Жапондар аула сыпырушыға да құрметпен қарайды

19.11.2019
Қаралды: 73

Біз үнемі Жапония сияқты ел болуды армандап, сөз етеміз. Алайда біздің санамыз, мәдени деңгейіміз бен отансүй­гіш­тігіміз, ұлтшылдығымыз сол деңгейге жетті ме?

 

Мысалы, Жапонияда аула сыпырушы деген – ең құрметті қызметтің бірі. Өйткені ол қызмет иелерінің арқасында жапон халқының даму деңгейі мен мәдениетін әлем халқы білетін болaды деген түсінік бар. Аула сыпырушы өз қызметін қаншалықты жақсы атқарса, соншалықты қала таза. Демек, туристің де «таза Жапония» жайлы ойы қалыпты болады деген сөз. Сол үшін де олар ай сайын аула сыпырушыға 2200 доллардан жалақы береді.

 

Жапонияда көптеген басшылар өз компанияларының алдын өздері сыпырады. Оны бір жағынан жаттығу санаса, екінші жағынан тазалықты өздері тікелей қадағалауды ұнатады. Әрине, ондай компанияларда аула сыпырушылар да қызмет етеді.

 

Ал енді біздің қоғамға қайта оралайық. Көптеген жандар аула сыпырушыны көрсе, оны қоғамның ең төменгі табы не өмірде жолы болмаған жан санайды. Өйткені біздің қоғам үшін жетістіктің басты белгісі аула сыпыру, ыдыс пен көлік жуу, даяшы мен күзетші, жүк тасушы болмау арқылы өлшенеді. Қоғамдағы көп адам аталған қызмет түрлерінің бар болғаны жұмыс екенін ескере бермейді.

 

Қоғам үшін ұстаздың, дәрігер мен өрт сөндірушінің маңыздылығы қандай болса, еден жуушы мен аула сыпырушының маңыздылығы да дәл сондай. Біз қашан осыны түсінеміз, сол сәтте шынайы алға жылжу болады. Ал оған дейін шай басында «Қашан Жапония сияқты ел боламыз?» деген әңгіме жалғаса бермек.

 

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ