Анығына жетпей тұрып адамды кінәламаған абзал

22.11.2019
Қаралды: 95

Таяуда Түркістан облысының Шардара қаласында жұрт назарын аударған бір оқиға орын алды. Ол туралы әлеуметтік желіде хабарланып, түрлі пікірлер айтылып жатты. Осыған орай әріптесіміз, журналист Ұлықбек Үмбет Шардара ауданына арнайы барып, өзі көз жеткізген жайлар жөнінде «Фейсбуктегі» жеке парақшасында жариялады. Ол былай дейді:

 

« Шындығы осылай болған

 

З0-қазан күні Шардара қаласында кішігірім жол-көлік оқиғасы болған. Ол туралы әлеуметтік желіде әртүрлі мәлімет тарап жатыр. Оның шындығына қарағанда біреуге жабылған жаласы басымдау секілді.

 

Себебі оқиғаның шынайы куәгерінің пікірін ешкім сұрамаған. Сұрағандар жария­лауды қажет санамаса керек. Сондықтан біз арнайы рұқсатын ала отырып, жәбір­ленуші тарап пен оқиға куәгері Нұрлан мырзаның айтқандарын көпшілік назарына ұсынғанды жөн санадық.

 

Куәгер сөз арасында Роза ханымның еш кінәсі болмағанын айтады. Керісінше, 1,5 метр жерден бала алдынан жүгіріп шыққанда көлікті шеберлікпен тоқтатқан. Балаға көмектесіп, ауруханаға алып бар­ған.

 

Бұл жерде тоқтамайтын жерге көлігін тоқтатып, кішкентай баланы машинаның сол жақтағы есігінен шығарып, апаттық жағдайдың туындауына себепші болған такси жүргізушісі назардан тыс қалуда. Бұл жөнінде ел аузында мынадай сөз бар: «Жағдайдың бұлай шиеленісуіне жол-көлік оқиғасы емес, Розаның қызметі мен депутаттығы себеп болуда. Құзырлы орындарды қызықтырып отырғаны осы».

 

Бұл жөнінде тергеу барысына біреулер тарапынан қысым жасалуы мүмкін деген де жорамалдар жоқ емес.

 

Қалай болғанда да қос пікірді тыңдап, оқырманның өзі баға берер деген ойдамыз. Ең бастысы, біреуді кінәлі санауға асықпаңыздар. Біз журналистік зерттеуді алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз».

 

...Журналист Ұ.Үмбет осылай дей келе көлік қақты деген баланың анасы – атал­ған аудандағы Жаушықұм ауылының тұрғыны Жанерке Әбілқасымованың айтқандарын (суретте) бейнежазбаға түсіріп, жариялады.

 

«30-қазан күні балаларым және тағасы – бәріміз таксимен кетіп бара жатқанда мен оларды тағасына тапсырып, жолдан түсіп қалған едім. Содан спорт кешені алдында, «пешеходқа» 15-20 метрдей жетпей таксиді тоқтатып, тағасы такси ақысын беріп жат­қанда балам артқы есіктен, таса жер жақтан түсіп, жолдың арғы бетіне қарай жүгіріп кеткен. Қарсы беттен келе жатқан көлікті байқамай қалған ғой балам. Содан ол көлік «пешеходтан» өткен кезде балам машинаға барып соғылған.

 

Қазір балам Сержан Мұстафақұлдың жағдайы, денсаулығы – бәрі жақсы. Кеше медициналық сараптамадан өткіздік. Еш­қандай кінәрат жоқтығын анықтап берді. Менің ешкімге қояр кінәм жоқ, ешкімді кінәламаймын, ешкімге ешқандай дауым жоқ», – дейді баланың анасы.

 

Расында да, көлік қақты деген 5 жастағы Сержан есімді балақайдың жағдайы жаман емес сияқты, ол өзіне қойылған сұрақтарға орай еш жері ауырмайтынын, балалармен бірге жүгіріп ойнап жүргенін айтады.

 

Сондай-ақ оқиғаға көзбе-көз куә болған Нұржан есімді азамат та оның орын алуына көлік иесінің ешқандай да кінәсі болмағанын жеткізіпті. Айтуынша, ол көлігін жаяу жүргіншілер өткелінен баяулап өткізіп, енді жылдамдық ала бергенде жақын тұстан кенеттен жолды кесіп жүгіріп өтпек болған баланың өзі келіп көлікке ұрынған. Ал иесі көлікті бірден тоқтатып, балаға тиісті жәрдем көрсету үшін оны ауруханаға жеткізуге көмектесіпті. (Айта кетейік, бұл жерде әңгіме Шардарадағы кәсіптік-техникалық мектеп директоры, аудандық мәслихат депутаты Роза Жүнісқұлова жайында болып отыр).

 

Әлеуметтік желіде жарияланған осы екі бейнежазбаны көптеген адамдар көріп, төмендегідей пікірлер қалдырған:

 

Ерболат Жұмаханұлы: Біреуді кінәлауға асықпау керек, әрине. Ақ-қарасын біліп, сосын сөйлеу керек.

 

Еркен Аяғанов: Бұл жерде Роза ханым еш кінәлі емес. Бұл – жазым...

 

Kamy Nusupchan: Әр оқиғаның ақ пен қарасы бар. Ешнәрсенің мән-жайына көз жеткізбей тұрып кінәлап, қаралап кетуге асықпыз. Неге?  Мұндай жазмыштан еш пенде сақтанбаған. Автор дұрыс жазады.

 

Бәрінен бұрын балапан аман-есен, шүкір делік. Басқасына қол сұғып, адамға қара жағып, өзіміз бір сүттен ақ, судан тазадай кейіп танытпайық.

 

Sandugash Lesbek: Куәгер де Құдай деген адам екен. Осы оқиғаны ешкім көрмей қалса, не болмақ? Апай кінәлі болып кете бере ме?

 

Эльмира Ерназарова: Иә, дұрыс айтасыздар. Куәгер сөз арасында Роза ханымның кінәсіз екендігін мәлімдеді емес пе? Оқиға болған жерден бастап Роза ханым баланы жедел ауруханаға жеткізгендігінің өзі үлкен адамгершілікке жатады. Меніңше, Роза ханым бұл жерде кінәлі емес. Жазым... Қызметіне кесірі тимеуі керек. Интернет желісінен оқып отырып жай ғана жауып қойғым келмеді. Шындықты айта да, қорғай да білейік.

 

Бисен Есболов: Адамдар түсінбей тұрып кінәлауға шеберміз. Бұл жерде Роза ханымның кінәсі жоқ. Полиция істі тез қысқартуы тиіс.

 

Біздің Теміртауда қар көп жатады. Мұндай оқиға жиі болады. Бірақ мұндай жағдайда жүргізушіні кінәлағанды көрмеппін.

 

Мұратбай Шомпиев: Куәгерлердің айтуынша, Роза ханымның еш кінәсі жоқ екені анық болып тұр ғой. Ең бастысы, бала аман-есен, денсаулығына еш зиян жоқ.

 

Феруза Жұмабаева: Жалпы, дүрліге­тіндей, ары-бері тартатындай ештеңе жоқ. Мына айтысқа, сөз жарыстыруға нүкте қо­йылуы керек. Ұят емес пе?! Баланың, шүкір, дені сау, денесі бүтін.

 

...Қысқасы, жұрттың көбі осылай деп жатыр. Яғни бұл оқиғада баланы қағып кетті деп айтылып жүрген шардаралық Роза Жүнісқұлованың  нақты кінәсі жоқ сияқты. Олай болса, оны жазықсыз жазғырудың жөні бар ма?

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ