Жастардың бәрі Димаштай мықты болса ғой!

25.11.2019
Қаралды: 65

Жапондар өте ұлтшыл халық қой. Менің бір досым Жапонияда оқып келген. Сол кезінде жапондар туралы біраз әңгіме айтқан еді.

 

«Ана жақта жаспыз – маспыз, қан ойнап тұр...» – дейді. Сөйтіп бұлар бірге оқитын жапон қыздарға қырындаса, олар бұларға еш қарамайды екен. Олар сырттан келген шетелдік жігіттерге назар салмайды дейді. «Олар өздерінің ұсқынсыз, мыртық- қортық жігіттерін бізден әлдеқайда артық көретін, – дейтін досым. – Бірге оқыған қытай, кәріс жігіттері де жапон тілін үйреніп, жапон қыздарға қырындап, өліп-өшіп, қолдары жетпей жүретін. Қытай-сытай дегендерді жапон қыздары «бір жерлеріне» де қыстырмайтын. Олар – қыздар үшін екінші, үшінші сорт».

 

Не деген биік ұлттық сана-сезім десеңізші! Иә, жапондар – өте ұлтшыл халық. Оны өз кітабында Ли Куан Ю де атап өтеді. «Жапондар өздерін Құдай таңдаған халықпыз деп атайды. Оны түсіну үшін жапон болып туылу керек», – дейді Куан Ю.

 

Жапон компаниялары шетелге жұмыс­қа шықса соңынан өз ұлттық дәмханаларын, өздеріне ұлттық нақышта қызмет көрсететін нәрселерін бірге алып жүреді екен.

 

Ли Куан Ю жапондардың ұлтшылдығы келешекте өздерінің дамуына кедергі болады деп те айтыпты, бірақ тап осы жерде қателескен екен. Жапондар атам заманнан бері ұлтшыл халық, олар сол заманнан бері көркейіп келеді, онысынан опық жеген жері болмапты.

 

XVІІ, XVІІІ ғасырларда еуропалық хрис­тиан діни миссионерлері Шығыс Азия­ны шоқындыруға кіріскен ғой. Сонда Филиппин сынды елдер жаппай шоқынып жатқанда жапондар өздеріне келген миссионерлерді ұстап алып, мойнына тас байлап суға батыра беріпті. «Әртүрлі дін біздің ұлттығымызға сызат түсіреді» деп сақтанған деседі. Бұлардың ынтымағы сол себепті бұзылмаған екен.

 

Негізі ұлтшыл халықты тез біріктіріп, басқа түскен кез келген тауқыметті жеңіп шығуға болады. Меніңше, сондай тағы бір ұлтшыл халық – немістер. Бұл әсіресе реформаторлар үшін керемет нәрсе. Елдің басын тез қосып, көтересің де отырасың. Жапон мен немісті билеген әміршілер осыны жақсы білген.

 

Жапония – сонымен қатар дарынды адамдар елі. Олар дарынды, таланттыларды кішкене кезінен, балабақша мен мектептерден іздеп жүреді. Міне, сол дарындар қазба байлығы аз, негізгі төрт аралға орналасқан Жапонияны үздіктер қатарынан түсірмей отыр.

 

Кеше жапондар Димаштан сұхбат алды. «Сен өз халқыңды, еліңді қатты жақсы көреді екенсің, иә?» – деп қояды. «Мынау ұлттық аспап домбыра ма?» – деп қызыға сұрауда.

 

Жалпы, Димаш – жапондар үшін нағыз идеал адам, олар оған іштей қатты қызығып қалды. Димаш – ұлтжанды әрі аса дарынды жігіт. Жапонның талабына сай бозбала. Ал осындай жігітке сонау әуежайдан бастап қалайша иіліп құрмет көрсетпеске?!

 

О. ӘБІЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ