Қала әкімінен көмек күтеді

25.11.2019
Қаралды: 51

«Замана» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданына қарасты «Көксай-3» көшесінің тұрғыны Гүлжамал Асқарова есімді апаның жағдайы туралы жазғанбыз.

 

Ол кісі сол кездегі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қабылдауына кіре алмай жүргенін айтқан еді. 61 жастағы зейнеткер редакциямызға келіп, жиырма жылдан астам уақыт тұрып жатқан баспанасының мәселесін жеткізген. «Үйіміз құзданып, қабыр­ғалары үгітіліп, кей жерлері ойылып  жатыр. 2013-жылы үй кезегіне тұрғанмын. Алдымда әлі 2000-нан астам адам бар. Үй алуға кемі 5-6 жылдай уақыт кетеді. Сұрайтыным – кезегім келгенше бізге уақытша болса да бір баспана берілсе екен», – деген болатын. Бірге тұратын 37 жастағы жалғыз ұлы да, өзі де 2-ші топ мүгедектері екенін, екеуі де облыстық жүйке аурулары диспансерінде 2002-жылдан бері есепте тұратынын айтқан еді.

 

Кешегі аптада осы Гүлжамал апа редакциямызға тағы да бас сұқты. Үйіндінің астында қаламыз ба деген  қорқыныш ол кісіні тыныш отырғызбапты. Зейнеткер ендігі бар үміті қазіргі қала әкімі Ерлан Айтахановта екенін айтады, мәселенің оңтайлы шешілуіне әкімнің септігі тисе екен дейді.

 

Ол кісі қала басшысының қабылдауына жазылуға әрекеттеніп көріпті. «Қабылдауға телефон арқылы жазылады екен. Соның өзінде алдыңда 500-ге жуық адам бар деді. Талай әкім келіп-кетіп жатыр, біреуіне де кірген емеспін. Бұрынырақта әкімдікке барып, жағдайымды айтқанымда мені үй бөлетін жаққа жіберген. Ондағылар мәселеңіз кезек реті келгенде шешімін табады деп отыр. Ол жауапты жаттап алғанмын. Енді менің әкімнен басқа сүйенерім жоқ. Сол кісіден тікелей жәрдем сұраймын. Өзіміз ауру болсақ та басшылардың амандығын тілеп жүрген жандармыз. Негізі Шымкентіміз кедей емес қой, бізді баспана жағынан демеп жіберетін жандар ел арасынан табылса да қуанар едік», – дейді ол кісі. 

 

...«Алатын жәрдемақы екеуміздің дәрі-дәрмегімізден артылар емес» деп отырған апаға үй құлап, көшеде қаламыз ба деген ой маза бермей жүр екен. Сондықтан бұл отбасы қазір қай жақтан болса да көмекке зәру. Егер де ел арасынан қайырымдылық жасағысы келетін жомарт жандар табылып жатса, Гүлжамал Асқарованың тікелей өзіне 8-775-482-91-22, 8-771-382-85-00 телефондары арқылы хабарласуына болады.

 

М. ШУАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ