Ассенизатордың жұмысы да аса маңызды

29.11.2019
Қаралды: 90

Таяуда Ордабасы ауданындағы бір кісінің үйінде қонақта болған едік. Сонда дәрет алу үшін әжетханаға кіргенбіз.

 

Онысы толыңқырап қалған, иісі де біраз жерге жайылып тұр екен, үй иесі содан ыңғайсызданып: «Селитра таппай жүрмін. Бір қабын тастасаң, ішіндегінің бәрін жерге сіңіріп жібереді екен...» – деп қалды.

 

Үй иесінің бұл айтқанының қаншалықты қисынды екенін, яғни әжетханаға селитра тастаса, оның қаншалықты «тазаланып» қалатынын білмедік, білетініміз – мұндай жағдайда ассенизатор жәрдеміне жүгінуге болады. (Ассенизаторды қала жұртшылығы жалпақ тілде «гавновоз» деп атайды). Біз оған осыны айттық. Ол үйіне ассенизатор шақыртатын болды.

 

Осы орайда қажет еткендерге бір пайдасы тие жатар деген ниетпен қалада арнайы көлікпен әжетхана, «септик» тазартатын қызмет көрсететін бір азаматтың телефон нөмірін жариялауды ұйғардық. Қазір күн салқын, ауа райы да қарасып тұр, сондықтан мұндай орындарды осы кезде тазартып алуға болады.

 

Шымкенттік Бақыт Садықов есімді азамат мұндай жұмыспен 30 жылдан бері айналысады. Ол арнайы насоспен жабдықталған «ГАЗ-53» көлігімен әжетхана, «септиктерді» тазартып бе­реді.

 

«Жұрт мұндай жұмысқа негізінен жазда тапсырыс беріп жатады, – дейді Бәкең. – Ал жалпы алғанда, жұмыс жаз-қыс демей жүре береді. Қызмет ақысы – келісімді. Мысалы, қала ішіндегі, тым алыс емес аумақтағы үйлердікін 4-5 мың теңгеге тазартып беруге болады. Ал шет жақтарда болса, ақы екі есеге артады. Бағасына келісіп, Шымкентке жақын ауылдарға да бара аламын».

 

Бәкең көлік насосын іске қоспас бұрын әжетхана ішін «баклашка», шүберек, тас сияқты бөгде заттардан тазартып алатынын айтады. Яғни шұңқырға осындай заттарды да ойланбай тастай беретіндер баршылық екен. Ал  көліктің сорып алғандары қала сыртындағы жұрт «Сасықкөл» деп атап жүрген арнайы орынға апарып төгіледі.

 

...Миллион тұрғыны бар қаладағы адамдардың күнделікті ішіп-жемінен тәулігіне бірнеше ондаған тонна «қалдық» шығары сөзсіз. Қалада олар кәріз жүйесі арқылы арнайы орынға жеткізіледі. Ал жеке үйлерден шығатын қалдықтарды ол жерге ассенизатормен апарып төгеді. Осы орайда мұндай қызмет көрсететін адамдарды қала тазалығына мол еңбек сіңіріп жүрген жандар десек болғандай. Ал жоғарыда аты атал­ған Бәкеңнің айтуынша, Шымкентте мұндай қызмет түрін көрсететіндер баршылық сияқты.

 

«Шымкентте ассенизаторлар аз емес. «КамАЗ» көлігімен қызмет көрсететіндер де бар. Ондай ауыр жүк көлігін шұңқыры тереңдер шақыртады. Бірақ олар қазіргі ауласына бетон құйылып, плита төселген үйлерге бара алмайды. Ол үшін ұзын шланга керек. Әйтпесе, шұңқырға жақын бару үшін плита үстімен жүрер болса, оны бүлдіреді. Сондықтан жұрт көбіне шағын көлік­терді шақыртады», – дейді ол.

 

...Қысқасы, егер аулаңыздағы әжетхана немесе «септикті» тазартып алу керек болса, онда ауа райының осындай қолайлы кезін пайдаланып қалғайсыз. Ал Б.Садықовпен оның 8-776-259-10-86, 8-702-423-26-13 нөмірлі телефондары арқылы байланысуға болады.

 

Б. РЫСҚҰЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ