863 мың теңге жалақы алады

22.08.2016
Қаралды: 1770

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің қанша жалақы алатынын айтыпты. Бұл жөнінде Ақтөбеден шығатын «Диапазон» газетінде жарияланды. 

Яғни өздеріне жолданған ресми хатқа сәйкес облыс әкімдігі қызметкерлерінің айлық жалақылары туралы мәлімет беріпті.

Белгілі болғаны, Б.Сапарбаевтың айлық жалақысы 863 мың теңгені құрайды. Ал облыс әкімдерінің ішінде ең  көп жалақы алатыны Қарағанды облысының басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков, ол 953 мың теңге алады екен. Тізімде жалақысы ең «төмені» –  Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, ол 600 мың теңгеден сәл асатын айлық алады.

Жалпы, Ақтөбе облысы басшыларының еңбек­ақыларына ай сайын 3 миллион 300 мың теңге қаржы жұмсалады екен. Бұған облыс әкімінен бөлек, оның орынбасарларының айлық жалақылары кіреді. Ол мынадай:

Ғали Исқалиевтің айлық жалақысы 461 мың теңге, Жаңабай Бексары – 503 мың, Асқар Биахметов – 507 мың, Асқар Шериазданов – 511 мың, Мұхтар Жұмағазиев 518 мың теңге жалақы алады.

Ал Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың жалақысы 451 мың теңге, әкімнің бірінші орынбасары Жандос Байырхановтікі – 194 мың теңге, орынбасарлары – Қуантқан Әлімовтің, Нағымжан Алдияровтың,  Мадияр Қабылдың жалақылары тиісінше, 203 мың, 194 мың және 199 мың теңге. Қала әкімі аппаратының басшысы Қайрат Райымқұловтың айлық жалақысы 161 мың теңгені құрайды. Жалпы алғанда, Ақтөбенің әкімі мен оның орынбасарларына және аппарат басшысына 1 миллион 400 мың теңге жалақы есептеледі екен.

Бұл азаматтар мұндай жалақыға барынша адал жұмыс істеуге тырысатын шығар. Әйтеуір «жарты патша» емес, халықтың қызметшілері екенін ұмытып кетпесе болыпты да.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ