Кайдзеннің не екенін білесіз бе?

22.11.2019
Қаралды: 97

Бүгінде «кайдзен» деген ұғым пайда болды. Оның кәсіпкерлерге, компанияларға, жалпы адам баласына әкелер пайдасы зор көрінеді. Бұл туралы бізге екі жылдан бері осы салада бизнес тренер болып жүрген қаржыгер Ғани Байғали­ұлы толығырақ айтып берді. 

 

– «Кайдзен» терминін жапондық ғалым ойлап тапқан. Бұл – бір жағы философия, бір жағы менедж­мент. Оны бизнесте де, жеке дамуда да, күнделікті өмірде де қолдануға болады. Кайдзен шығынды азайтуға, сапаны арттыруға, жұмыс­ты оңайлатуға, ысырапқа жол бермеуге, мәселені шешудің ұтымды жолдарын қарастыруға көмектеседі. Десе де кайдзенді көбіне бизнес са­ласымен байланыстырады.

 

Кайдзен философияның мақсаты – үздіксіз даму. Оның басқа да сан түрлі құралдары көп болғанымен, көбіне проблемаларды ашық айту және оны командамен шешу негізінде жұмыс істейді. Қызметкерлер компаниядағы қандай да бір мәселені ортаға тастайды, оны ұжым­мен біріге отырып талқылайды, содан соң әркім шешу жолдарын ұсынады. Мысалы, қызметкер үнемі кешігіп келеді дейік. Себебі ол қаланың шетінде тұрады, автобус жиі жүрмейді және көп күттіріп келеді. Қызметкердің кешігіп келу мәселесі ортада талқыланады. Бас­қалар өз тарапынан мәселенің ше­шімін ортаға тастайды. Ақырында жұмысшыларды үйді-үйіне апарып тастайтын көлік жалдау, болмаса қызметкер жұмысқа күнделікті таксимен келуі үшін жалақысына жол ақысын қосып беру немесе басқа бір қызметкер көлігімен әлгіні жол-жөнекей ала келгені үшін мекеме тарапынан бензинін өтеу секілді сан түрлі нұсқалар айтылып, ың­ғай­лысы таңдалады. Мұнда «тек бас­тық шешеді» деген  қатып қалған нәрсе жоқ, керісінше, барлығы бірігіп, ақылдасу арқылы шешім қабылдайды. Мұнда бастықтың қол астындағы кез келген қызметкердің пікірі қолдау табуы мүмкін. Егер  жаңағы біз сөз еткен ұдайы кешігіп келетін қызметкер компанияға жақсы пайда әкеліп жатса, компания әлгіндей шығындарды көтеруге әзір болады.  Айналып келгенде мұның бәрі қызмет сапасының жоғары­лауына алып келеді, – дейді ол.

 

Ғани мырза кайдзенді мемлекет бойынша енгізсе оның өзін­дік тиімділігі зор болатынын айтады. 

 

– Мемлекетте кайдзен ғылымын өндірісті дамыту, қызмет көрсету сапасын жоғарылату, жемқорлықты жою жолында да пайдалануға болады. Мәселен, бізде шетелден шақырылған футболшыларға қаншама жалақы төлейді, дәл сол қаржыны ауылдық жерлердің балаларын үйретуге, болмаса сондай жаттығу орындарын ашуға деген сияқ­ты тағы да басқалай дүниелерге құйса, сол әлдеқайда пайдалырақ болар еді. Кайдзен бойынша ысырапқа жол бермеу, шығынды азайту дегеніміз де осы, – дейді.

 

Ғани Байғалиұлы әзірге кайдзен ғылымын меңгеруге деген сұраныстың алдыңғы қатарлы компаниялар тарапынан ғана түсіп жатқанын айтады. Десе де бұл менеджмент түрінің елі­мізде барлық салада қолға алын­ғаны дұрыс па деп қалдым. Тым болмаса, елдегі жайлаған жемқорлықты жоюға бір септігі тиер ме еді, кім білсін? 

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ