Жастар сәукеленің сәнін ғана емес, мәнін де ұғынса екен

19.11.2019
Қаралды: 87

Қазақтың киімі – қазақтың мәдениеті. Ұдайы осындай ұстанымда жүретін алматылық әнші ару Әсем Бижан қазіргі тұрмысқа шығып жатқан кей қыздардың сыртқы бейнесіне көңілі толмайтынын айтады. Ол сәукелені ашық-шашық көйлекпен өз білгендерінше үйлестіріп киіп жүрген қалыңдық қыздарға ренжулі. Әнші қыз оның көзге тым ерсі әрі оғаш көрінетініне ренжулі.

 

– Кішкене кезімде ата-анам мені сәукелемен сахнаға шығарарда алдымен үстіме ақ майка не іш­көйлек, содан кейін барып көйлектің өзін, оның үстінен кәжекей не камзол кигі­зетін. Сонда жабық денеңе асыл тастар мен оюларға тұнып тұрған бас киімді кигенде ерекше күйге еніп, үлкен жауапкершілікті сезінетінмін. Айтылатын әндерімнің көбі патриоттық жанрда болған соң сәукелемен үйлескен қазақы киімім бойға қанат бітіріп, қобалжудан біржола айыратын еді. Дәл сондай сұлу кейпіммен қандай да бір іс-шараға қатыса қалсам, қазақтың қызы деген мәрте­белі атауға ие болып жүрге­нім үшін мақтанып қалатынмын. Бала кезден қалыптасқан сол сезім әлі күнге дейін қаз-қалпында.

 

Осы күні ұзатылған қыздардың біра­зының киіміне көңіл аударып қарасам, сәукелесі бар көйлектердің көбісінің төсі ашық, жеңі жоқ бірдеңе. Менің бір түсінбейтінім, сонда қалыңдық киім таңдап тұрғанда, тіккізуге тапсырыс бергенде әке-шешесі мен үйдің үлкендері қайда қарайды? «Қызым, мұның ұят болады, көйлектің жеңі мен етегі ұзын, төсі жабық болуы керек, көрген жұрт қызына тәрбие бермеген деп бетімізге басады», – дейтін, соны түсіндіретін апаларымыз қайда? Киген киіміне жеңіл қарап, ғазиз басына осылай құрметсіздік танытса ертеңгі күні балалары мен ұрпақтарына не үлгі көр­сетпек?! Кей арулар: «Қазақтың киімдерін киіп, насихаттап жүрген жоқпыз ба?», – деуі мүмкін. Бірақ әлгіндей көйлектерінің басы – қазақ, мойнынан төмені – Еуропа болып тұрғанын қыздың өзі білмесе де, анасы не үйдің үлкендері, апалары байқауы тиіс қой, – дейді Әсем.

 

Сондай-ақ, ол сәукеленің киелі дүние екенін қазіргі жас қыздарға барынша түсіндіргісі келетін айтады.

 

– Ата-бабаларымыздың осындай асыл мұрасын үстімізге шақтап жатқанда дәре­же­сін төмендететіндей не күн туды басымызға? Онсыз да хайп іздеген арулар өздерін жарнамалау арқылы сәукелені ойыншық қылып, оңды-солды кие беруді сәнге айналдырды. «Осы сәукеленің киесі түбі сол аруларға бәле болып жабыспаса игі еді...» деп қорқамын.

 

Қыздарымыз әртістерге еліктейді дей­міз. Ел алдында жүрген Т.Асар, Қ.Әбіл­дина, А.Тұрсынбаева секілді әпке­леріміз қолынан келгенше қазақтың киім­дерін дәріптеп, сәукелені де, бөрікті де, қазақша көйлекті де, бешпент пен камзолдарды да әдемі үйлестіріп, жарқыратып киюде. Иә, үлгі болар әпкелеріміз де бар, ойымыздағыны тігіп беретін тігін­шілер де жетерлік. Дүкендерде сан түрлі әшекей тастар мен маталар толып тұр. Ендеше абыройымыз бен арымыздың, асыл мұрамыздың сақталып қалуына неге қадам жасамасқа? – дейді Әсем.

 

Расында да, бас киімге ежелден баса мән берген халықпыз. Ал оның өзіндік құрметі барын қазіргілер қайдан ұқсын?

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ