Баласын тастап, үйден безетін әйелдер неге көбейіп кетті?

27.11.2019
Қаралды: 77

Неге екені белгісіз, бүгінде шиеттей бала-шағасының барына қарамастан басы ауған жаққа безіп кетіп жатқан әйелдер күн өткен сайын көбеюде. Оған елімізде орын алған бірқатар оқиғалар  дәлел бола алады. 

 

Алматы қаласының тұрғыны Есбол Отарбаевтың он жылдан астам уақыт отасқан әйелі 6 баласын тастап кеткен. Биылғы жылдың қаңтар айында үйден шығып кеткен оның қайда жүргені белгісіз. Осымен үшінші рет кетіп отырған әйелдің бұлай етуінің себебін жолдасы да түсіне алар емес. Аула сыпырушы болып істейтін күйеуі жұмысқа барарда балаларды сыртынан қамап кетеді екен. 

 

Алматы облысы, Панфилов ауданының тұрғыны Рашида Илахунованың келіні  екі бала туғаннан кейін үйден кетіп қалған. Содан бері жеті жыл уақыт өткен. Осы уақыт аралығында әйел ұрлық жасағаны үшін темір торға қамалып та үлгерген. Енді Рашида апа түрмеге отырып келген әйелге немерелерін бергісі келмейді.

 

Жамбыл облысы, Жуалы ауданында 37 жастағы әйел күйеуіне: «Балаларға ие бол. Мен үйге оралмаймын» деген хат тастап кеткен. Алты баланың анасы Алмагүл балаларынан бас тартқан.

 

Ішкілікке салынған Қапиза Шумаева да перзенттерін өз қолымен өзгегеге тапсырған болатын. Әуелде ол ұл-қыздарын мемлекеттің қарауында қалдырғысы келген. Алайда бүлдіршіндерді балалар үйі де қабылдамай қойған.

 

Бұл – біз білетін оқиғалардың бірен-сараны ғана. Білмейтіндеріміз қаншама?

 

Өкінішті, бірақ ананың перзентінен бұлай бас тартуы қоғамның індетіне айналып бара жатқандай. Олардың нақты нені мақсат тұтқаны белгісіз. Бұларды мысалға келтіре отырып әлгі аналарды бас салып кінәлаудан аулақпыз. Десе де, астарына үңілер болсақ, балалы әйелдердің үйден безіп кетуінің бір ұшы жетіспеушілікте, жоқшылықта жатқан секілді. Егер де мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға ойдағыдай жағдай жасалған болса, мұндай жайттардың алдын-алуға болар ма еді деген де ой келеді.

 

Ел боламын десек, балаларды тірі жетімге айналдырмайықшы!

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ