Әлемде мақтан тұтар қазақтар көп

03.12.2019
Қаралды: 453

Бүгінде ел мен елдің қарым-қатынасы артқан, әлем халықтарының жақын араласып жатқан уақыты. Қазақ азаматтары да әлемнің әр түкпірінен жиірек бой көрсетіп жатыр. Бүгін біз солардың бірқатары жөнінде айта кетпекпіз.

 

Ол кісінің есімі – Өрлеухан Қиса

 

Қытайдағы осыдан бір жыл бұрын, 2018 жылдың күзінде пайдалануға берілген «Гонконг – Чжухай – Макао» көпірі 2019 жылғы байқау жеңімпаздары тізіміне ілікті. Ол құрылыс саласындағы инновация бойынша сыйлыққа ұсынылды.

 

Бұл көпірдің салынуына Қытайда тұратын этникалық қазақ азаматы Өрлеухан Қиса да (суретте) атсалысқан. Ол инже­нерлік-құрылыс саласының осы ғажап нысанының жобасын жасауға қатысқан.

 

Өрлеухан Қиса – қытайлар «Шыңжаң» деп атайтын Шығыс Түркістанның тумасы, ол осындағы Іле-қазақ облысының Алтай аймағында өмірге келген. Қытайдың Далянь технологиялық универси­тетінде, Жапонияның Шығыс-солтүстік университетінде оқыған. Жапонияда сәулет-құрылыс саласы бойынша докторлық диссертация қорғаған. Мәдени ескерт­кіштер мен ұлттық мұраларды қорғау технологиясының жаңа тәсілдерін тапқан мықты маман. Бүгінде Гуанчжоу универ­ситеті жер сілкінісіне қарсы төзімділікті зерттеу орталығының бас инженері. Ол сейсмикалық мәселелермен, конструкция­ларды зерттеу және жобалау ісімен айналысады.

 

Міне, жобалау жұмыстарына қазақ азаматы қатысқан осы көпір бүгінде әлемдегі теңіз үстінен салынған ең ұзын көпір дәрежесіне ие болып отыр. Көпірдің құрылыс жұмыстарына 20 миллиард долларға жуық қаржы жұмсалған. Оның ұзындығы – 55 шақырым, салмағы 400 мың тоннадан асады, жарамдылық мерзімі 120 жыл деп есептелген. Ол 8 балдық жер сілкінісіне шыдайды, тайфун сияқты қуатты теңіз дауылдарына да төтеп береді.

 

Бұл көпір биіктігі жөнінен де алда тұр. Оның биіктігі – 275 метр. Ондағы бір бағытта ғана жүретін көліктер жолы 6 жолақтан тұрады. Одан бөлек, су астынан 7 шақырымды алатын 4 тоннелі, 4 жасанды аралы бар. Құрылысы 2009 жылдың соңында басталған, 2017 жылғы мау­сым айында толық біткен, яғни жұмыстары 8 жылға жуық уақыт жүргізілген.

 

Көпір Оңтүстік-қытай теңізімен шекте­сетін үш аймақты – Гонконг арнайы әкімшілік ауданы мен Чжухай мегаполисін және Макао арнайы әкімшілік ауданын бір-бірімен жалғастырып тұр. Ал бұл аумақтарда қазір 10 миллионнан аса адам тұрады. Ол – тоғыз жолдың торабы, онда бірнеше теңіз айлақтары да бар. Одан бөлек, жүздеген ұсақ аралдар жатыр. «Гонконг – Чжухай – Макао» көпірі осылардың бәрін жалғастырып, адам және жүк тасымалына орасан зор пайдасын тигізіп тұр.

 

Осынау ғажайып көпірдің салынуына атсалысқан, оның жобасын жасауға қатыс­қан қазақ азаматы – Өрлеухан Қиса туралы біле жүргеніміз абзал.

 

«Сүт королі» атанған азамат

 

Таяуда Ресейдің «Настоящее время» сайтында осы елдің Челябі облысында тұратын Жамбыл Айтпаев есімді кәсіпкер қазақ азаматы туралы жарияланды. Ж.Айтпаевтың кооперативі тұрғындардан сүт сатып алып, оны зауытқа өткізумен айналысады, өздері де түрлі өнімдер шығарып сатады.

 

Жамбылдың жасы қазір 42-де,  ол үш баланың әкесі. Балаларының екеуі – студент. Ол өзінің кәсібін кенже ұлы жалғастырады деген үмітте. Ал бұл азаматтың өзін бүгінде жергілікті жұртшылық «Сүт королі» деп атайды екен.

 

Ж.Айтпаев аталған облыстың Қызыл ауданына қарасты Увальский деген ауылда өмірге келіпті. Ата-анасы мал шаруашылығымен айналысқанға ұқсайды. Өзі мектепті бітіргесін мал дәрігері мамандығына оқыпты. Кейін тері, ет және бас­қа да ауыл шаруашылығы өнімдерін жинаумен айналысқан. 25 жасында жеке дүкен ашыпты. Онымен шектелмей, шаруашылықта жұмыс істепті.

 

Ж.Айтпаев кейін сүт зауытына сүт өткізумен айналысқан. Алғашында өз шаруашылығындағы сиыр сүтін өткізсе, кейін сол төңіректегі шаруа қожалықтарымен  бірігіп жұмыс істеген. Өз ісіне адал, уәдесіне берік болғандықтан оған сүт өткізушілер қатары артқан. Сосын осыдан бірер жыл бұрын ол достарымен ұйымдасып, «Лидер» деген сүт өңдеумен айналысатын ауыл шаруашылығы кооперативін құрыпты. Олар төңіректегі ауылдардан сүт жинап, кәсіпорынға өткізеді.

 

Бұл кооператив 11 жылдан бері жұмыс істеп тұр. 600-дей үйден тәулігіне бірнеше мәрте сүт жинайды. Кезінде сүтті күніне 20 тоннадан асыра жинаған кездері де болған. Ал қазіргі күндері орташа алғанда, 8 тонна сүт жиналады екен. (Жазда бұдан екі есе көп жинауға болады). Жамбылдың кооперативі өңделген сүттен алын­ған сүт өнімдерін сатумен де айналысады.

 

...Бүгінде Ресейдің Челябі облысында 35 мыңнан аса жергілікті қазақтар тұрады. Мұндағы қазақтар қазір өңірдің ауыл шаруашылығында ғана емес, өмірдің әр саласында еңбек етіп жүр. Ал, жалпы, Ресейде қазақ ұлтының жүздеген мың өкілдері бар. Солардың ең көбі (150 мыңнан астам) – Астрахань облысының тұрғындары.

 

Әскери колоннаға қасқая қарсы тұрған

 

Астрахань демекші, таяуда астраханьдық Тасболат Ибрашев есімді азамат туралы жарияланды. Ол 2008 жылғы грузин-осетин қақтығысы кезінде осетин жеріне өтпек болған грузин әскери колоннасын  жалғыз өзі тоқтатқан екен.

 

Бұл азамат керемет ерлік көрсеттім деп жарияға жар салмапты. Оны Ресей  Мемлекеттік Думасының Алдар Дамдинов деген депутаты арнайы іздеп жүріп та­уып алған. Сосын бұл жөнінде ғаламторда жариялаған. Оған қазақ батырын та­уып алуға Семен Атанов деген еркін күрес жаттықтырушысы (бұл екеуі де бурят ұлтынан) көмектесіпті.

 

Ал Тасболат қатысқан оқиға былай болған екен: Сол кезде ол Шешенстанның Шали елді мекенінде тұрған атқыштар дивизиясының құрамында пулеметші болып қызмет етіп жүрген. Грузин әскерлерінің жинақталып жатқанын айтып, олардың ротасын Грузияның Гори қаласына таяу жерге апарады, сөйтіп блокпостқа орналастырады. Бірер күннен соң бір офицер қатарында Тасболат бар үш солдатты «Әскери грузин жолына» алып шығады. Осы жерде олар осетин жеріне беттеген грузин әскери колоннасына бетпе-бет келген. Бұларды басқарушы офицер грузиндермен келіссөзге беттейді де, екі солдат жол жиегіндегі қалқаға орналасады. Ал Тасболат жолдың қақ ортасында жалғыз қалыпты, офицер оған сол жерден қандай жағдайда да кетпеуді тапсырған. Қысқасы, грузин сарбаздары жолдан кетуін қанша бұйырса да Тасболат пулеметін кезенген күйі бір адым шегінбей тұра беріпті. Ақырында грузин колоннасы кері бұрылып, өз территориясына қарай кеткен.

 

...Ал Грузия мен оның құрамынан шықпаққа талпынған Оңтүстік Осетия арасындағы қақтығыстардың 1989 жылы басталғаны белгілі. Одан кейін де бірнеше қақтығыстар орын алған. 2008 жылы оны қорғауға Ресей әскер жіберген. Кейін Оңтүстік Осетия өзін тәуелсіз ел деп жариялаған, оны Ресей мен саусақпен санарлық бірер мемлекеттер ғана мойындаған еді.

 

Әлемде қанша қазақ бар?

 

Жалпы, біз бүгін шетелдерде тұрып жатқан бірер қандастарымыз жөніндегі деректермен ғана бөлісіп отырмыз. Өз еліміздегі кішкентай Ержан Мақсым мен Димаш Құдайберген сияқты өмірдің сан саласында көзге түсіп жүрген одан бас­қа да отандық, шетелдік қазақ ұлтының біртуар азаматтары туралы көп айтуға болады.

 

Біз әзірге осымен ғана шектеліп отырмыз. Әңгіме соңын әлемдегі қазақтардың жалпы саны қанша деген қызық сұрақ төңірегінде аяқтамақпыз.

 

Осыдан бес-алты жыл бұрын Түркия үкіметі қазақтардың әлемдегі жалпы саны туралы өзіндік зерттеу нәтижелерін жариялаған болатын. Сонда шетелдік қазақтардың көбі Өзбекстан мен Қытайда (2 миллион 500 мың және 2 миллион 250 мың) тұратыны жөнінде айтылған еді. Ресейде 1 миллион 310 мың қазақ бар деп көрсетілген. Түркіменстанда қазақ ұлтының – 125 мың, Монғолияда – 120 мың өкілі тұратыны айтылған.

 

Осы статистикалық деректе Қазақстанмен шекаралас бұдан басқа да елдерде, сондай-ақ Әзірбайжанда, Арменияда, Грузияда, Түркияда, Иранда, Ауғанстанда, бірқатар араб мемлекеттерінде, Еуропада, Балтық бойы елдерінде бірнеше жүздеген мың қазақтар тұратыны көрсетілген. Ұлы­британия мен Бельгияның әрқайсысында 2 мыңнан, Канадада – 5 мың, АҚШ-та – 10 мың, Оңтүстік Америкадағы Аргентина елінде – 700, тіпті өз алдына бөлек жатқан Австралия құрлығының өзінде 1 мың қазақтың тұрып жатқаны туралы айтылған. Сөйтіп әлемдегі қазақтардың жалпы саны 18 миллион адамды шамалайды делінген болатын. (Бұл кезде Қазақстандағы қазақтардың саны 11 миллион адамнан асқан еді).

 

Жоғарыдағы статистиканың 2010, 2012 және 2013 жылдардағы деректерді есепке ала отырып жасалғанын ескерсек, одан бергі оншақты жыл ішіндегі өсімді қосқанда әлемдегі қазақтар саны кемінде 20 миллион болған шығар деп ойлаймыз.

 

Бұл деген жақсы ғой! Осы 20 миллион адамы бар ұлт өкілдерінің арасынан мыңдаған мықты азаматтар шығып, аты әлемге танылып жатса, оған неге қуанбасқа?

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ