Бас дәрігер қамауға алынды

25.11.2019
Қаралды: 54

Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай қамауға алынды.

 

Бұл жөнінде  Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Оған Қылмыстық Кодекстің «трансұлттық қылмыстық топтың құ­рамында болу» және «адам ағзаларын заңсыз алу» баптары бойынша күдік келтірілуде.

 

Бұл туралы бүгінде шетелдік ақпарат көз­дерінде де жарияланып жатыр.

 

Ал министрлік хабарламасында айтылған жайларға қарағанда, заңсыз трансплантологиямен айналысатын қылмыстық топ елімізде 2017-2018 жылдар аралығында әрекет еткен. Оны шетелдік азаматтар ұйымдастырған. «Қажетті ағза мүшелері тұрмыс таршылығын көріп, ағзасын сатуға мәжбүр болған Өзбекстан, Қырғызстан және Украина азаматтарынан алынып келген. Олар алыс шетелдердің, негізінен Израильдің  қажет еткен қалталы адамдарына салынып отырған» деп айтылады.

 

Қысқасы, Шымкенттегі трансплантологиялық көмек көрсететін №1 клиникалық аурухананы кейінгі 8 айдан бері басқарып келген азаматқа өте ауыр күдік келтірілуде. Ары қарай не болатынын уақыт көрсетеді. Ал А.Донбай бүгінде уақытша оқшаулау абақтысында отыр.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ