Судьяға 45 миллион теңге айыппұл салынды

20.11.2019
Қаралды: 60

Алматыда судья мен сот хатшысы сотталды. Қаладағы Медеу аудандық сотының азаматтық істер жөніндегі судьясы қызметін осыған дейін атқарып келген Әбілқайыр (бұл – фамилиясы, әйел кісі) мен сот хатшысы Рақышовқа қатысты сот үкімі шықты.

 

Судьяға 45 миллион 459 мың 600 теңге айыппұл салынды, ал хатшы 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің мәлімдеуінше, мәселе азаматтық іс бойынша жер телімінің шекарасын белгілеу төңірегінен шыққан. Істі оңды шешу үшін 10 мың доллар талап етілген көрінеді. Сотталушылар осы соманың 3 мың долларын алған деп айып­талып отыр.

 

...Жалпы, биылғы жыл бойынша бұл – Алматыда істі болған үшінші судья. Өткен ақпан айында қаланың Әуезов аудандық сотының судьясы А.Штейнке 10 мың доллар пара алған деген күдікпен ұсталған еді. Шілде айында ол қылмыс құрамы бойынша ақталды, қылмысы дәлелденбеді деп айтылды. Бірақ ол қызметтен кеткен болатын, оған судья әдебіне қарсы әрекет еткен, процессуалдық емес қатынасқа жол берген деп кінә тағылып еді. Ал өткен қазан айында А.Штейнке сот үкімімен сотталды. Бұл жолы оған «алаяқтық жасаған» және «пара беруге итермелеген» деген айыптар тағылды.

 

Сондай-ақ таяуда ғана Алматының  Наурызбай аудандық сотының судьясы істі болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің хабарлауынша, ол бұрын алған 100 мың теңге және 1900 доллар параны иесіне қайтарып беру әрекеті үстінде ұсталған. Ал параны ол метро құрылысына қажетті жер телімінің иесіне өтемақы алып беруге көмектескені үшін алған екен. Өтемақы мөлшері 97 миллион теңге деп есептелген.

 

Бүгінде бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Қандай нүкте қойылары сот шешіміне байланысты болмақ.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ