Кейуана қайыр сұрап жүр

26.11.2019
Қаралды: 152

Бүгінде мешіт, базар маңын жайлаған қайыршылардың арасынан бала құшақтаған келіншек, жасамыс әйел, қарияларды да кезіктіруге болады. Оларды көргенде жүрегің еріксіз шым ете қалады. 

 

Кешегі аптада қаладағы мешіт маңынан өткен едім. Мешіт алдындағы өте жұпыны киінген апаны көзім шалды. Әрі-бері өткен жұрт тиын-тебен тастасын деген мақсатта целлофан қалтаның аузын ашып, алдына қойыпты. Күн суық. Соған қарамас­тан жұқа пальтомен  бордюрдің үстінде отырған әлгі кісіге мен де жақындадым. Оған ұсақ ақша ұсынып, өзін сөзге тартуға тырыстым.

 

Айтуынша, ол кісі бұл мешіт маңына күндізгі уақытта келіп, үш-төрт сағат отырып кетеді екен. Тапқан нәпақасының күнделікті нанпұлға жарап тұрғанын айтады.

 

«Жасым – 69-да. Төрт қыз, бір ұлым бар. Үлкен қызым жолдасымен айырылысып кетті. Қалған қыздарымның да күйеу­лері оңып тұрған жоқ, жарытып жұмыс істемейді. Кенже ұлыммен бірге тұрамын. Ол әзірге үйленген жоқ. Осыдан біраз уақыт бұрын несие алғанбыз. Үйіміз банкте «залогта» тұр. Небәрі 60 мың теңге зейнет­ақым ешнәрсеге жетер емес. Онымен сол несиені, коммуналдық қызмет ақысын  төлейміз. Бұл жерден тапқаным ас-суымыздан артылмайды. Қазір барлығы қымбат. Киімді мүлде сатып алмаймыз. Құдайына қараған адамдар киілген киімдерін осында әкеліп беріп жатады. Міне, осындайларды місе тұтамыз», – деп үстіндегі ескірген көйлегін көрсетті.  «Ұл-қыздарыңыз сіздің осылай отырғаныңызға қалай қарайды? Қарсылық танытпай ма?» – деген сауалыма ол кісі: «Е, қарағым, олардың өздері де күндерін әрең көріп жүрген жандар ғой...» – деп күрсіне жауап берді. Соған қарағанда, олар да аналарының көше кезіп, болмашы тиын-тебен тауып жүргеніне қарсы болмаса керек. Себебі қарияның осылай күнелтіп жүргеніне үш жылдың жүзі болыпты.

 

«Суық күнде жерде отырсыз. Бұлай жүре берсеңіз, ауырып қалуыңыз мүмкін ғой», – дедім жаным ашып. «Жаз күндерінде бұл араға келмеймін. Ыстық ауа райы  көзіме жайсыз тиеді. Ал басқа уақытта күз-қыс демеймін. Қарда да, жаңбырда да осындамын.  Қайтейін енді, басқа амалым жоқ қой», – дейді ол кісі.

 

Күн батуға таяп қалған уақыт болатын. Ападан қаланың қай жағында тұратынын сұрадым. Ол кісі орталық аумақта тұратынын айтты. «Сәл отырсам, болды. Қазір келген автобуспен үйге қайтамын ғой», – деді кейуана.

 

Апаның әңгімеге құлқы жоқ. «Алла жолыңды ашсын! Аман бол!» – деп өткен-кеткендерге қарап, алақан жайған жасы ұлғайған жанның мұнда жетіскеннен отырмағаны белгілі. Ол кісінің қартайғанда қасында сүйеу болар қосағы да жоқ көрінеді. Бірақ оның себебін өзі ашып айта қоймады. Осындайда ұл-қыздарының демеу бола алмағаны ойлантады. Аналарына қайыр сұратып,  қарызын жауып беруге жарамаған перзенттерден не үміт, не қайыр?

 

Жалпы, мұндай мәселенің түп-төркіні жетіспеушілікте жатқаны жұртқа аян. Ал бұған кімді кінәлаймыз, ата-анасын алақан­ға салып, аялай білмейтін ұл мен қызды ма, әлде қазыналы қарияларымыздың қарт­тығын жеткілікті зейнетақымен қамтамасыз ете алмай отырған қоғамды ма?

 

Қ. ІЛИЯС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ