«Үлгілі отбасы» байқауы: Ұрпағы көп адамдар бақ сынады

19.11.2019
Қаралды: 41

Өткен аптада Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында «Үлгілі отбасы» байқауы болып өтті.

 

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған бұл шараға қалалық ішкі саясат және дін істері, отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл депар­таменті қолдау көрсетті. Биыл бесінші рет болып отырған сайысқа қаланың төрт ауданынан сегіз отбасы қатысып, өнерлерін ортаға салды.

 

Аталған іс-шараға байланысты Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай мырзаның пікірін білген едік.

 

– Бұл байқауға қатысып отырғандар – 11-12 баласы, 40-50 немересі, 20-30 шөбересі бар, ұл-қыздары кәсіпте, мем­лекеттік қызметте жүрген үлкен отбасылар. Біз осындай үлгілі жанұяларды ел-жұртқа өнеге болсын деген ниетпен көрсетіп отырмыз. Күні кеше ғана бір күнде 300 отбасы құрылса, соның 150-і ажырасады деген ақпаратты есті­дім. Сағатына жеті жанұя айырылысады екен. Бұны айтудың өзі қорқынышты. Мұндағы мақсатымыз да сол, қазіргі жас­тардың арасындағы ажырасудың алдын-алуға аз да болса үлес қосу, – дейді ол кісі.

 

Сахнаға әр отбасы ұл-қыздарымен, немере-шөберелерімен бірге шықты. Бүлдіршіндер тақпақ айтып, жеті атасын тізбектесе, үлкендері домбырамен ән салып, би биледі. Ал ата-апалары «Кірме деген не?», «Отағасы, отанасы деген кім?», «Отбасы неден басталады?», «Қай кезде отқа май құяды?» деген сынды сан түрлі сұрақтарға сүрінбей жауап беріп, көрермен қошеметіне ие болып жатты. Сайыстың барысында «Бесікке салу», «Ат қою», «Тұсау кесу» секілді қазақтың салт-дәстүрлері қамтылып, қариялар бата берді.

 

Шараға қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ә.Ақмолда, қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы «Рухани жаңғыру» кеңсесінің басшысы З.Оралбаева, қалалық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі А.Құмарбеков, қалалық ардагерлер кеңесінің пленум мүшелері Ә.Оңалбаев пен Ө.Үсенбеков қазылық етті.

 

Сайыстың соңында олар қатысушылардың киім киісі, өздерін таныстыруы, салт-дәстүрге қатысты сұ­рақ­тарға жауап беруі секілді дүниелер­дің барлығын ескере отырып, барынша әділ шешім шығаруға тырысқандарын жеткізді. Бұл байқауда 1-ші орын­ды Қаратау ауданынан Унисәлі Усмановтың отбасы, 2-ші орынды Әл-Фараби ауданынан Жүсіп Рәт­бектің, 3-ші орынды Еңбекші ауданынан Әбдірасыл Құспанбетовтің отбасы алып, әрқайсысы 300 мың, 250 мың, 150 мың теңгенің көле­міндегі қаржылай сыйақымен және арнайы дипломмен марапатталды.

 

Қалған отбасылар 10 мың теңгелік сертификатқа ие болды. 

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ