Кейбіреу ақынмын деп айқайлайды...

28.11.2019
Қаралды: 44

Бүгінде әлеуметтік желі талайларды жалпақ жұртқа таныс­тырып жатыр. Адамның ойына кіріп-шықпайтын бір әрекеті­мен-ақ «жұлдыз» боп кетушілер аз емес. Ондайларды өмірдің қай саласынан болса да көріп жүрміз.

 

Әйтеуір атын шығару үшін көзге түсуге құмарларды айт­пай-ақ қояйық, «сөз патшасы» атанған өлеңді де біреулер бүгінде еншілеп алып, ақын деген атты қисыны келсін-келмесін иемденіп жүр. Сондайлардың бірі қазір елге танымал болды. Өзі өлеңді жап-жақсы жазады. Бірақ ұйқас қуып сөз құрағанның бәрін бірдей ақын деп айтуға болмайтын шығар. Ақын деген атты  адамның анық сондай екеніне көз жеткізген көпшілік, халық беретін болар. Ал әлгі жігіт болса, өзін ақынмын дейтіні өз алдына, енді «ұлы ақынмын», «Абайдан асқан ақынмын» дейтін болды.

 

Бұл не сонда? Қазақта айтылатын «арқасы бар» адамның желігуі ме, әлде әйтеуір атын шығарудың бір әрекеті ме? Әлде мұның бізге беймәлім бір сыры бар ма? Қандай мықты болса да алдыңғы толқын ақындардың арасынан «мен Абайдан асып кеттім» дегенін көрген емеспіз.

 

Осы біздің жастардың бойынан ұялу, арлану, имену, әдеп, парасат-пайым дегендер қалып барады-ау өзі. Ал бұл қоғамға қаншалықты пайдалы? Қаншалықты зиянды? Әлде әркім ойына келгенін істеп жүре берсе қоғам жедел дамиды ма екен? Мұндайды көре-көре миымыз айналып, жақсы деген немене, жаман деген немене екенін ажыратудан да қалып бара жатқан жоқпыз ба осы?

 

 Б. РЫСҚҰЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ