Дәрігердің қабылдауына кіру неге қиындап кетті?

03.12.2019
Қаралды: 313

Бүгінде дәрігерге қаралу да қиындап кетті. Дер кезінде қабылдауына кіре қою қол жетпес дүниеге айналып бара жатқандай.

 

Ақ халатты абзал жанның алдына кіріп, дертіңді айту үшін араға апталап уақыт салып күтуге міндеттісің. 

 

Жақында өзіміз тіркелген емханаға анамды апармақшы болдық. Біраз уақыт бұрын ота жасаған көзі қызара бастаған соң көз дәрігеріне көрсетейік деп шештік. Дәрігердің қашан және қай уақыт аралығында қабылдайтынын білу мақсатында емхананың тіркеу бөліміне хабарласқан едім. «Алдын ала жазыласыз», – деген соң қабылдауына жазылып, қай күні кіре алатынымызды сұрадым. Тұтқаның арғы жағындағы қыз желтоқсан айының ортасын айтып тұр. Ал оған дейін бірнеше апта бар. «Осы күнгі қабылдауына жазыла аласыздар, оған дейін бос емес», – деген кезде ары кеткенде бір-екі күнде кіріп қалармыз деген үмітім жа­йына қалды.

 

Әлгі қыз дәрігердің түске дейін «записьпен», түстен кейін «платный» қарайтынын да айтты. Ақылы қабылдауға аптаның кез келген күнінде кіруге мүмкіндік бар екен. Дәрігерге ертерек қаралуды қалағандықтан ақша төлейтін «нұсқасын» қабыл алып, мәселеміздің шешімін таптық.

 

Міне, ақша төлесең ғана дәрігерге дер кезінде кіресің. Ал қалған уақытта  қайтсең де кезекке қарайсың. Бізде ауырған адам тегін медициналық кеңес алу үшін апталап күтуге мәжбүр. Өз басым мұны науқастан­ған жанның жағдайына бейжай қарау деп ойлаймын. Сонда ақысын төлесең ғана алдыңда зыпылдап жүгіретіндерге қашанғы жағдай жасай береміз? Адамдар не үшін күн санап сарылып жүруі тиіс? Әлде бұл емхана бюджетін толықтыру үшін әдейі жасалып отырған әрекет пе? Неге бізде қалаған уақытыңда қалаған дәрігерге көрінуге мүмкіндік жоқ? «Дамыған елдердің қатарына қосыламыз» деп жаһанға жар салғанда даусымыз жер жарады, ал медицинамыздың түрі мынау...

 

Қай емханаға, қай дәрігерге көрінсең де осындай жағдайлар кездеспей тұрмайды. Тек емханалар ғана демей-ақ қояйықшы, елдегі басқа да мекемелерде сондай жайттар жетерлік. Араға күн емес, апта немесе ай салып қана қалаған кабинетке бас сұғу қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны жасырын болмай қалды. Онсыз да жүйкесі жұқарып, сандалудан шаршаған қарапа­йым жұртқа мұның ыңғайсыз, ұтымсыз екені айт­паса да түсінікті. Ал мұның бір себебі халыққа жылдам әрі сапалы қызмет көрсету жағынан ақсап жатқанымызда болса, екінші бір себебі елде көпшілікке ыңғайлы болатын жүйенің жоқтығында жатса керек. Осыған баса назар аударып, мәселенің оңтайлы шешімі табылатын күн қашан туар екен?!

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ