Тілді қорғауға бар қуатын жұмсап жүрген жігіт

26.11.2019
Қаралды: 89

Елімізде қазақ тілінің мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Осы орайда тіл жанашырлары көзге ұрған кемшіліктерді түзетуге барынша тырысып-ақ жүр. Солардың қатарында Алматы қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер, қоғам белсендісі Қуат Ахметов те бар. 

 

«Бұрын мен Қостанай қаласында тұрғанмын. Бірде көлікпен кетіп бара жатқанымда мені жол полицейлері тоқтатып, құжатымды сұрады.

 

Екеуі де қазақ бола тұра орысша сөйлеген олардан ана тілінде сөйлеуін талап еттім.

 

Содан соң әлгілер хаттама толтырамыз деді. «Онда мемлекеттік тілде толтырыңдар», – деп едім: «Сен не, ұлтшылсың ба?! Бізде екі тілдің мәртебесі бірдей», – деп өзіме қарсы шықты. Ол кезде жаспын, заңдарды дұрыс білмеймін. «Егер де мемлекеттік тілді сыйламасаңдар, онда мен ешнәр­сеге қол қоймаймын, ешнәрсені мойындамаймын да!» – деп қол қоюдан бас тартып, көлігімді сол жерге қалдырдым да, кілтін капотқа қойып, үйге кетіп қалдым.

 

Кейіннен заңдарды оқып-білдім. Сосын әкімге хат жазып жүріп, Қостанайдағы орыстілді көше атау­ларын, тақтайшалардағы жазуларды өзгертуге атсалыстым. Қалаға  кіре берістегі Қостанайды «Кустанай», Тобылды «Тобол» деп жазған атауларды қазақшалаттым. Маңдайшасында «Русский драматический театр» деген жазу тұратын бюджеттік мекемемен де бір жылдай алыстым. Өздері: «Это же русский театр!» – деп шаң жуытпайтын. Солай-ақ болсын, бірақ ол қазақтың жерінде тұрған нәрсе емес пе? Ақырында дегеніме қол жеткіздім, қазір онда «Орыс драма театры» және «Русский драматический театр» деп екі тілде жазылып тұр.

 

2016 жылға дейін Қостанайда Жаңа жыл қарсаңында шырша орнатып, тойлатып, арақ-шарап ішіп, салют ататын. Дәл осы жылы жылы 16-желтоқсанда соған қарсылық танытып, «бұл желтоқсаншыларды еске алып, құран бағыштайтын күн» деп қол жинаған едім, ешкім қолдай қоймады. Сонда да әкімге хат жаздым, қабылдауына бардым, ақыры өзгеріс енгіздім. Қазір шыршаның ашылуы бұрынғыдай 16-17-желтоқсанда болмайды, ол күн 20-желтоқсанға жылжытылды. Мұны да мен өзімнің бір жеңісім деп есептеймін», – дейді ол. 

 

Қуат Ахметов бұл мәселеге мемлекет тарапынан көбірек көңіл бөлінгенін қалайды.

 

«Мұнымен белсенділер барынша айналыса беруі керек, бірақ мемлекет тарапынан қолдау болмаса қиын. Қазақстанда «Тілдер туралы» заң бар, бірақ ол қажетті деңгейде жұмыс істемейді. Естіп жатқан шығарсыздар, бізде заңдар алдымен орыс тілінде қабылданады екен де, содан соң барып қазақ тіліне аударылатын көрінеді. Бұл дұрыс емес. Қазақ тілінде қабылдансын, содан соң басқа тілдерге аударылсын. Бұл мәселені отыз жыл өткен соң енді ғана Парламентте көтеріп жатыр. Кеңес Одағы кезіндегідей орыс тілі әлі бірінші орында тұр. Бір жерге барсаң, қазақ тілінде қызмет алу қиындау.

 

Адамдар қазақ тіліне қатысты өз құқықтарын білуі тиіс. Осы орайда мемлекеттік емес ұйымдарды, қазақ тілінің мәртебесін қорғайтын орталықтарды көбейту керек. Солардың көмегімен көп нәрсені өзгертуге болады. Бізге кәсіби түрде жұмыс істемейтін ұйымдардың қажеті жоқ», – дейді тіл жанашыры. 

 

Кәсіпкер өзінің солтүстік өңірден Алматы қаласына әдейілеп қоныс аударғанын тілге тиек етті.

 

«Қостанайда балаларым өз тілін ұмыта бастады. Қазақ мектебі болса да бәрі орысша сөйлейді. Балаларым ана тілінде сөйлесін деген мақсатпен әдейілеп Алматыдан жұмыс тауып, отбасымды осында көшіріп әкелдім. Ұл-қыздарымды қазақ мектебіне бердім. Олар басында біразға дейін «мұнда бәрі қазақша сөйлейді екен» деп таңқалып жүрді. Алғашында бұл жақты қаймағы бұзылмаған қала деп ойлағанмын, сөйтсем орыстану мәселесі мұнда да аз емес екен.  Дегенмен күресті тоқтатқан жоқпын. Прокуратура, тілдер басқармасы арқылы осындағы «Ақбұлақ» шағын ауданының бүкіл тақтайшаларын өзгерте алдым. Осы мәселеде Қытайдан келген қандастарыма да біраз көмегімді бердім», – дейді ол.

 

Бұл тақырыпта тіл жанашырының айтары көп. Ол бұл майданда тоқтамаймын деп отыр.

 

Адамдардың көбі қара басының қамын ойлаған қазіргі заманда Қуат Ахметов секілді азаматтардың болғаны қандай жақсы! Тіл үшін күресті бірлі-жарым белсенділер ғана емес, бүкіл қазақ ұлты біріге жүргізсе оң нәтижеге әлдеқайда тез қол жеткізер едік-ау.    

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ