Қаптаған қазақ неге орысша сөйлеп жүр?

03.12.2019
Қаралды: 484

Алматы қайтадан орыстана бастапты. Бұдан оншақты жыл бұрын қазақылық қалыптаса бас­тағандай көрініп еді. Сол қарқын бірте-бірте сетінеп кетіпті.

 

Бір жылдан кейін келіп тұрғаным осы. Бүгін түсте келіп түсіп едік, бірден Ресейдің бір облыс орталығына кіріп кеткендей болдық. Көшеде кілең шүлдірлеп жүрген біреу. Әжесі мен немересі, шешесі мен баласы, қол ұстасқан қыз бен жігіт, топырлап бара жатқан мектеп оқушылары – бәрі де түгел қазақ жұртынан, бірақ сөздері орыс лексикасынан. Троллейбуста қазақ жүргізуші бар сөзін орысша боратып келе жатыр. Ал салондағылардың 80 пайызы – қазақ. Балабақшадан келе жатқан қазақ бүлдіршіні әжесі соққан телефонға бар даусымен орысша жауап қайтарып мәз болып отыр.

 

Осыған қарап тұрып, базбір өзге ұлт өкілдері айтып жүргендей, қазаққа туелсіздіктің шынында да керек болмағаны ма деп ойлайсың. Расында өзге елдің тілінде сөйлеп жүре беретін болсаң, саған тәуелсіз ұлттық мем­лекеттің не керегі бар еді? Одан да бодан болып жүре бермедің бе? Шынымен біздің қазақ тәуелсіздікке ла­йықсыз болғаны ма?

 

Еліміздің астанасы мен Алматы тәуелсіздіктің қадірін жете сезініп жүрген жоқ. Оны жете сезініп жүрген – көше мен қоғамдық орындардағы сөздерінің 99,99 пайызы қазақша естілетін біздің Қызылорда ғана шығар. Онда тәуелсіздікке шын қуанған Сыр елі ғана болды ғой, сірә. Бұл жағынан онымен жарысқа түсе алатын қандай облыс орталығы бар?

 

Күйінсең де, ашулансаң да – бүгінгі күннің бір шындығы осы. Құлдық психологиядан арылып бітпеген болсаң, саған егемендіктің не керегі бар еді, қазақ?!

 

Серік ПІРНАЗАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ