Журналға жазылу тоқтатылады, «20 жылқы + 8түйе» бәйгесі ойнатылмайды...

05.12.2019
Қаралды: 107

Құрметті оқырман!

 

Біздің журналдарымыз – мемлекеттің қаржысына шығып жатқан биліктің баспасөзі емес, ақ сөйлеп, адалын айтып, оқырман сеніміне кірудің арқасында өзін-өзі қаржыландырып келе жатқан тәуелсіз басылымдар. Өздері­ңізге белгілі, саяси қысымдар мен (журналдың қағазы мен баспахана шығындарының, тарату қызметінің қымбаттауы және теңге девальвациясының тоқтамауы сияқты) материалдық қиындықтардың зардабынан соңғы жылдары журналдарымыздың таралымы төмен­деді, редакция қаражаты таусылды. Бұрын оқырманға 30-40 журналиспен қызмет көрсетсек, бүгінде 4-5 адам қалдық. Журнал жабылып қалмасын деп, астымдағы қымбат автокөлігімді де сатуға мәжбүр болдым.

 

Мен Жарылқап Қалыбай, сіздердің маған сеніп, ондаған жылдар бойы «Жұлдыздар отбасы» және «АҢЫЗ АДАМ» журналдарына жазылып немесе сатып алып оқығандарыңызға рахмет айтамын. Өкінішке орай, саясат пен нарық қыспағына байланысты біздің журналдарымыз соңғы 4-5 жыл бойы қаржылық шығындардан көз ашпады. Әр жылы біз үміт етіп осы жылы оқырман қауым журналымызға жаппай жазылып, өзін-өзі ақтайтын деңгейге жетеді деп ойлаған үмітіміз ақталар емес. Биыл 2020 жылға жазылған «20 жылқы + 8 түйе» ғаламат бәйгесіне қатысатын оқырмандар саны 400-ге жуық болды. Алайда ол біздің барлық шығындарымызды ақтай алмайтыны көзге анық көрініп тұр. Сондықтан, мен сіздерден басымды иіп, кешірім сұрай отырып, 2020 жылға жазылуды тоқтататынымды, сіздердің редакцияға төлеген ақшаларыңызды бір тиынына дейін қалдырмай өздеріңізге кері қайтарып беретінімді, сөйтіп «20 жылқы + 8 түйе» ғаламат бәйгесін өткізе алмайтынымды өкінішпен хабарлаймын. Маған және «Жұлдыздар отбасы» – «АҢЫЗ АДАМ» деген медиа-брендтің атына сеніп, журналымызға жазылған 400-дей оқырман­ға алғысымды айтып, ризашылығымды біл­ді­ремін.

 

(Жазылған оқырмандар қай пошта бөлімшесі арқылы жазылған болса, сол жерден төлеген ақшасын қайтарып алсын. Ал «Каспий голд» банк картасы арқылы жазылғандарға редакция қыз­мет­кері кері қайтарып береді).

 

Ал мұндай жақсы журналдардың шығару құқын сатып алып, осыдан әрі қарай шығаруды жалғастырамын деген талапкер құрылтайшы табылып жатса, қуана-қуана эстафета таяқшасын тапсырамын. Яғни, біз тоқтағанмен шығарушы табылса, «Жұлдыздар отбасы» және «АҢЫЗ АДАМ» журналдарының жобасы жалғаса беретін болады, табылмаса осы жылдың 24-ші (ең соңғы) санын шығарып, сіздермен қоштасамын.

 

Сондай-ақ, Жаңа жылдан бастап журналдарымыздың осы күнге дейін шыққан 200-300 сандарының электрондық нұсқасын арнаулы сайтқа қойып, қалаған оқырмандарға электрондық нұсқада сататын боламыз.

 

Мен, Жарылқап Қалыбай «Жұлдыздар отбасы» және «АҢЫЗ АДАМ» журналдарының газет кезінен бастап бүгінгі журнал нұсқасына дейінгі бүкіл оқырмандарын жақсы көремін, сіздерге зор денсаулық, толағай табыс, отбасылық бақыт тілеймін!

 

Келешекте басқа бір басылым жобасымен қайта қауышуымыз да мүмкін. Сол күндерге дейін сау-саламат болыңыздар!

 

Құрметпен, Жарылқап ҚАЛЫБАЙ.

 

«Замана»: Иә, бұл өте өкінішті жағдай. Шын мәніндегі тәуелсіз газет-журналдардың  бәрінің де тағдыры дәл қазір қыл үстінде тұр. Олардың қатарында біздің газетіміз де бар...

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ