Зиянды сусындардан теріс батаның күшімен бас тартқызбақшы

20.11.2019
Қаралды: 86

«Замана» газетінің өткен нөмір­лерінің бірінде энергетикалық сусындардың зияндылығы туралы жазған болатынбыз. Бүгінде сол пайдасыз тәтті сулардың қатарын «Кока-кола», «Фанта», «Пепси» сынды газдалған түрлері де толықтырып тұрған көрі­неді. Мұны белгілі бизнес-тренер Ахмет Нұрсила әлеуметтік желі арқылы халыққа жеткізуге барынша тырысып жүр. Бір қызығы, ол кезекті бір видеосында адамдарға теріс бата берді. Ахметбек мырза адамдарға газдалған және энергетикалық сусындардың  зияндылығын осылайша түсін­діргісі келеді. Ол былай дейді:

 

«Ауру – астан, дау – қарындастан» дейді дана қазақ. Шындығында да біз қазір жарнамаға еріп, оның санамызды улағаны соншалық, өзімізді улайтын, бізге қатерлі ісік, жүрек талмасы, инсульт сияқты  адамды азаппен өлтіретін ауруларды әке­летін сусындарды маңдай тер, табан ақымен тапқан ақшамызға сатып аламыз. Соның бірі – газдалған сусындар мен энергетикалық сусындар. Оларды тіл үйіретін дәмді қылып, бізді ішкен сайын ішкіздіре беретін нәрсе – никотин қышқылы, эфедрин сияқты химиялық қоспалар және аспартам деген синтетикалық қант. Оның кішкентай түйіршігі тонналаған суды тәтті қылып жібереді. Сондықтан да бұл сулардың өзіндік құны өте төмен. Ал жарнамаға миллиардтап ақша салады. Олар сіздің денсаулығыңызды құртып, сізге бауыр ауруы, жүрек талмасы сияқты ауруларды әкелу арқылы ақша тауып жатыр.

 

Біз батаға, сөздің құдіретіне се­нетін халықпыз. Сондықтан алақандарыңызды жайыңыздар, мен сіз­дерге бата беріп жіберейін.

 

Е, Алла-тағала, кімде-кім осы ақпараттарды алып, осы сусындардың адам өміріне қауіп төндіретін, қасірет әкелетін зиянды сусындар екенін түсініп, бүгіннен бастап ерікті түрде соның бір тамшысын да аузына алмайтын болса, ол адамның өмірін ұзақ, денін сау қылып, өмірдің қызығын көруге жаза гөр! Әумин!

 

Асықпаңыз, әлі бата біткен жоқ. Енді қазақта теріс бата деген бар.

 

Е, Алла-тағала, кімде-кім осы зиян­ды сусындардың адамзатқа қасірет, өлім, түрлі жаман ауруларды әкелетінін біле тұрып, соны саналы түрде ішетін болса, ол адамдарды азапқа шалдықтырып, ауыртып, ірітіп-шірітіп өлтіре гөр! Әумин!»

 

Сөз арасында ал газды сусындарды ұдайы қолданудың арты неге апарып соғатынын төсек тартып жат­қан адамдардың видеолары арқылы көрсетеді.

 

«Енді әлгіндей сусындарды көрген кезде осы теріс бата бірден сіздің санаңызға келеді. Мен оған кепілдік беремін. Енді сізде құмарлық тумайды, әлгі сусындарға деген жиіркеніш сезімі пайда болады. Енді ол сусындарды біреу ақшаға тұрмақ, тегін әкелсе де ішпейтін боласыз. Біздің дүкендерде бұл сусындарға тыйым салынбауы керек. Адамдар саналы, ерікті түрде бас тартуы керек.

 

Барлық қазақтың бай да бақуатты болғанын тілейміз. Алпауыт компаниялар түкке тұрмайтын, ауру шақыратын сусындар арқылы біздің еңбекпен тапқан ақшамызды тонап жатыр. Ол сіз бен бізге керек пе? Әрине, керек емес.

 

Мен сізге айтып жатырмын, сіз бүкіл таныстарыңызға таратыңыз. Сол кезде бүкіл Қазақстанда бұл сусындар сатылмайтын болады. Ал сатылмаса, оны өндірмейді», – дейді ол.

 

Ахметбек мырзаның сөзінің жаны бар секілді. Бұл сусындардан бас тартқан да жөн-ау. Не дегенмен сақтықта қорлық жоқ қой.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ