Мәди Биғалиевтің жақсылығын көріп едік

22.11.2019
Қаралды: 101

Ауыл-аймаққа ардақты ақсақал, маған ағайын болып келетін Ағабек аға Сүгірәлиев телефон шалды.

 

– Бауырыңның жағдайы не болып жатыр? Жақсы әңгіме бар ма?

 

Ағаның алаңдаған сауалының себебін бірден түсіне қойдым. Қос бірдей бүйрегінің семгеніне сегіз жыл болып, бұл күнде аптасына үш рет гемодиализ аппаратының көмегімен өмір сүретін немере інімнің тағдыры көкемді мазалап жүріпті.

 

– Аға, өзіңіз білетіндей, Қазақстан мен Белоруссия арасында өзара медициналық жәрдем көрсету жөнінде біраз жыл бұрын жасалған мемлекетаралық келісім-шарт бар. Шетелде тегін емделуге үміт­кер пациент ретінде біздің баланың тіркелгеніне де едәуір уақыт болғаны рас. Бүйрек салу кезегі де тақау. Алдында інім Минскіге барып, медициналық алдын-ала тексеруден өтіп те қайтқан еді. Өзіміздің Денсаулық сақтау минис­тр­лігімен де, Минскімен де оқтын-оқтын байланысып тұрмыз. «Әне-міне шақырту келіп қалады» деп елеңдеп, тағатсыздана тосып жүрміз, – дедім көкем уа­йым еткен жайды қысқаша баяндап.

 

– Мейлі. Айтқаныңның бәрі дұрыс-ақ делік. Бекітілген тәртіпке орай күткендерің де жөн шығар. Дегенмен сол шақырту тым ұзаққа созылып кеткен жоқ па өзі?! Бүйрексіз жүрген жас жігітке обал әрі қиын ғой. Тездететін бір амалын жасау керек болар. Енді былай, інім. Мен өткенде «Рощадағы» ауруханада бір он күндей емделіп едім. Сонда жатқан кезімде осы ауруханаға сен әлгінде айтқан Белоруссиядан мамандар келіп, жергілікті хирург­термен бірге бүйрек, бауыр, жүрек алмастыру оталарын жасап жатты. Ал адам­ға бүйрек салу дегеніңе де ол жерде біраз болыпты. Бәрі де сәтті шығып жатыр екен. Сол аурухананың дәрі­герлері Минскіге талай барып, тәжірибе алмасып қайтыпты. Өз істеріне әбден машықтанып, енді отаны өздерінде еркін жасай беретін болыпты. Міне, осы тір­ліктің бас-қасында «Рощаның» бас дәрігері Мәди Биғалиевтің өзі жүретінін білдім, адам ағзасын ауыстыратын күрделі оталарды жасауға тікелей өзі қатысатынына қанықтым. Сол Мәди Қожаұлымен көптен аралас-құраластығымыз бар еді. Ініңнің жағдайымен соған екеуміз барсақ қайтеді? Алла сәтін салса, бір септігі тиіп қалар. Алдымен өзімен хабарласып, бізді қашан қабылдайтынын біліп алайын. Содан кейін саған айтам, – деді ол.

 

Шынында тарихы сексен жылдан асатын Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының жақсы аты соңғы кезде әсіресе оған есімі білікті маман екенді­гінен облысқа ғана емес, республикаға кеңінен танымал Мәди Биғалиевтің бас дәрігер болып барғалы бері бұрынғысынан да дүркіреп шыға бастаған-ды. Әсіресе бұл емдеу мекемесі әлем­дік медицинаның озық, жаңа әдістерін өзінің жұмысында батыл қолданып, әрі тамаша нәтижелерге қол жеткізіп, оңтүстік халқының қуанышына, мақтанышына айналды. Аурухана қыз­метіндегі кейінгі уақытта даңқын облыс­қа, елге арттырған, дабысын шартарап­қа таратқан ең басты жаңалығы – адам ағзаларын алмастыруда жаһандық тәсіл­дерді өзінің ісіне қысқа мерзімде енгізіп әрі сәтті игеруінде еді. Емдеу мекемесінің хирургтері осы салада дүние­жүзінде орнықты тәжірибелері бар елдер – Германияға, Израильге, Оңтүстік Кореяға, Белоруссияға әлденеше рет барып тәжіри­беден өтіп, білімдерін же­тілдірді.

 

Адам органдарын трансплантация жасау жолдарына машықтану әрі оның қыр-сырын емін-еркін меңгеру ерекше қабілет-қарымды, ептілікті, жүректілікті, бір сөзбен айтқанда, дарындылықты қажет етеді. Солардың ішінде Минск мен Сеулдің осы саламен айналысатын емдеу мекемелерінің жүйесіне ыңғайланып, дәрігерлерімен тығыз байланыс орнатты. Қыр-сырына әбден қа­ныққан жаңа кәсіпті енді өздерінде іске асыруды жылдам үйіріп әкетті. Бастап­қыда бүйрек алмастыруды қолға алды. Небәрі бір жылда жүзден астам адамға бүйрек ауыстырыпты. Арада көп өтпей өзгенің бауырын басқаға салған сәтті оталарымен де даңқы дүркіреді.

 

Міне, науқастардың өмірін ұзартудағы қазіргі медицинаның осындай ғажап жетістіктері оңтүстік өңірінде бірінші рет қалалық жедел жәр­дем ауруханасында қолданылды. Ақылға сыймайтындай көрінетін өте күрделі отаны жасаудың басы-қасында, бел ортасында, яғни негізгі ұйымдастырушысы болып оның бас дәрігері жаңашыл, ізденімпаз Мәди Қожаұлы Биға­лиевтің жүргенінен көппен бірге мен де құлағдар едім. Түбі астрахандық екенін, Ақ­төбе мединститутын бітіргеннен кейін Шымкентке жолдамамен жіберіліп, қызмет ете келе абыройы артып, осында отбасын құрып, содан біржола тұрақтап қалғанын, кезін­де облыстық аурухананы біраз жыл басқар­ғанын, қазір де қалалық жедел жәрдем ауруханасының білікті басшысы екенін және беделі жоғары санаулы дәрігер қатарында аталатынын біле­тін­мін.

 

Ал біздің күткені­міз – екі мемлекет арасындағы медициналық көмек жөнінде жасалған келісім-шарт бойынша сәтіне қарай табылып қалуы мүмкін донорлық бүйрек. Оны да түу қияндағы Белоруссиядан күтіп жүрміз.

 

Сонымен ертеңіне Ағабек аға екеуміз келісілген сағат кешкі алтыға таман Мәди Қожаұлының қабылдауына келдік. Көкем кабинетінің есігін ашып көрінгені сол, бас дәрігер төрдегі орнынан шапшаң көте­ріліп, қонақтың алдынан шығып қапсыра құшақтап амандасты. Бірге туған ағалы-інідей бірін-бірі көптен көрмей, сағынысқан, қимас достардай бауырларына тартып есендес­кендеріне, кішінің үлкенге шынайы ақжарма құрметіне сүйсініп қызығып қарап тұр­дым.

 

Бас дәрігер амандасып болған соң ағаны кең кабинетінің бір қабырғасына қойылған мәжіліс үстелінің тө­ріне таман қолтығынан демей әкеп отырғызды. Өзі де қарсы алдымызға жай­ғасты. Ағаекем дәрігермен екеуі өзара біраз хал-жағдай сұрасқаннан кейін маған бұрылып, аты-жөнімді таныстырды да:

 

– Бұл жігіт маған жамағайын болып келеді. Сендердің шетелдік әріптестерің­мен бірігіп бүйрек ауыстыру операциясын жасап жатқан дақпырттарыңды естіп жүрміз. Осы бауырымыздың немере інісі жарамсыз бүйрегін ауыстыру бойынша бірнеше жылдан бері сендер барып-келіп, олар да келіп-кетіп дегендей, тығыз араласып, тәжірибе алмасып жүрген Белоруссияда кезекте тұр екен. Араласып жүрген соң ол жақтың «тілін» білесің ғой деп өзіңе келіп едік. Тездетіп барып-келе қоятын жер емес. Екіншіден, жұмысбастылармен телефонмен байланысу да қиын. Қанша дегенмен шетел ғой. Мүмкіндігің болса, өздерің аралас-құралас сол Минскімен хабарласып, біздің балаға қатысты мәселенің барысын біліп бере аласың ба? Егер мүмкін­дік болса, оның оң шешілуіне ықпал етсең деген ойымыз да жоқ емес. Өзіңе келгендегі басты мақсатымыз да, айтар өтінішіміз де осы, – деді Ағабек көке.

 

– Мақұл, аға! Бұл біз үшін қиын шаруа бола қоймас. Қазір-ақ біліп беруге болады. Тек сол жақтағы іздегенім осы сәтте операциядан, басқа да шұғыл жағдайлардан бос, яғни мүмкіндігі болып, телефон көтерсе болғаны... Ал енді өздерің Минскіге барғандарыңызда, ондағылармен бетпе-бет сөйлесе алып па едіңдер? – деп Мәди Қожаұлы назарын енді маған бұрды.

 

– Екі ел арасындағы келісім-шартқа сәйкес өзіміздің денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің жіберуімен баланы үш жыл бұрын Минскідегі орган трансплантация­лау орталығына денсаулығын то­лық тексеруден өткізуге апарып қайт­қанбыз. Інім сонда қажетті анализдерін тапсыру үшін он бес күндей жатты.

 

Несіне жасырамын, үшінші күні бөлім меңгерушісінің кабинетінде оңаша отырған сәтін күтіп жүріп, жылдам кіре қойдым. Қанша уақыттан бері сарғайып тос­қан арманымыз әйтеуір ұзаққа созылмай, тез орындалса екен деп бәрін де осы кісі шешеді ғой деген оймен қолына бес жүз доллар ұсындым. Азар-безер болды. Қалтасына сүңгітпекші едім, қатты ашуланып, қолымды қағып жіберді де, жазып отырған қаламын үстелге тарс еткізіп тастай салып, орнынан атып тұрып: «Кабинеттен шығыңыз!» деп маған есікті нұсқады. Қатқыл үнінен мен қапелімде сасып қалдым да, іле есімді жиып, алдын-ала дайындағанымды бере алмасам, ініме ота жасалмайтындай үрейленіп, дәрігердің алдында жатқан көп қағаздарды жылдам көтердім де, астына кон­вертімді жалма-жан жып еткізіп тастай салып, сыртқа ұмтылдым.

 

Ғимарат алдына шығып, «уһ» деп демімді алып тұрғанмын. Қасыма орта жастағы медбике келді. Жаңада ғана дәрігердің алдындағы көп қағаздың арасына қыстырып кеткен менің конвертім қолында. Белорустың шашы да, өңі де сары әйелі бетіме жылы жүзбен жымиып қана:

 

– Мынауыңыз ұят болады. Бәлкім бізде екі ел арасындағы келісім-шарт бойынша ота да, ем де тегін жасалатындығын білмейтін де шығарсыз. Балаңыздың еміне сәттілік тілеймін. Сау болыңыз, – деп конвертімді қолыма ұстатты да, ішке кіріп кетті. Соңынан қарап тұрып, бетім дуылдады.

 

Минскіде екі аптадай болдық. Зертхана мәліметтерінің қорытындысынан кейін отаға кезекке қойды. «Қайта беріңіз­дер. Сәйкес донор табыла қалған жағдайда шұғыл хабарласамыз, шақыру алғаннан кейін жиырма төрт сағаттың ішінде жетулеріңіз керек», – деп шығарып салды.

 

Осы әңгімені айтқанымда Мәди Қожа­ұлы алдымен қияқтай қара мұрты жыбырлап, өзі де көрікті, жігіттің сұлтаны ғой, әдемі жүзі қабарып, іле зор даусымен қарқылдап күлді.

 

– Олардың қолдары таза. Мемлекет жалақысын төлеп отыр. Сондықтан бі­реу­дің жасаған сый-сияпатын алу дағдыларында жоқ. Бізде ғой ол, бергенге місе тұтпай, «мынауың аз ғой» дейтін. Мен сіздерге Минскідегі жаңағы жағдайға ұқсас бір мысал айтайын.

 

Біз бауыр салуды бастамаған кезіміз. Облыстың бір ауданынан көп жылдар бойы бауыры ауыратын, ауыстырмаса өмірі мүшкіл бір науқасты туысқандары мемлекеттік квотамен Минскіге дімкәс ағзасын ауыстыруға алып барады. Трансплантация орталығына жатқызылады. Операция да сәтті өтеді. Тақап келіп тұрған ажал қаупінен құтылған сырқаттың әкесі қуанғанынан ота жасаған дәрігердің бөлмесіне ол жоқта бір бума көк қағазды қалдырып кетпей ме? Кейін кабинетіне кірген хирург үстелінде жат­қан бұл «сыйлықтың» ота жасалған па­циенттің туысқанынан келгенін анықтайды. Оның қай қонақ үйге орналасқанын палатада жатқан баласынан біліп алып, жұмыстан соң шымкенттіктің бұған қалдырып кеткен «сияпатын» өзіне апарып береді. Минскідегі біздің әріптестер өз міндеттеріне, міне осындай адал мамандар.

 

Ал енді әңгімені созбай, сіздер келіп отырған мәселені шешуді байқап көрейік, – деп ұялы телефонын қолға алды.

 

Минскідегі іздеген адамы телефонға бірден-ақ қосыла кетті. Оның табыла кеткеніне біз «Е, Алла, жолымызды оңғара гөр!» деп қуанып отырмыз. Екеуара әңгіменің ауанынан Мәди Қожаұлы «біздің бір бала сіздерде кезекте тұр еді» дегеннен-ақ әріптесі оның аты-жөнін бірден атағанын, бұл жайды білетінін, әне-міне сәйкес донордың шығуын күтіп жүргенін аңғардық. Мәди Қожаұлы сөз ығытында баланың кезегі тым созылып бара жатқанын, жас жігіттің өз өмірін үйлестіретін нағыз шағы екенін, мүмкіндік болса, отаны тездетуді назарда ұстауын өтінді.

 

Шымкенттегі дәрігерге қияндағы әріп­тесі мәселені алдағы екі айдың ішінде шешуге тырысатынын айтқанын да естіп, Ағабек көкем де, мен де төбеміз көкке жеткендей масаттандық.

 

Мәди Қожаұлының септігі тиюімен Минскідегілер сөзінде тұрды. Осы әңгіме­ден екі айдан кейін немере ініме семген бүйрегінің орнына тірісі салынды. Бауырымның, туған-туысқанның ризалығында шек болмады.

 

Отадан бір апта өткенде реанимация бөлімшесінен палатаға шыққан немере інім Минскіден маған телефон соқ­ты. Жағдайының жақсарып келе жатқанын, жаңа әзірде ғана палатасына Мәди Биғалиевтің бір топ адаммен кіріп, хал-ахуалын сұрап кеткенін хабарлады. Ке­йін­нен біліп жатырмыз ғой, Мәди Қожа­ұлы Минскіге трансплантолог-дәрігер­лер­дің халықаралық симпозиуміне қатысуға барған екен. Әлемдік іс-шараға қатысушылар сондағы трансплантология орталығында да болады. Сол кезде Шымкенттен бір пациенттің жатқанын естіп, аты-жөнін естігенде өзі көмек қолын соз­ған жас жігіт екенін біліп, бөлмесіне кіреді. Әңгімелесіп, жай-күйін сұрайды. «Мынаны қажетіңе жаратарсың», – деп інімнің қолына азын-аулақ теңге де ұстатып кетеді.

 

Мұны естігенде әрі таңдандым, әрі сүйсіндім. Өзі түу алыстан келіп тұрғанда сол алыс жерде ем қабылдап жат­қан науқас жерлесінің жағдайын білуге ықыласын білдірген кішіпейілдігіне, ме­йір­бан­дығына кім де кім разы болар.

 

...Сезімі нәзік те сергек, жүрегі ақ, жаны адал адам деп нақ осы Мәди Қожаұлы Биғалиевтей арда туған азаматты айту керек шығар.

 

Жаныңыз жәннәтта болсын, Мәди Қожаұлы!

 

Жеңіс БАҺАДҮР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ