Боза – ерекше емдік сусын

03.12.2019
Қаралды: 2060

Күн суытып, қар жауғанда сұранысы артатын бір сусын бар. Оны әсіресе буын ауруларына шипа ретінде ішсе пайдасы көп.

 

Иммунитетті көтеріп, қаназдықтан құтқаратыны да дәлелденген. Түркістан облысының Созақ ауданында тұратын Перизат Тоқтарбайқызы жиырма бес жылдан бері осы сусынды өзі жасайды.

 

«Анам боза салатын. Қар түскеннен көктемге дейін анда-санда соны ішіп, суықтау, тұмау дегеннің не екенін білмей өстік. Өзім де жүкті кезде қышқылға тәбетім тартқанда анамның бозасын алдыртатынмын. Анам марқұм бозаны ерекше дәмді етіп жасайтын.

 

Боза дегеніңіз витаминге толы табиғи сусын ғой. Оның пайдалы жағын жақсы білген­діктен, өзім де боза салуды үйреніп алдым. Қазір күн суыт­қаннан боза саламын. Оны таныс-біліс адамдар, әсіресе жүкті келіншектер алып ішеді. Келін­шектердің жерігі басылып, қаназдықтан құтылады.

 

Бірнеше жыл бұрын өзімнің баламды да солай емдегенмін. Қаны аз болды. Дәрігерлер гемо­глобині 81 деді. Дәрі жазып берді. Ол бірталай ақша. Оны алмадым. Боза ішкіздім. Бір айдан кейін гемоглобині 117 болды.

 

Боза салу оңай емес, жұмысы ауыр. Өзіндік тәсілі бар. Бидайды өндіріп, уытын әзірлеу керек. Мөлшерін біліп, уақытын қадағаламаса, қыздырып алса бозаның дәмі жағымсыздау, тым қышқыл болады. Негізі бапталған тарыдан жасалған бозаның дәмі өте керемет шығады. Оны балалар да сүйсініп ішеді. Мен осы жағына мән беремін. Үйлеріндегі қарт кісілерге күш-қуатты арт­тыруға деп алатындар бар. Суықты қууға, балаларға тә­бетті ашуға, иммунитет көтеруге, кей­біреу буындары сырқырап ауырғанда ем ретінде ішеді.

 

Бауыры ауыратын бір жігіт ағасы бар. Сол үнемі жаңа әзірленгенін алдыртып, дәрі орнына ішетін. Сонда бозаның ас­қазанына да ем болғанын айтып еді. Боза жел-құзды қуады. Сондықтан сыздан болған буын ауруларына ішсе көмегі көп.

 

Бозаны ішудің орны, ерек­шелігі бар. Бұрындары үлкендер үстелді айнала отырып, бозаны бір кесемен кезекпен ішетін. Сонда 6-7 адам­ға кесе айналып келгенше ішкен боза бойына сіңіп, тәбетін аша түседі. Яғни оны үстін-үстіне ішпей, дәмін алып, бойға сіңдіріп ішу керек», – дейді Перизат Тоқтарбайқызы.

 

Бозаның витаминге бай қоректік сусын екенін дәрігерлер де мойындайды. «Медицинада қандағы қалдықтарды тазалау өте қиын. Ал боза ағзадағы зат алмасуды күшейтіп, қандағы шлактарды табиғи түрде айдап шығарады. Қаназдықтың алдын-алуда таптырмас ем. Тек оны аз-аздан бастап ішіп үйрену керек. Оның буын ауруларына, тұз жиналғанға пайдасы мол. Құрамында ферменттер көп болғандықтан бактерияларға қарсы әрекет етеді. Яғни суықтау мен қабынуда да шипалы», – дейді ғылыми деректер.

 

Бозаны кез келген жастағы адам іше берсе болады. Бірақ 3 жастан асқан балаларға таңертең және кешке 5 ас қа­сық­тан ғана ішкізу керек екен. Ал бүйрегі, асқазаны мен бауыры ауыратын адамдар күніне екі-үш рет ішкені жөн екен.

 

Боза – дәнді дақылдардан өнді­рілген уыттан жасалатын сусын. Дайындау технологиясы мен сақталу мерзіміне қарай жаңа әзірленген уытсыз түрі – «жуас боза», уыты күштірегі «жора боза»  деп  аталады. Ересектерге кейде жора боза ұнайды. Ал жас балаларға, жүкті әйелдер мен қарт адамдарға уытсыз түрі жағымды саналады. Перизат Тоқтарбай­қызы бидай мен тарыдан бозаның осы екі түрін де жасайды екен.

 

Дәнді дақылдарды өндіргенде оның уытындағы С, В витамині – 5 есе, В2 витамині – 13,5, В1 витамині – 1,5 есе көбейетіндігі ғылыми тұрғыда дәлелденген. Онда Е  витамині де көп. Ол ашыған кезде лактоз қышқылы пайда болады. Бұл қышқыл ас қорытуға көп сеп­тігін тигізеді. Боза емізулі әйелдерге сүттің молаюына көмектеседі екен. Адамға күш-қуат беріп, ағзадағы ауруға қарсы тұратын иммунитетті арттырады. Қартаюдың алдын алатын да қасиеті бар екені белгілі. Сондықтан оны суықтаудың сусыны, қартаюдың емі деп айтады. Бұдан басқа, варикоз, ангина, асқазан ауруына да ем екен. «Кейбір  ет алмайтын кісілер қоң жинау үшін де ішеді. Сарып ауруына да қарсы қолдануға болады. Қара суықта боза ішкен адам суыққа тоңбайды», – деген де дерек бар.

 

 

Кейінгі кездері боза жайлы «ол қыр­ғыздардың сусыны» деген сөз жиірек айтылып жүр. Бұл сауда нүктелерінде баклажкамен Қырғызстанда дайындалған боза сатылуына байланысты болар, бәлкім. Ал тарихқа үңілсек, бозаны тек қырғыздар ғана дайындамаған. Көне әдебиеттерде қазақтың көкпарға шығатын шабандоздарының боза ішетіні туралы деректер табылады. Ақтүтек боран күндері киіз үйде боза іше отырып ал­қалы жиын өткізген ақсақалдар туралы да жазбаларды жолықтыруға болады. Яғни бұл бұрыннан бар, емдік-шипалық қасиеті зерттелген, дәлелденген сусын екені анық.

 

Бозаның құрамында 4-6 пайыз спирт бар. Бірақ ол өзіне тәуелді етпейді, ағзаға залалы жоқ. «Үкіміне келер болсақ, көне фиқһ кітаптарында бидай, тары, жүгері сынды дәндерден жасалған ішімдіктер мен сусындар жа­йында да сөз етіледі. Үш имамның (Имам Ағзам, Имам Әбу Юсуф және Имам Мұхаммед) тұжырымдамаларын зерттей келе, қанша ішсе де адамды масайтпайтын бозаның адал екендігінде талас жоқ деген қорытындыға келуге болады. Ашу процесі кезінде өздігінен пайда болған аз мөлшердегі этил спирті сырт­тан әдейі қосылмаған­дықтан, әрі масайт­пайтындай аз бол­ғандықтан негізге алынбайды. Неге десеңіз, аз көлем­де өздігінен пайда бол­ған спирт ашыған айранда да, қымызда да, тіпті, ашыған нанда да бар», – деп жазады «Іslam.kz».

 

Яғни Перизат Тоқтарбайқызы әзірлеп жүрген боза денімізге де, дінімізге де қайшы келмейтін емдік сусын деуге болады.

 

Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ