Аида қыз жастарды қазақ еліне қызмет етуге шақырады

19.11.2019
Қаралды: 113

Соңғы кездері қазақ жастарының шет мемлекеттерге ағылып кетіп жатқаны жасырын емес. Әлі де кеткісі келетіндер, сол мақсатта тіл үйреніп жүргендер, келешегін елден жырақ жерде елестетіндер баршылық.

 

Сондайда «Қазақстанның болашағы қандай болар екен?» деген үрейлі ой туады. Бірақ та жастың бәрі жаппай жат елге кетеді дейтін келеңсіз пікірді шетке ығыстырып қоюға да әбден болады. Себебі мемлекеттің болашағы алаңдататын жастар да аз емес. Солардың қатарында 18 жастағы кәсіпкер Аида Пернебек те бар. Ол шетелге аяқ басқалы жүрген жас буынның бетін бері қаратудың бір жолы оларға заманауи білімді меңгертуде жат­қанын айтады. Біз шымкенттік қыздың өзімен тілдесіп көрген едік.

 

– Қазақстаннан 300 мың жас шетелге түбегейлі көшіп кетті. Бұл жерде тек жұмыс бабымен, тұрақты түрде белгілі компанияларға жұмысқа тұрған жастар жайында айтып отырмын. Мұнда тізімге қосылмаған менің достарым да бар. Жаныңа бататыны – соның ішінде көзі ашық, көкірегі ояу, заман талабына, сұранысқа сай білім алған, елдің дамуына үлесін қосушы жастардың кетуі. Мұның себебі материалдық жағдайда ғана болып тұрған жоқ. Өзім танитын, біздегі мықты оқу орындарын бітірген жас­тардың 80-90 пайызының ойы шетелде тұру, сонда өмір сүру. Ал біз сияқты жастар қолымыздан келгенше оларға әсер етуге тырысудамыз.

 

Қазір бізге ең алдымен өзіміздің материалдық жағдайымызды шешуге септігін тигізетін білім алып, сол арқылы табыс көзін тауып, елді ояту керек. Маған қойылатын сұрақтардың 70-80 пайызы «Қандай мамандықта оқысам болады?» деген сауалдың төңірегінде болып келеді. Бастысы – пайда келтіретін білімді ал. Студенттік шақ қызық қуып қыдыру, ата-анаңның ақшасын құрту емес. Білім ата-ананың эгосы үшін алынбауы керек. Әрбір жас адамда кез келген кәсіпті игеруге арналған қабілет бар. Қабілетіңді уақытқа, пайдасыз қызыққа айырбастама. Жүсіпбек Аймауытов: «Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар, халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр», – деген. Әрбіріміз осылай ойласақ, елдің берекесін кетіруші, біздің далада «шашылып қалғанымызды» қалайтын ниеттілер бізді қоршамас еді, – дейді Аида.

 

Кәсіпкер қыз сырттан нәпақа іздемей-ақ, Қазақстанда да бизнес бастап, материалдық жағдайды көтеруге мүмкіндіктер бар екенін, ол үшін тек қоғамға қажетті білім алу керектігін айтады. 

 

– Түріктер, қытайлар, тағы да басқа ұлттар Қазақстаннан ақшаны алып кетіп жатыр. Мысалы, өзіміз көзбен көріп жүрген «Яндекс», «Индрайвер» бар. Бір көлік, бір таксисі жоқ олар Ресейде отырып-ақ кәсіп жасап жатыр. Оларға қазақстандықтар қызмет етуде. Сол секілді қазір кез келген адам Қазақстаннан бизнес бастап, табыс таба алады. Тек жалқаулықты қою керек. 

 

Қатарластарыма айтарым – білімнің заманауиын, керектісін алған дұрыс. Ол білімнің болашағы бар ма, жоқ па, ертеңгі күні сол арқылы жақсы табыс тауып, өз отбасын қамтамасыз ете ала ма – соны ойлану керек. Жастар грант­қа түсуін түсіп алады да, бітірген соң ол мамандықпен жұмыс істе­мейді, істесе де 50-60 мың теңге жалақы алып отырады. Ол келесі айға дейін жетпейді. Сондықтан әр адам кәсіпкер болуға лайықты. Бұл әркімнің өзінің жеке тұлға болуы, өсуі үшін керек.

 

Мен кәсіпті 17 жасымда бастадым. SMM маманы болып жүргеніме бір жылдан асты. SMM – бүкіл әлеуметтік желілердің жиынтығы. Қазіргі таңда мен «Іnstagram» ар­қылы табыс тауып жүрмін. Кәсіп­керлердің парақшаларын жүргізіп, клиент әкелемін. Содан соң осы сала бойынша ақылы курстар жүргіземін. Әзірге айына 300 мың теңге табамын. Мұндағы әрбір тиыным адал жолмен келеді. Алдағы уақытта табыс көлемін ұлғайтамын. Ондағы мақсат – ата-анама, туыстарыма, өзіме жағдай жасау, халыққа қызмет ету, – дейді ол.

 

Аида шетелге кеткен қазақ жастарын қолдамайтынын, олардың Қазақстан үшін атсалысқанын қалайтынын да ашық жеткізді.

 

– Қазақпыз ба, шетелді емес, қазақ жерін дамытып, көтеру қажет. Оған біз міндеттіміз. Басқа елге барсақ, бізге ешкімнің жаны ашымайды. Кезінде Алаш зиялылары, Әлихан, Міржақып, Ахмет аталарымыз осы ұстанымды ұстанып кеткен. Жүрегіміз қазақ деп соғуы керек. Шетелге барғанмен біз дінімізден, салт-дәстүрімізден, қазақилығымыздан, мәдениетімізден – барлығынан жұрдай боламыз. Сондықтан елде қалу керек, қазақ елін сатпау керек, елді сатқаны – өзін сатқаны, – дейді Аида.

 

Осылай деген қазақ қызы кәсіпке байланысты кеңес сұрап келетін жас­тарға бағыт-бағдар беруге әзір екенін де айта кетті. «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген осы болса керек.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ