Айша апа бақилық болды

02.12.2019
Қаралды: 66

Өмірінің ұзақ жылдарын театрға арнаған әйгілі актриса, ардақты Айша апа – Айша Абдуллина дүние салды. Ол кісі 103 жаста еді.

 

Қазақстанның халық әртісі Айша Абдуллинаның есімі елімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де таныс. Ол 1916 жылы Алматы қаласында өмірге келген. Қазақ мемлекеттік драма театрының жанындағы екі жылдық актерлік курсты бітіргесін М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында еңбек еткен. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің күндеріне қатысқан, сондағы көрсеткен өнері, сіңірген еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.

 

Ол кісі кейін Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы драма те­а­трына ауысып, онда 65 жыл бойы еңбек етті. Еңлік, Қыз Жібек, Дездемона сияқты  қазақ драматургиясы мен шетел классикасындағы 100-ден астам әйел образдарын шебер сомдаған. Ерен еңбегі үшін «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен, Мемлекеттік сыйлықпен марапатталған, «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын иеленген. Ол кісінің  ғасыр жасаған 100 жасқа толған мерейтойы астанада, Алматы мен Шымкентте аталып өткен еді.

 

Міне, осындай ардақты адам өмірден өтті. Ол кісінің есімі ел есінде ұзақ сақталары сөзсіз.

 

Бақұл болыңыз, жаныңыз жәннатта болсын, Айша апа!

 

«Замана».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ