Түркістанда баспана мен жер телімі қанша тұрады?

25.11.2019
Қаралды: 164

«Замананың» өткен нөмірінде «Түркістанда пәтерақы «аспандап» тұр» деген тақырыпта мақала жарияланғаны белгілі. Онда облыс орталығындағы жалға берілетін пәтер ақыларының өскені туралы айтылған. Осыған орай редакциямызға Төлеби ауданынан Сәулет есімді азамат хабарласты.

 

«Замананы» тұрақты түрде оқитын жандардың бірімін. Түркістанда пәтер ақысының қымбат екенін жазыпсыздар. Енді газеттеріңізде ондағы үй, пәтер, жер бағасы жөнінде мақала жарияласаңыздар екен. Бұл өзі қызық тақырып қой. Облыс орталығынан баспаналы болуды ойлайтындардың ол жөнінде білгісі келері анық», – дейді ол кісі.

 

Жалпы, қазір қай қаладағы болмасын жылжымайтын мүлік бағасын ғаламтор желісінен-ақ білуге болады. Оқырман өтінішіне орай біз біраз дерек көздерін пайдаланып, Түркістандағы пәтер, үй, жер телімі бағаларын білдік.

 

Бір жарнамадан Түркістандағы 1990 жылы салынған үйде орналасқан 1 бөлмелі пәтерді иесінің 7 миллион теңгеге сатуға қойғаны туралы білдік. Пәтердің жалпы аумағы – 34 шаршы метр. Иесі оған еврожөндеу жасатқан екен.

 

Ал Түркістандағы 3 бөлмелі пәтер­лердің бірінің бағасы – 9 миллион теңге, тағы біреуінікі 12 миллион теңге деп көрсетіліпті.

 

Бір азамат 3 бөлмелі үйін 8 миллион 200 мың теңгеге сатпақ. Оның үйіргелік жерінің аумағы 20 соттықты құрайды екен. Ал аумағы 150 шаршы метрлік 5 бөлмелі (6 соттық жері бар) үйдің иесі оны 16 миллион теңгеге бағалап отыр. Асығыс түрде сатылатыны жазылған тағы бір осындай үй бағасы 13 миллион теңге деп тұр. Ал 6 бөлмелі бір үйдің құны 19 миллион теңге деп көрсетіліпті.

 

Аумағы 380 шаршы метр болатын 7 бөлмелі үй (10 соттық жері бар) 63 миллион теңгеге сатылады. Еврожөндеу жасалған, бейнебақылау орнатылған, гаражы бар.

 

Бірқатар коммерциялық нысандардың бағасы да көзімізге шалынды. Аумағы 981 шаршы метр болатын, 30 бөлмелі бір ғимарат құны 50 миллион теңге деп көрсетіліпті. Одан сәл үлкенірек (1118 шаршы метр), екі қабатты ғимарат 55 миллион теңгеге сатылмақ. (Ол кепілде тұр екен). Жалпы аумағы 240 шаршы метрлік, 10 соттық жері бар ғимарат бағасы 60 миллион теңге деп көрсетілген. Ал «Электрон» деп аталатын 3 қабатты сауда орны 624 миллион теңгеге сатылады. Ғимараттың жалпы аумағы 2875 шаршы метр, 11 соттық жері бар.

 

Түркістанда жер телімдерінің құны да соңғы кездері күрт көтерілгені мәлім. Мысалы, бір жарнамада Кентау бағытындағы жол бойында жатқан 10 соттық жер телімінің бағасы 3 миллион теңге деп көрсетіліпті. Аумағы 13х13 метр етіп іргетас  құйылып қойған тағы біреуінің құны «3 миллион 500 мың теңге» деп деп тұр. Ол Қызылордаға шығар жол бойында екен. «Тұрғын үй салуға» деп көрсетілген 10 соттық бір жер телімінің бағасы «5 миллион 800 мың» деп көрсетілсе, тағы біреуі 6 миллион теңге «сұрап» тұр, енді бірінің құны 8 миллион теңге екені көрсетіліпті.

 

Саудаға қойылған жер телімдерінің бұдан сәл арзандауы да, қымбаттары да бар. Мысалы, асығыс түрде сатуға мәжбүр екенін айтқан бір азамат өзіне тиесілі жер телімін 2 миллион 600 мың теңгеге сататынын көрсетіпті. Ал «Арғымақ» базарына қарама-қарсы аумақтағы 50 мың гектар жердің иесі оны 28 миллион теңгеге сататынын айтады. Сондай-ақ жарық, су жүйелері тартылған 34 соттық жер телімінің иесі оны 100 миллион теңгеге сатпақ ниетте екен.

 

...Қысқаша айтқанда, Түркістандағы пә­тер, үй, жер телімі бағалары осындай бо­­лып тұр. Әрине, жай-күйіне, орналас­қан аумағына қарай қаладағы жылжымай­тын мүліктің бұдан арзандары да, қымбат­тары да болуы мүмкін. Дегенмен осы айтылғандарға қарай отырып, Түркістан­дағы пәтер, үй, жер телімі бағаларын ша­ма­лап біле беруге болады деп ойлаймыз.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ