Өмірхан Алтын мен Сайрагүл Сауытбай Еуропа Парламентінде сөз сөйледі

25.11.2019
Қаралды: 109

19-қараша күні Еуропа Парламентінде арнайы жиын болды. Оған Германияда тұратын қандасымыз, «Еуропа-Қазақ форумы» ұйымының жетекшісі Өмірхан Алтын мен бүгінде Швецияда тұрып жатқан Сайрагүл Сауытбай қатысып, бірқатар мәселелерді ортаға салды.

 

Бұл туралы олар әлеуметтік желіде хабарлады. Онда Өмірхан Алтын былай деді: 

 

«Қазақстандағы адам құқықтары жағдайына, Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарына және Қытайдағы адам құқықтарының тапталу мәселе­сіне қатысты аса маңызды жиналыс болды. Оған Сайрагүл қатысып, өзінің бас­тан өткендерін айтып, түсіндіріп берді.

 

Еуропа Парламентіндегі Қазақстан және қазақтар туралы осындай аса маңызды жиналыс бірінші рет өтті. Біз мүмкіндігінше арғы беттегі қандастарымыздың басындағы қасіретті айтуға тырыстық.

 

Бүгінге дейін Шығыс Түркістан дегенде көбінесе ұйғырлардың мәселесі айтылатын. Бүгін де сондай сөз болды. Бірақ біз оларға: «Шығыс Түркістан екі территориядан тұрады. Оңтүстік-шығыс Түркістан – ұйғыр территориясы, Солтүстік-шығыс Түркістан – қазақ территориясы», – деп түсіндіріп айттық. Ұйғырлармен қатар қазақтар да соңғы бірнеше жылда Қытайдың қатаң саясатына тап болып, қиын жағдайда өмір кешіп жатыр. Солтүстік-шығыс Түркістанда кемінде 3 миллионнан астам қазақ өмір сүреді. Халықаралық деңгейде Қытайдың саясатын ашып, әлем бойынша паш етіп жатқан ең маңызды арыздар қазақтардан келіп түсіп жатыр. Мұны халықаралық деңгейде барлығы мойындап отыр. Бүгін де сол мойындалды. Сондықтан Шығыс Түркістан мәселесінде бұдан кейін ұйғыр ағайындарды  құптаймыз. Қазақтардың мүддесі қор­ғалмай, Шығыс Түркістан мәселесінде ешнәрсе оңбайды.

 

Менің қазақ ағайындарға айтарым – бұдан кейін Шығыс Түркістан мәселесінде мүмкіндігінше 3 миллионнан астам қандастарымызды халықаралық деңгейде қорғауға тырысайық! Бүгін сол туралы Сайрагүл де айтты. Сайра­гүлдің айтқандарын залда отырғандар көзіне жас алып тыңдады».

 

Ары қарайғы сөзді Сайрагүл Сауытбай жалғастырды.

 

«Мұнда мен Қытайдың лаге­рінде көрген-білгендерімнің тірі куәгері ретінде дәлелдердің барлығын ортаға қойдым. Қытайдағы қазақ мәселесін Еуропарламентте өте маңызды тақырып ретінде көтердік. Бұдан кейін де қолдан келген жұмыстарды жасап, арғы беттегі қандастарымыздың бостандыққа шығуына шамамыз келгенше атсалысуға тырысамыз. Ең бастысы – Қытай саясатының жазықсыз құрбаны болып жат­қан қазақтардың құқығы туралы маңызды мәселелерді көтердік. Қастер Мұсаханұлы, Мұрагер Әлімұлы, Қайша Ақынқызы сияқты Қазақстанға келіп, саяси баспана сұрап отырған қандастарымызды Қытайға қайтармау жөніндегі талапты ортаға қойдық. Қытай саясатынан зардап шегіп жатқан жергілікті қазақтардың құқық­тарының тапталмауына, оны халықаралық деңгейде ұтымды әдістерді қолдану арқылы тез арада тоқтатуға  көмек көр­сетулерін өтіндік», – деді ол. 

 

Өмірхан Алтын Қытайдың мұндай саясатына сақтықпен қарауға шақырды. «Бұл кездесуде ең маңызды мәселе­лердің бірі – Еуропалық Парламенттің мүшелері, Еуропа мемлекеттері Қытайдың Қазақстандағы ықпалына алаңдап отыр. Сондықтан алдағы бір-екі айдың ішінде Қазақстанға Еуропалық Парламенттен делегация баруы мүмкін сияқты. Қытайдың Қазақстандағы ықпалы туралы Қазақстан үкіметімен әңгіме болатыны жөнінде айтылды. Сондықтан бұдан кейін Қазақстандағы, басқа жақтағы ағайындардың ортақ мүддесі – Қазақстанның қауіпсіздігі болуы керек. Ол – біздің ұлттық мақсат-мүддеміз», – дейді Өмірхан Алтын.

 

М. АЙДЫН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ