Табиғаты таза жан еді

19.11.2019
Қаралды: 104

Марс Үркімбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай

 

1992 жыл – облыстық Кеңес атқару комитетінің таралып, ел билігі тек әкімнің қолына көшкен уақыт.

 

Елдегі жаңалықтарды басылымдардан, теледидардан оқып-естігенім болмаса, облыс әкімінің алдын көрмеппін. «Үркімбаев М.Ф» деген жазуы бар есіктің табалдырығынан аттадым. Төрде төредей болып отырған Марс Фазылұлы маған қарай жүрді. Жайғасуымды сұранды. Аз-кем үнсіздіктен соң: «Сіз туралы біраз мәліметтерге қанықпын, – деді орысшалап. – Шақыру себебім – облыс мәдениетін көтеруге тура келіп тұр. Ақылдасқан жігіттер сіздің кандидатураңызды қалап отыр», – деді.

 

Мен үнсізбін. Себебі, бұл – ауыр сала. Клубтар мен кітапханалар жаппай қысқартуға іліккен, жекешелендіру атты тажалдың кезеңі еді. Мәдениет – апат алдында. Ішімнен бұдан гөрі еркін қоғамдық жұмысым артық емес пе деп ойланып қалдым. Үнсіздігімді ұға алмай қалған әкім әңгімені жәйімен бастады.

 

«Мәдениет қазір сын көтер­мейді. Сіз ақын адамсыз. Мәдение­тімізді көтеру үшін еркін ой мен көзқарас ке­рек. Шығармашылық мүмкін­дігінің биік дең­­гейі қажет», – деп, маған сынай қарады. «Ол төрт аяғынан тұралап тұр ғой!» – деге­німде ол маған сұраулы кейіп­те қарады. Шамамда қазақы сөзімнің түп-төркінін түсіне алмады-ау деймін. «Не дедіңіз?» – деп сұрады. «Мәдениет төрт аяғымен құлаған!» – деп, түсіндіңіз бе дегендей, жүзіне көз жүгірттім. «Иә, мен де соны айтып отырмын. Сіз ең болмаса екі ая­ғын көтері­ңізші!» – деді ол кісі.

 

Орысшалау тәрбиеленген, шет аймақтарда өскен әкімнен кінә іздеудің өзі күнә. Сөзінен астар іздеуді қажет деп таппадым. Табиғаты таза жан екен. Кішіпейіл. «Мен сізге қызмет ұсынып отырмын» деген сыздану сыңайы байқалмайды. Ондағы жалғыз мақсат – қайткен күнде де салалық бөлімдердің қызметін жолға қою, жандандыру сияқты. Бұл кісінің нағыз зиялы отбасынан шыққандығы бірден көз­ге ұялап, көңілге де қонды.

 

«Марс Фазылұлы, байқап көрейін. Сізбен жұмыс істеу жеңіл болатын сияқты», – дедім. «Рахмет. Келістік. Тек ұстанымыңыздан қайта көрмеңіз, қалғанына біз кө­мекте­семіз», – деді ол кісі.

 

Бас-аяғы бес-он минуттың ішінде мем­ле­кеттік қызметкер болып шыға кел­дім. Осылайша, басы да, аяғы да жоқ тынымсыз жұмысқа белді шешіп кірісіп кеттім. Бұл республикамыз  егемендік алып, өз қолымыз өз аузымызға жетіп, той-томалақтың да көбейген кезі-тін. Оралда – Сырым батырдың, Қарағандыда – Бұқар жыраудың, Петропавлда – Ғабиттің, Мағжанның, Қостанайда – Бейімбеттің мерейтойлары, не керек, күнде жиын, күнде той. Мұн­дай тойдан, әрине, біздің Оңтүстік өңірі де құралақан емес еді. Бір жылдың ішінде Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы бес рет келіп кетті. Етіміздің үйренгені соншалық, шағын отбасымыздың Алматыда оқитын үлкен ұлы қатынағандай әсерде жүрдік. Іштен, сырттан келетін қонақтарды қарсы алу барысында Мәдениет ешуақытта да қалыс қалмайды. Әсіресе, тәуелсіздігімізді алғашқы мойындаған Түркия елімен аралас-құраласымыз ең жоғары деңгейге көтерілген кез еді. Республикаға ат басын тіреген түрік аға­йындар міндетті түрде Түркіс­танға зиярат ететін. Түркия басшысы Тұрғыт Озал бірнеше рет, одан кейін Сүлеймен Демирел де  ат басын жиі бұрды. Барлық қонақ күту, шығарып салу рәсімдері мамыражай жағдайда өтіп, әкімшілік тарапынан қабақ шыту, ескерту алу дегенді естімедік те, көрмедік те.

 

Өлкеміздің аудандарын аралау, мәдениет салаларының қызметіне бақылау жасау мен көмек беру –  негізгі мақсат. Таң алдында немесе түн ортасында Шардарадан, Созақ пен Жетісайдан сабылып, Шымкентке оралу мен үшін үйрен­шікті дағдыға айналды. Уақыттан жылдам не бар? Құм сағаттай сусиды. Қоңыр күз келіп, жерге алғашқы қар түсті. Қапы кіріп, күпі шығып жүргенімде тобығымды тайдырып алдым. Қасақана сол кезде Алматыға Мәдениет Министрлігінің алқа мәжілісіне шақырылдым.

 

Өзге облыстан келген әріптестеріммен бірінші рет басқосуым. Шетінен маңғаз. Күлкілері де, сөздері де хаттама бойынша жасалынғандай. Кейіннен Көкшетау жерінде өткен көшпелі алқада кездес­кенімізде, алғашқы әсерімізді айтып, күлісіп алдық.

 

Аяғымды ауыртып алған соң, таяқ ұстап жүргем. Алматыға аттанар алдында Жұмазия апам көк елтіріден қысқа тон, қалпақ тігіп берген. Қолымда таяқ. Әріптестерім Бауыржан Момышұлының макетіндей болып қайдан келген деген ойда болыпты.

 

Мәдениет басқармалары басшылары болып залда отырмыз. Төрде – құрметті төралқа. Мәдениет министрі, халық әр­тісі, белгілі композитор Еркеғали Рахмадиев бастаған, құрамында Әзірбайжан Мәмбетов, Базарбай Жұманиязов, Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісі Қуа­ныш Сұлтанов, т.б. қайраткерлер қатысқан осы жиында министр баяндама жасады.

 

Ел-елден келген мәдениет басшылары жарыссөзге шығып, сөз сөйлеуде. Тиянақтай келгенде, алдымен істелген жұмыстарына есеп беріп, атқарылмай жатқан шаруаларының көбін «қаржы жоққа» саяды. Ақыры шыдамым таусылып, мінбеге шықтым.

 

– Құрметті министр мырза, – дедім, – баяндамаңызды ыждаһаттықпен  тыңдадым. Менің сұрағым, соңғы бес жылда республика бойынша сексен шығармашыл ұжым шет мемлекетте өнер көр­сетіп қайтты дедіңіз. Сонда «Кіші Қазақстан» саналатын, Қазақстанның кіндігі деп атасақ жарасарлық Оңтүстік Қазақстан облысынан неге бірде-бір ұжым шетелге шықпаған? Әлде, бізде өнер ұжымдары аз ба?

 

Төте сөзіме, тіке қараған көзіме жалт етіп көзілдірігінің ар жағынан сүзілген министр қызарып кеткен сияқты. Ол кезде бағыныштылардың лауазым иелеріне жайсыз сұрақ қоюы аяқтан ша­лу немесе беделін түсіру деп табылатын. Министр оқталып, бірдеңе дей бере­йін дегенде, Орталықтан келген Қуаныш Сұлтанов орта жолдан бөліп жіберді.

 

– Ханбибі, сендерде неліктен мәшине көп «списовать» етіледі? Бір жылда алпыс үш мәшине жарамсыз деп есептен шығарылыпты. Бұл көп емес пе? – деп ұстамдылықпен сауал тастады.

 

Байқап қарасам, сенің үніңді өшіруге осы факті де жетпей ме дегендей, жұмсақ күлімсірейді.

 

– Қуаныш аға, ол мәшинелер сізбен, бізбен жасты!

– Сонда қай жылғы мәшинелер?

– Елуінші жылғы.

 

Залдан ду күлкі естілді.

 

– Рахмет, қарындасым, жасартып тас­тадың!

– Қуана беріңіз, Қуаныш аға, мәшине болғанда, сіз бен біз де «списанияға» кететін едік.

 

Залдан тағы да ду күлкі естілді. Осы кезде ес жиып алған министр әңгімеге араласты.

 

– Қарағандының әкімі мәдениетке жеті жүз елу мың теңге бөліпті. Ханбибі, сенің әкімің қанша қаржы бөлді?

 

Қызметті меңгеруге жедел қалыптасқаныммен, «бюджет, қаржы» дегенге тәжірибем жете бермейтін. Жылдам қисынға көштім. Нартәуекел! Жауап беріп көрейін.

 

– Біздің облыстың әкімі Мәдениетке миллион бөлді!

 

Манағы манағы ма, залды таңданыс­қа толы уіл басып кетті. Қалам ұшымен үстелді тақылдатқан министр жұртты тыныштық сақтауға шақырды.

 

– Жарайды, Ханбибі, отырыңыз! – деді даусы жұмсарып.

 

Ертеңіне «Қазақ әдебиеті» газетінің бірінші бетінде «Оңтүстік ерледі» деген мақала жүр. Көңілдің күптілігі енді басталды.

 

...Таңертең пойыздан түстім де, бірден жұмысқа тарттым. Бас есепшіні шақырт­тым.

 

– Бізге биыл облыс бюджетінен қан­ша қаржы бөлінді?

– Төрт жүз алпыс мың!

– Сау болыңыз, – дедім есепшіге, – бұл менің сізбен қоштасуым!

 

Әлі сырын ұғып үлгере алмаған есеп­ші маған таңдана қарап, иығын қиқаң еткізіп, шығып кетті. Отырған орнымда қаттым да қалдым. Өз-өзіме келген соң, облыс әкімінің арыз жаздым да, бірден әкімге тарттым. Ол орнында екен. Хатшы қыз ішке кіріп баяндап шықты.

 

– Кіріңіз...

 

Ішке енерін еніп алып, тілін жұтып қойған баладай үнсізбін.

 

– Халіңіз қалай?

 

Алдына арызымды тастадым.

 

– Не болып қалды?

– Марс Фазылұлы, мен масқара болдым.

– Асықпай түсіндіріңізші.

 

Алматыға мәдениет қызметкерлерінің алқа мәжілісіне барып келгенімді, онда өзімнің не айтып, не қойғанымның бірін де жасырмай айтып бердім.

 

– Өте дұрыс. Оңтүстіктің намысын сіз қорғамағанда, кім қорғайды? Оның үстіне бір көркемөнер ұжымының Түркияға баруына жолдама алып келіпсіз, бұл да тамаша!

 

 – Жоқ, Марс Фазылұлы, әңгіме онда емес, мынада! – деп, «Қазақ әдебиетін» ұсындым.

 

– «Оңтүстік ерледі!» Мұнда тұрған не бар?

 

– Қалай түсіндірсем екен, жалпы мен қаржы жағынан сауатсызбын, ұқпаймын, түсінбеймін, сондықтан, жұмыстан босатуыңызды сұраймын.

 

– Білмегенің дұрыс. Жалпы, бастықтардың қаржы жағын терең меңгергенінен гөрі, жұмысты терең білгенін қалар едім. Ал сіз өз ісіңізді ойдағыдай атқарып жүр деп ойлаймын.

 

Қайтсем екен? Екеуміз екі тілде сөйлеп, түсініспей отырған сияқтымыз. Қайтіп түсіндірсем?..

 

– Марс, Фазылұлы, мен министрге «Әкім мәдениетке миллион бөлді» дедім. Ал шын мәнінде бюджеттен бізге бөлінген қаржы миллионның жартысына да жет­пейді. Енді түсіндіңіз бе? – деп, орнымнан көтеріліп, әкімнің бетіне тіке қарадым.

 

– Раз вы обещали миллион – миллион будет! – деген әкім үстелде жатқан арызымды қолыма ұстатты.

– До свидания!

– Мұны не істеймін?

– Архивіңізге сақтап қойыңыз. Бір кезде қажет болады.

 

Есіктен жүгіріп шықтым ба, ұшып шықтым ба, әлі күнге есімде жоқ.

 

* * *

 

1993 жыл – мәдениет үшін тарихи жыл болды. Қаладағы мәдени мекемелермен қатар, аудандық мәдениет бө­лімдері қос-қостан көлікті болды. Шал­ғай мекендегі клубтар музыкалық жапондық аппараттармен жаңғырды. Барлық мәдениет мекемесі қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мәдениеттің түтіні түзу ұшты. Осының бәрі Марс Үркімбаевтың арқасы еді!

 

Өмірде әр адамға бұйырған өз соқ­пағы бар. Менің де маңдайыма жазыл­ған иір-шиыр жолдарымның бір тармағы осы Марс ағадай текті, зиялы, ілімді-білімді, таза жанмен аз-кем сұхбаттасып, көз сәулесін түсіріп, көкірек тереңіне үңіле алғаным үшін қуанышты шығармын.

 

Біз үзеңгі жолдас болмадық. Жанына мысықтабандап жақындап, бейкүнә жандардың көлеңкелі жағын «пыш-пыштап» өсек-өтірік айтпадық. Кейбір «әкімшік әйелдердей» оңаша отырып, стақан қағыстырмадық. Ең расы сол, ол кісінің мені әлдеқашан ұмытып кеткендігі. Бірақ, бұл шарт емес. Негізгісі, өзінің таза болмысымен, ізет-тілегімен, бауырмал ние­тімен қиялымның төрінен өшпегендігі.

 

Тектілік із тастайды, тұқым қуады. Әйтпесе, қолына қалам ұстағандардың піріне айналған Тәкен Әлімқұлов ағаның болмысынан өзі орысша өссе де осы Марс ағаның бейнесі сығалап тұрғандай. Зиялылығы сол – жеті атадан ел ұстаған, еңбегімен бай болған, қараны аузына қарата алған тектілердің жалғасы. Әкесі Фазыл өмір бойы әскери қызметте, атақ-шенге иелік етсе, оның үстіне бірнеше тіл білумен қатар, өз ана тілін ешқашан ұмытпаған, тіптен жазып-сызатын ақынжанды екенін де көзіқарақты жандар білер де мойындар. Бәйдібек ауданының Майбұлақ аталатын көкмайсалы, таза табиғатты жайлаған атасы Үркімбай, одан әрі жалғасатын Қойлыбай, Майлыбайлар да тегін кісілер емес-ті. Мұның бәрін қайдан білейін, тағдыр айдап Марс ағаның анасы Ділбар анамен аурухана бөлмесінде табыспағанда. Жасының ұлғайғанына қарамастан  «Майбұлақтың келіншегі» атағанымда ағынан жарылып, «Ол рас» – деп ақтарыла күлетін. Ол кісі келін болып түскен жері жәйлі шежірелетіп сөйлегенде, кешегі кәмпеске, одан халық жауы деген жалалы кезеңдер көрініс бергенде, бұл кісілер де ол құрықтан аман қалмапты.

 

Кешегі кедей-кепшік, құл-құтан бір кезде ханға сәлем бермейтін Майлыбай жөнінде «Майлыбайдың шекпені қапқа айналды» деп келемеждеп, күлмес те еді-ау! Саясаттың құрбаны болып, ұрпағы жан-жаққа шілдің қиындай шашылмаса, Марс аға Мәскеуде тұрып, Қытайда өспес еді-ау, – деп ойлайсың кейде. Сол тектілерден қалған қара шаңырақта бірнеше ұлттың бас қосуы, әсіресе, Марс ағаның бәйбішесі Татьяна Николайқызының да ағаға адалынан жар болып табылғанына іштей қуанасың. Өзге ұлттың қызы бола тұра, жарының алдын кесе өтпей, ойындағысын дөп басып, маңында шыркөбелек айналып жүргенін көргенде, «Шынында да бақытты жан – жалғыз сол!» деген пікіріңнен айни алмассың. Ол жарын сүймесе баласына да, немересіне де «Марс» деп ат қоймас еді. Тақ көрсе табандап жабысып қалатын өзге әкімдерден айырмашылығы сол – Марс Фазылұлы үлкен лауазымнан өз еркімен бас тартқан бірінші әкім және Оңтүстік Қазақстанның экс-әкімі ретінде тарихта қалады. 

 

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

«Парасат» орденінің иегері.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ