Жастарға пәтер беру басталады

26.11.2019
Қаралды: 101

Елімізде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан жұмысшы жастарға арнап жалгерлік (арендалық) пәтерлер беруге қатысты арнайы бағдарлама қабылданғаны белгілі. Кейін ол еліміздің басқа өңірлерінде де қолға алынатын болады.

 

Аталған бағдарламаға орай Шымкентте дүйсенбі, 25-қарашадан бастап жалға берілетін үйлерге өтініш қабылдау жүргізіледі. Ал пәтерлер сату құқынсыз, 5 жыл мерзімге беріледі.

 

Әрине, қала тұрғындарын мұндай пәтерлердің қай жерден, қандай үйлерден, қай кезден бастап берілетіні қызықтырары сөзсіз. Осы орайда біз Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармасына телефон шалған едік. «Пәтерлер алдағы желтоқсан айынан беріле бастайды. Үйлер қаланың әр аумағында орналасқан, жаңа үйлер. 1, 2 және 3 бөлмелік пәтерлер бар. Жаңа жылға дейін осындай 900 пәтер берілетін болады», – деді бізге аталған басқарманың бөлім басшысы Абзал Әшіров.

 

Бұл бағдарлама бойынша баспана жұмыс істейтін, 101 мың теңгеден (40 АЕК) кем емес айлық жалақы алатын, банкте жинақ шоты бар 29 жасқа дейінгі азаматтарға беріледі екен. Ал оған өтінішті қалада кемінде екі жылдан бері тіркеуде тұрақты тұрған, екі жылдан аса уақыттан бері өз баспанасы жоқ азаматтар бере алады.

 

Мұндай баспанаға ие болғандар пәтердің көлеміне қарай айына 5-15 мың теңге аралығында ақы төлеп тұратын болады. Яғни оларға осы 5 жыл ішінде өз баспанасын сатып алуға қаржы жинауға мүмкіндік тимек.

 

Ал жалгерлік баспанаға ие болу үшін мынадай құжаттар өткізу керек: қолданылымға сәйкес өтініш, өтініш иесін  куәландыратын құжат көшірмесі, білімі туралы құжат көшірмесі, үйленген болса, неке туралы куәлігінің көшірмесі, балалары болса, олардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері, өтініш иесі мен оның отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтама, жұмыс орнынан анықтама, 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жалақы алатындығын нақтылайтын соңғы 6 ай бойынша анықтама, еңбек өтілі туралы анықтама, банктегі есеп-шоты мен оның нөмірі туралы анықтама, банк есеп-шотындағы қалдық ақша мен оның қозғалысы туралы көрсетілім, тағы басқа бірқатар құжаттар. Бұған байланысты нақты анықтаманы өтініш қабылдайтын жерден білуге болады.

 

Ал өтініштер 25 – 29-қараша аралығында қаладағы Республика даңғылы, №12 «А» үйде таңғы сағат 09.00-ден кешкі 19.00-ге дейін қабылданады.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ