Австралия қоянның қырылғанына қуануда

20.11.2019
Қаралды: 141

Австралияда – құрғақшылық. Бұл, әрине, жақсы емес. Бірақ Авс­тралия үшін оның әкелетін «жақсылығы» да бар екен. Яғни мұндай кезде бұл ел үшін жаудан бетер болып отырған жабайы ор қояндардың (кролик) арасында таралған вирустардың әсері күшейіп кетеді.

 

Әр 100 қоянның 75-і жантәсілім еткен

 

Мысалы, бүгінде Австралиядағы ең үлкен штаттардың бірі – Квинсленд жұртшылығы жабайы ор қояндардың 75 пайызы қырылып қалғанына қуанып жатыр. Өйткені өткен жылы мұндағы кроликтер саны бұрын-соңды болмаған мөлшерге жетіп еді. Сөйтіп олар ауыл шаруашылығына орасан зор шығын әкелген болатын.

 

Оңтүстік жарты шарда орналасқан Авс­тралияда жаз маусымы (желтоқсан, қаңтар, ақпан) енді басталады. Сондықтан жұрт зиянкестерден құтылған жерге егін егіп, жағдайымызды түзеп аламыз деп үміттенуде.

 

Еуропадан 24-і апарылған екен

 

Австралияға алғашқы ор қояндарды сонау XІX ғасырда ағылшын қоныстанушылары жеткізген екен. Яғни осыдан тура 160 жыл бұрын, 1859 жылдың күзінде Том Остин деген аңшылыққа аса құмар бір азамат 24 жабайы ор қоян апарыпты. Сөйтіп оларды бір туысының иелі­гіндегі жерге жіберген. Іші пысқанда кролик аулаймын деп ойлапты.

 

Ал сол 24 ор қоян болса, қарап жатпапты. Жаңа жер, ішіп-жем жетеді, қас­қыр, түлкі, жыртқыш құстар сияқты табиғи жаулары жоқ олар үшін Австралия бейне бір жұмақтай болыпты. Ор қояндар тез көбейген. Жылдың жылы мез­гілдерінің өзінде бірнеше мәрте төл­дейтін олар енді қысы жұмсақ Австралияда жыл он екі ай бойы ұрпақ өр­бітумен болған. Яғни бір аналықтан жылына 40-50-ден астам кролик өмірге келген. Жыныстық жағынан ерте жетілетін балалары да көп ұзамай-ақ жүздеп-мыңдап қатарын арттыра берген. Сөйтіп арада жарты ғасырдай уақыт өткенде олардың жалпы саны бірнеше ондаған миллионннан асып жығылыпты.

 

Кроликтер Австралияның фаунасы мен флорасына да орын толмас шығын әкеліпті. Көптеген шөптесін өсімдіктерді түп-тамырымен жеп, соның салдарынан табиғи азығынан айырылған бірқатар жануарлар жойылып кеткен. Жабайы ор қояндар фермерлердің егінін де тып-типыл етумен болған.

 

Ақырында Австралия үкіметі кроликтерге қатысты соғыс жариялаған. Жұрт оларды атып, улап, қақпанға түсіріп түбегейлі құртуға әрекет жасаған. Тіпті жылына 2 миллион ор қоян өлтіруге квота да болыпты. Бірақ бұл шаралардың бәрі оларды жоя алмаған.

 

Негізі кроликтердің адамдарға пайдасы да аз болмапты. Мысалы, 1890-шы, 1930-шы жылдардағы экономикалық дағдарыстар кезінде, соғыс жылдарында олар азыққа молынан пайдаланыл­ған, шаруалар оларды аулап, сатып табыс тауыпты. Кролик терісі бас киім, тон тігуге жұмсалып отырған.

 

Дегенмен жабайы ор қояндардан пайдадан гөрі зиян басым. Кроликтер өсімдік атаулыны жып-жылмағай етіп, оның үстіне жерден мыңдаған індер қазып, топырақтың эрозияға ұшырауына себеп болған, жас шыбықтарды сүйсіне жейтін олардың кесірінен ормандар өспей қалған.

 

Жолына 8500 шақырым шарбақ тартылған

 

Осы ор қояндарға тосқауыл қою үшін Австралия үкіметі 1907 жылы ұзындығы бірнеше жүздеген шақырымға созылатын тікенек сымды шарбақтар тартқан. Бүгінгі күндері оның ұзындығы 8500 шақырымға жетіп отыр. Оны қалыпты жағдайда ұстап отыру үшін үкімет жылына 15 миллион Австралия доллары көле­мінде қаржы бөледі.

 

Ал австралиялықтарға үйінде ор қоян асырауға, оны табиғатқа жіберуге, сатуға заң жүзінде тыйым салынған. Мұндай іспен қолға түскен жанға 40 мың Авс­тралия доллары мөлшерінде айыппұл салынады.

 

Жерді жыртып, улап, вирус жұқтырып жояды

 

Австралияда кроликтерге қарсы күрес жыл сайын жүреді. Мұның бір тәсілі – жер жырту, яғни жерді айдап тастау. Кәдімгі үй қоянынан айырмашылығы – ор қояндар жер астынан ін қазады, балаларын сонда туып, өрбітеді. Кролик төлі қоян баласы сияқты емес, соқыр күйде өмірге келеді, оның үстінде жүн болмайды. Жерді трактормен, соқамен қопарғанда ор қоянның індері бүлінеді, өздері де өледі.

 

Сондай-ақ ор қояндарға қарсы жарылыстар да жасалып жатады. Оларға қарсы улы химикаттар қолданылады. (Бірақ бұдан кейін олардың еті жеуге жарамсыз болып қалады).

 

1950 жылдардан бастап кроликтерге қарсы күресте биологиялық шаралар қолға алынды. Алғашында Оңтүстік Америкадан миксома вирусы жеткізілді. Вирус таралуы арқасында жабайы ор қояндардың саны 100 миллионға дейін азайды. Бірақ тірі қалғандарында вирусқа генетикалық қарсылық иммунитеті қа­лып­тасты, сөйтіп, 1991 жылы олардың саны қайтадан 300 миллионға дейін жет­ті.

 

Кейін ор қояндар арасында кальцивирус таратылды. Ол да алғашында ойдағыдай нәтиже берді, бірақ Австралияның ең басты «бас ауруына» түбегейлі ем бола алмады.

 

Қысқасы, Австралия үшін кроликтер мәселесі – бір жарым ғасырдан аса уақыттан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан проблема. Олар бұл елдің өсімдік және жануарлар дүниесіне, сондай-ақ ауыл шаруашылығына қыруар зиян шектіріп отыр.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ