. Олардың ең жүйрік, ең алғыр, ең қуатты, ең пысық, ең асыл дегені мәреге бұрын жетуі шарт. Жатырда жалғыз жатқан ооцитке «ең қуатты», «ең күшті», «ең зерек» деген сперматозоид келіп кіргенімен қуануға әлі ерте. Себебі аналық жұмыртқа жасушасы жалғыз. Таңдау мүмкіндігі мүлде жоқ! Бірінші боп келіп жеткен ер адамның мықты ұрығы сол жердегі жалғыз ооцитпен «отау» құруға мәжбүр. Ол жерде сперматозоидтар маған мына жасуша ұнайды деп көп ішінен артықша жаралған күштісін таңдай алмайды. Ер-азаматтың ұрығы қанша жерден қасиетті болса да сапасы нашарлаған ооцитпен қосылғанда болашақ бөпені кемел дәрежеге көтере алмайды.

 

Қалай болғанда да нәрестенің зиялы, зерек болуы ең бірінші аналық жасушаның сапасына тәуелді. Қыз баланың қанында ағып жүрген санаулы ғана ооциттерді барынша күтіп, баптап, олардың сапасын арттыру арқылы ғана ақылды адамдарды көбейтуге жол ашылады.

 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – қыз­дарын бағып-қақпаған ел ешқашан са­лауатты қоғам құра алмайды екен ғой.

 

Санжар КЕРІМБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ