Тіршілік түйткілдері

27.11.2019
Қаралды: 104

Ел арасында бұрыннан қолданыста жүрген, көп адам тереңдеп мән бере бермейтін кей ұғымдар бар. Сондай жайлар жөнінде ой бөліссем деп едім.

 

Марқұмның құпиясын бақилық болған соң ашқан дұрыс па?

 

Бір азаматты ақтық сапарына шығарып салуға көппен бірге қорымға барғанмын. Басына қойған құлпытасқа көзім түсіп кеткенде онда жерленгендердің кейбірін танып, кейбірін танымай, «жатқан жерлерің жайлы болсынды» іштей қайталап аралай өтіп келе жатқанда таныс есімді оқыдым. Бірақ қанша қарасам да әкесінің аты-жөні мүлдем басқа.

 

Менің таңқалғанымды сезген туысым: «Пәмилесіне қарап танымай жатырсың ғой, әйтпесе сол сен ойлаған Құлынбайдың нақ өзі», – деді ақырын ғана. «Әкесінің емес, атасының есімін жазған ба құлпытасқа? Неге өйткен?» – деп сұрадым. «Жоқ, шын әкесі осы. Мұны бала кезінде нағашысына берген ғой. Соғыстан оралмаған Құнанбайдың келіншегі жалғыз қызы мен енесіне қарайлап, ерге шықпаған. Кейін қызын тұрмысқа ұзат­қан екі мұңлық қалады қара шаңырақта. Әкесінің отын өшірмей отырған анасы мен әжесінің қойындарына тұңғыш ұлдарын әкеліп салады жалғыз қыз бен күйеу баласы. Енесі баласының атына ұйқастырып атын Құлынбай қойған. Мұның дүниеден өткенше пәмиләсі Құнанбаев екенін өзің де білесің. Жаназа кезінде имам шын әкесін айтқызып, құлпытасқа да солай жазылды. Содан танымай тұрсың ғой», – деді.

 

Арғы жағы түсінікті. «Шариғат бойынша жаназада туған әкесінің аты айтылып, қабірстанға солай жайғастырылуы тиіс. Сонда оқыған құраның о дүниеде марқұмға тура барады. Әйтпесе бармайды», – дейді шариғатшылар. Мен шариғаттың осы бір үкіміне іштей: «Ойпы­рай-ә» дейтінмін. Себебі біреу баланы асырап алады, енді бір байғұс қыз ойда-жоқта балалы болып қалады дегендей, балалы болудың жазмыштан озмышы жоқ неше түрлі жолдары бар ғой. Оның бірқатары жаназасы шығарылып жатқан пенденің сай-сүйегін сырқыратар, соңында қалған ұрпағының сүйегіне таңба болар жағдайлармен байланысып жатуы мүмкін. Сондықтан мұндай екіұшты әрі адам тағдырының көмескі, құпия тұстарымен қабысып жататын оқиғаларды білмейтіндерге білдіріп жіберудің мақсаты не? Бала асырап алғанын өле-өлгенше жасырып өтетін, соны басқаларға сездірмеу үшін қиырдың қиырына қоныс аударып кеткендердің де оқиғаларын естіп жатамыз.

 

Руын, жеті атасын түгелдеу дәстүрі қазақтан басқа қандай ұлтта бар екенін білмеймін. Шариғаттың осы өлген жанның туған әкесін іздететін үкімі басқа ұлттарға жүрсе жүретін шығар, ал жеті атасын түгелдеп, шыққан жеріне дейін әйгіленіп отыратын біздің қазақ үшін дәл осы жаназа кезінде шын әкесі кім еді деп сұрап қазбалаудың керегі жоқ-ау. Алла-тағала өзі жаратқан пендесінің тағдыр-талайынан біз бен сізден де жетік хабардар. Біліп-білмей істеген күнәларымызды кеш деп Аллаға жалынып жататын пенденің өлгеннен соңғы құпия­сын аштың не, ашпадың не? Өйткені екі иығыңда отырған екі періштенің бар қыр-сырыңды жазып алатын кітабынан-ақ кімнің кімдікі екендігі Жаратушыға аян болмыс қой. Сондықтан өлінің сүйегін сырқыратардай, тірінің жүзін төмен қаратардай, «е, біздің туысқан деп жүрсек, мүлдем басқа атадан, басқа рудан екен ғой» деген сыпсың сөзге ұшыратпай-ақ, шыңыраудағы шындығын іздемей, бүгінгі шындығын ғана айтып, ақтық сапарына шығарып салсақ қайтеді әруақтарды? Өліге де, тіріге де осы жөн болар. Ал басқа ұлттарға қолайлы болғанымен, біздің ұлтқа қолайсыздық әкелетін шариғаттың кейбір ережелеріне салт-дәстүрімізбен орайластырыл­ған түсінікті ұғыммен қарайық дегіміз келеді.

 

Жұрт неге о дүниені көп айтатын болды?

 

Алла-тағала кімнің қанша жас жасайтынына, қалай өмір сүретініне дейін пешенеге жазып қояды деседі. Егер бәрі алдын-ала кесіп-пішіліп қойса, ол өмірді сүрудің несі қызық деген тағы бір сауал көлденеңдейді алдымыздан. Мысалы, кейбіреу тағдырында тап болған қиыншылықтармен күресудің орнына пешенеме жазылғаны осы (ұры-қарылық, қылмыскерлік, тас кедейлік, мас­күнемдік, тағы басқа), сондықтан пешенемдегіден арыға бара алмаймын дегендей бейшара көзқараспен итшілеп өмір сүре берсе, осы әділеттілік пе? Біздіңше, пешенеге қанша өмір сүретіні жазылса, жазылатын шығар, бірақ қалай өмір сүретінінің бәрі тәптіштеп жазылмайды-ау. Ол жағын дұрыс-бұрыс әрекеттерімен адамның өзі жасайды. Әлгі пенденің күнәға бату мен күнәсінен тазалануының бәрі адамның өз қолындағы нәрсе ғой дейміз. Егер бәрін Жаратушы жазып қойса, ол күнәнің жазығын пендеңіз қалай тартпақ? Өйткені кейбір діндарлардың насихаттауынша, оның пешенесіне бәрі алдын-ала, анасының құрсағында солай жазылып қойған ғой.

 

Егер бәріне мақұл дей бермей, тереңірек пайымдасаңыз, шариғатта осындай парастаттылықпен ұғындыратын бұрылыстар жоқ емес.

 

Осыдан отыз жыл шамасы бұрын мұғалімдер, оқытушылар «Құдай бар ма?», «О дүние бар ма?» деп сұрайтын, өздері екеуін де «жоқ» деп алып, оның солай екенін дәлелдеуге кірісетін. Қорытындысында: «О дүние туралы айтылғаннның бәрі өтірік, оның бәрін діншілдер ойлап тапқан. Өлген адам тірілмейді», – деген тұжырым жасайтын. Біз де осыған иланатынбыз. Өйткені өлген жанның тірілгенін біз де көргеніміз жоқ, бізден бұрынғылар да көрдік демеген. Жас буын сол үйрету бойынша о дүние жоқ деген ұғыммен шыңдалып, тек бұл дүниені ғана ойлап, о дүние туралы ешқандай қам жемей өстік. Ал қазір жас та, жасамыс та бұл дүниені емес, о дүниені көп айтатын, о дүние туралы қам жей айтатын болды. Бұл дүниенің, яғни жалған дүниенің қандай болатындығын көріп, біліп отыр. Енді о дүниенің бар екенін, тәнің жер астында қалғанымен, кеудеден ұшқан шыбын жаның күнәсі мен күнәсіздігі таразыланып, тозақ пен жәннаттың бірінде тіршілік ететінін ұғындырған соң о жақтағы күнім не болады деген уайыммен өмір сүретін жағдайға жеттік. Ал пенде үшін уайым деген – жаныңды жейтін ішкі түйткіл. Егер жасыңнан о дүние туралы ойлап, соны уайымдап өссең, бұл дүниенің не қызығы қалмақ? Жалған дүние дейміз-дағы, жанымыз қинал­ғанда осы жалған дүниені қимай жылаймыз. Неге? Демек, жалған болмағаны ғой...

 

Біздің тілге тиек етіп отырған ой-сорабымыздың түйіні – Алланың жаратуымен адамзат баласы тіршілік етіп жатқан мына жарық әлемді «жалған дүние», «күнәсі көп дүние» деп қорқынышқа айналдыра бермеген дұрыс болар. Тіршілік үшін біліп немесе аңғармай жасаған әрекетіміздің бәрін күнәға баттың деп сөкеттей бермей, адамгершілікпен өмір сүруді насихаттау пайдалы шығар. Ал «бұл дүние жалған, о дүние рахат, егер күнәға батсаң, барар жерің тозақ» дегендей үркітулердің соңы жап-жас өрендердің тіршіліктен беймезгіл баз кешуіне ықпалы тиіп жатқан жоқ па деп те ой кешеміз. Жазушы Шерхан Мұртазаның өкінетініндей «Бір кем дүние» дейтіннің бір түрі осы ма әлде, кім білсін-ай?!

 

Бағдат ҚАЛАУБАЙ.

Шаян ауылы. Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ