Мал ұрлайтындарға жазаны қатайту керек

18.11.2019
Қаралды: 72

«Замананың» өткен нөмірін­дегі «Бәйдібек жақта бір үйір жыл­қы ұрланды» деген тақырыппен жарияланған мақаланы оқып, ойланып қалдым.

 

Иә, газет өте маңызды мәселе көтеріпті. Ондағы ішкі істер органдарына айтылған сынды да өз басым толық қолдаймын. Мал ұрыларына кесілетін жазаны қатайту керек деген ұсынысқа да толық қосыламын. Біреудің табан ақы, маңдай терімен тауып, асырап-бағып отырған малын ұрлайтындарды шынында да, аямау керек.

 

Осы орайда былтыр Төлеби ауданы жаққа құдалыққа барғанда естіген әңгіме есіме түсіп отыр. Осы аудандағы бірнеше ұлт өкілдері тұратын ауылда жылда жылқы жоғалады екен. Адал малынан айырылып, зар илеп жүргендер көп деп естігенмін. Мұндайда неге құқық қорғау орындарына айт­пайсыңдар деп таңқаласың ғой. Мен де солай дегенмін. Қазіргідей полиция жеткілікті, техника дамыған, байланыс құралдары жетіп-артылатын заманда ұрыны ұстау қиын емес қой деген ой келген. Сөйтсем, баукеспелерді ұстау оңай емес сияқты. Әлгі әңгімені айт­қан кісі: «Біз жергілікті де, аудандық та полицияға бірнеше мәрте шағымдан­ғанбыз, одан түк те шықпайды», – дейді. Жұрт құқық қорғау орындарына сенбей­ді, тіпті оларды ұрылармен сыбайлас болуы әбден мүмкін деп айтып жүргендер де жоқ емес екен. Ұрланған мал аспанға ұшып немесе жердің астына түсіп кеткендей ізім-ғайым жоғалып, полиция оны еш таба алмағасын жұртта осындай күмән пайда болыпты. «Енді облысқа шағымданамыз», – деген еді қария. Ары қарай не болғанын білмедім.

 

Ол кісі сол кезде бір сұмдықтың шетін шығарған еді. «Жеке арыздан­ғаннан түк шықпайды, бәріміз жабылып арыз жазайық десем, малын жоғалтып отырғандардың өзі басын алып қашады. Ұрының кім екенін, қайдан келетінін бәрі біледі, бірақ оның ұрлығын дәлелдей алмайды. Қазір жұрт сақалыңды да сыйламайды, бірер қарияларға біреулер тыныш жүріңдер дегендей болыпты, содан қорқып жүр. Өзімізге, болмаса, балаларға зияны тиеді деп қорқады», – деді ол кісі.

 

«Апыр-ай...» деп қалған едім сол кезде. Таяуда Бәйдібек ауданындағы бір тойда болғанымда да жұрттан осыған ұқсас әңгіме естідім. Бұл жақта да жылда жылқы ұрлығы болып тұрады екен. Бір ауылда жұрттың жылқысын бағып жүрген бір адам 40-50 жылқыны бірден жоқ қылыпты. Мал иелері сұраса, білмеймін деуден танбапты. Кейін сол адамды Төрткүлдегі мал базарынан қайтып келе жатқанда көлік қағып кетіпті. Жұрт жылқы ұрлығы мен адам өлімінің арасында қандай да бір байланыс болуы мүмкін деп жорамалдапты да қо­йыпты.

 

Айтайын дегенім, қай кезде, қай жақта болмасын екі-үш жылқыны немесе бір үйірді жеке бір адам ұрлай алмайды. Бұл жерде ұйымдасқан топтың әрекеті көрініп тұр.

 

Ауылды жерлерде мал ұрлайтын да, малын іздеген адамды қорқытатын да топтар болуы мүмкін. Бәлкім олар қалада тұратын да шығар. Ал малды оларға біреу көрсетіп немесе шығарып беріп отыратын болса керек.

 

Ал осындай жағдайлардың бір емес, бірнешеуі болып, ұрлық жылдар бойы тыйылмай отырса, шынында да дабыл көтеру керек қой. Құқық қорғау орындары ойлануы керек, халықтың өздеріне деген сенімі жоғалмауын ойлауы керек. Ұрыны ұстап, жазалап жатса, олар мал иелерін қуантып, алғыс алар еді, жұрттың оларға сенімі артар еді. Жалпы, мал ұрыларының жазасын қатаңдату керек дегенге өз басым қосыламын.

 

Б. РЫСҚҰЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ