Бетпақдаладағы «Таңбалы тас» тұғырға орнатылды

29.11.2019
Қаралды: 38

Таяуда Бетпақдала ішіндегі әйгілі «Таңбалы тас» аумағына тұғыр орнатылып, оған «Таңбалы тастың» ауқымды бөлігі қойылды.

 

Бұл игі істі   «ҚазақАтомӨнеркәсіп» Ұлттық акционерлік қоғамына қарасты «Мыңқұдық» кенішіндегі «Аппақ» жапон-қазақ жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігінің ұжымы атқарды. Сөйтіп аспан астындағы алғашқы мұражайдың іргетасын құю басталды.

 

«Таңбалы тас» тарихи орнындағы бұл іс-шараға кен орны көптеген қонақтарды шақырыпты. Олардың ішінде ел басқарған азаматтар, аудан ардагерлері, жастар, кеніш жұмысшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жас тарихшылар, мәдениет және өнер қызметкерлері болды.

 

...Осы орайда «Таңбалы тасқа» барып зиярат етуді ниет етіп жүрген жандар оны қиналмай тауып алуына септігі тисін деген ниетпен қысқаша жолжазба ұсынып отырмыз.

 

Біз сол күні «Шолаққорған – Қарағұр – Қаратау» бағытымен үш көлікпен жол­ға шықтық. «Буденновскіден» «Қаратау» кенішіне дейін 207 шақырым жол жүрдік. Одан 211-ші шақырымда Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарай кететін жол айырығына жеттік. «Южный Инкай» кенішіне жеткенде жол межесі 266-ны көрсетті. Жол тақтайдай тегіс. Таң атып, айнала жарық бола бастағанда, 271-ші шақырымда сол жағымызда «Инкай» біріккен кәсіпорны көрінді. Ал Тай­қоңырға қақпадан енгенде 273-шақырымды бастық.

 

Тайқоңыр кентінде сәл аялдап, күтіп алушы топпен кездескесін келген ізімізбен қайта кері бұрылып, «Инкай» біріккен кәсіпорнына баратын жолмен «ПВ-19» кенішіне қарай бұрылғанда жол көрсеткіш 277-і көрсетті. Содан сырғып отырып «Аппақ» ЖШС-не қарасты «Мың­құдық» кенішіне 330-шы шақырымда жеттік. Кеніште аудан және кәсіпорын басшылары жиналып тұр екен. Бас-аяғымыз жиналып, сәл аялдаған соң кеніштің жол талғамайтын шетелдік кө­ліктеріне жайғасып, даланы бетке алдық.

 

Аппақтан Қыземшекке қарай жүретін күре жолдың 5-ші шақырымынан кейін жол сол жаққа бұрылып,  солтүстік-батысты қиялай, шаңды, жусан мен жүзгені ұйысқан қара жолға түстік. Сол жолмен 45 шақырым жүріп, барлығы 390-шақырымға жуық жолды басып өттік. Сөйтіп «Таңбалы тасқа» жетіп тірелдік.

 

...Қазақтың ұлы шежірешісі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Бетпақ шөлінде Нұра деген жер бар еді. Сонда тасқа басылған таңбалар бар.Үш жүздің баласы арасында қазақтың таңбаларына қатысты талас болса, сол тастан барып қарасады. Алаша ханның жарлығымен басылған таңба деседі», – деген екен.  

 

Көрнекті ғалым Әлкей Марғұланның жазба шежірелерінде «Қазақ сахарасындағы мәдениеттің бір жарық түрі – тарихи дәуірлерде осы араны қоныстап келген тайпалардың тас бетіне жазып қалдырған белгілері» деген сөйлем бар. Ол кісінің айтуынша, таңбалы тасты алғаш зерттеген ғалым А.Шренк: «Таңбалы тастың» зор атаққа ие болуының себебі – бұл жерді қазақтар ұлы жиын жасап, ұран шақырып, бір ел болып қосылған жері дейді. Сондықтан бұл тасты көп ғалымдар «тарихтың зор куәлігі» деп атаған» депті.

 

1970 жылдары жазушы Ілияс Есенберлин осы «Таңбалы тасқа» оның тарихын, табиғатын, өсімдіктері мен жа­нуарлар дүниесін, жер қыртысын, ойы мен қырын зерттеп, зерделеу үшін бір­неше мәрте келген екен. Осы зерт­теулерінің «Көшпенділер» трилогиясының «Алмас қылыш» атты бөлімін жазуына септігі тиген.

 

«Таңбалы тасқа» назар аударғандардың ішінде ғалымдар академик Қаныш Сәтпаевтың атына ерекше назар аударады. «Жезқазған ауданының көне ес­керткіштері» деген 1941 жылы жазған мақаласында Қ.Сәтпаев аңыздарға сүйеніп, «қазақтың қазақ болған, ту тіккен жері – «Таңбалы тас» өңірі» деп атап көрсетеді. Белгілі ғалым Ж.Артықбаев болса: «Қазіргі күнге дейін шежіре білетін ақсақалдар таңбалы тасты Қаныш Сәтпаев жазған мазмұнда айтып келеді. Олардың айтуына қарағанда, Алтын Орда ыдырап, оның құрамындағы елдер сергелдеңде жүргенде Алты алаш тобына кіретін елдер осы «Таңбалы Нұрада» бас қосып, өздерінің жеке мемлекет болатынын жария еткен. Қазақтың «Таңбалы тасты» түп-тамырдағы Алаша хан атымен байланыстыруы да осы себепті деп ойлаймыз», – дейді.

 

...Нұра даласындағы «Таңбалы тас» аспан асты мұражайының ашылуында аудан әкімі С.Полатов, «Аппақ» ЖШС директоры А.Авдеев, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК басқарма басшысы Ғ.Оспанов жылы лебіздерін білдірсе, әнші-термеші Елдос Жүсіпов өз арнауын орындады.

 

Түсте «Мыңқұдық» кенішінде дастархан жайылып, ас берілді. Киіз үй тігілген, қымыз-қымыраны сапырылған ашық алаң­қайда кеніш жұмысшыларымен бас қосу шарасы өтті. Мұнда ауданның бұрын­ғы әкімі С.Әбдіқұлов, аудандық мәслихат хатшысы Б.Байғараев және басқ­алар жиылған көпшілікті айтулы шарамен құттықтап, жылы лебіздерін біл­дірді. Олар «Таңбалы тас» төңірегінде жасалып жатқан істерге оң бағасын беріп, кеніш басшылары мен осы істі тиянақты атқарған кеніш жұмысшыларына алғыстарын біл­дірді.

 

...Жалпы, бұл таңбалы тас бірнеше мәрте тұғырланған. Көзден таса етіп, жоғалтып алған да кездер болған. Кейін таңбалы тастың бір бөлігін алып кеткен азамат түрлі жағдайларға ұшырап, ақырында ауыл қарияларының ақыл-кеңесімен тасты қайта өз орнына әкеліп, астын ақ кірпіштен өріп тұғыр жасап орнатқан екен. Осы жаңа жайға орналастырарда әлгі ескі тұғырдан шыны ыдыс шығыпты. Оның ішінде бүктелген қағазға: «Біз тасты қайтып орнына әкеліп қойдық» деп жазып, он екі адам қол қойып қалдырыпты.

 

...Не десек те «Таңбалы тас» өңірі мен оның тарихын зерделеуге Қаныш Сәтпаевтан кейін ат ізін салған адам некен-саяқ. Енді, міне, түрен  салынды. Еш­кімге, ешқайда жалтақтамай, бабалар тарихы мен ұрпаққа қалдырған мұрасын зерттеуге мүмкіндік молынан жетеді. Ол зерттеу тәуелсіз елдің білікті, білімді жас ғалымдарына міндеттелер жауапкершілік жүгі болмақ.

 

Ал «Аппақ» өңіріндегі «Таңбалы тас­қа» қатысты ұйымдастырылған игі іс-шара тартымды әрі жаңа сипатта өтті.

 

Мақсат ҚАРҒАБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ