Шетелдіктерді заңсыз өткізгендер қатаң жазалануы тиіс

28.11.2019
Қаралды: 66

Қызылорда облысындағы кей кәсіпорындарда жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген ондаған қытайлық жұмысшылардың ұсталғаны туралы естідім. Олар біздің елге заңсыз өткен екен.

 

Осынша адам өзге елдің территориясына қалай заңсыз өтеді? Арнайы қызмет өкілдері оны да анықтапты. Яғни олардың аман-есен өтіп, жұмыс­қа тұруын қытайлық екі азамат ұйымдастырған екен. Ал оларды тексеріп, қадағалап жүруі тиіс адамдар сонда қайда қарап отырған? Айға қарап отырған ба? Бұл жерде қандай да бір шикілік бар-ау. Әрине, оны тиісті орындар анықтай жатар.

 

Тағы да бір ойландырғаны – Атырау облысындағы шетелдік заңсыз жұмыс күшін Қазақстанға тартуды ұйымдастырған топтың әрекеті. Олардың біразы бүгінде ұсталып, бірнешеуіне іздеу салынған екен.

 

Бір адамдар тиісті мекемелердегі таныс-тамырларын пайдаланып, еліміз­дің бірқатар қалаларынан 50-ге тарта жалған кәсіпорындар ашып, оған шетел­дік жүздеген жұмысшыларды тартумен айналысыпты. Бұл бағыттағы әрекетте­рін екі-үш жыл бойы жүргізген, 1 миллион 300 мың доллардан аса пайда тапқан.

 

Міне, осындайларды анықтап, ісіне тосқауыл қойған арнайы қызмет мамандарына қалай риза болмассың? Отанға осылай қызмет ету керек!

 

Ал елдің қауіпсіздігінен гөрі өзінің құлқынын көбірек ойлайтындарды ая­мау керек. Оларды қатаң жазаға тарт­қан дұрыс. Өйткені Қазақстанның жері кең-байтақ болғанымен халқы аз ғой. Сондықтан ел болашағына қауіп төнді­ре­тін осындай келеңсіздік атаулының бәрін аяусыз жойып отырған жөн дер едім.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ