Түркістанда пәтерақы «аспандап» тұр

18.11.2019
Қаралды: 141

Түркістан облыс орталығы мәртебесін иеленгелі бері онда жалға берілетін пәтер ақысы күн санап қымбаттап барады. Өйткені қалаға жұмыс бабымен барып тұрақтап қалушылар қатары көбейіп отырғаны белгілі. Осы орайда жалға берілетін пәтерлерге сұраныс артқан.

 

Кешегі аптада әріптесіміз, журналист Төребек Байтасов әлеуметтік желіде осыған қатысты жазба жариялады. Бір азамат «Квартира. Ұзақ мерзімге. Барлық жағдайымен» деп жарнама беріпті. Пәтер ақысы 170 мың теңге деп  көрсетілген. Яғни бұл пәтерді жалдаған адам айына осынша сомада ақы төлейді деген сөз. «Осыдан 1 жыл бұрын 15-20 мың теңгеге берілетін үйлер қазір осындай», – дейді әріптесіміз. Сурет астындағы жазбаға қарағанда, үй кірпіштен тұрғызылған, аса ескі емес, ал пәтердің өзі 4 бөлмелі сияқты.

 

Әрине, баспана мәселесі қашанда өзекті мәселе. Сондықтан да бұл жазбаға назар аударып, пікір білдіріп жатқандар аз емес. Барлығының сөзі пәтер жалдаудың қымбаттығына саяды. Мысалы, Т.Байтасовтың жазуына қарағанда, Түркістанда қазір жылумен қамтамасыз етілмеген 1 бөлмелі пәтердің жалдау құны бір айға 70 мың теңге болып тұр екен.

 

Гүл Советханқызы есімді желі қолданушысы «100 мың теңгеге, екі бөлмелі, барлық жағдайы жасалған» деп жарнамаланған пәтерді барып көргенін жазып, түсірген бейнежазбасын салыпты. «Барып көргенмін, жылап шықтым. Қасымдағы жігіттер куә. Сасық иісін айта алмаймын», – дейді ол. Соған қарағанда, Түркістандағы тазалық жайы онша емес пәтерлердің де жал ақысы «ұшып» тұрған сияқты.

 

Жұрт осыдан 1 жыл бұрын ғана 15-20 мың теңгеге беріліп тұрған пәтерлердің ақысы бұлайша қымбаттауына наразы. Өйткені бүгінде қымбатшылық жұртты онсыз да жағадан алып тұр, бәрінен бұрын азық-түлік бағасы қымбат.

 

Пәтерді жалға беретіндердің әрекетін қанағатсыздыққа теңеп, ашуын білдіріп жатқандар бар. «Аязды-боранды күндері бағаны екі еселеп жіберген таксистерді де, ауылын су басса, резеңке етікті 5 есе бағасына сатқан саудагерді де көргенбіз. Халықтың өзіне-өзі жаны ашымайды», – дейді желі қолданушыларының бірі Бағдат Амангелді есімді азамат. «Жұмыссыз, пәтер жалдап жүрген жергілікті халыққа да обал болды. Баға көтерілгенде қайда кетерін білмей қалған – солар. Мемлекеттік қызметшілерге ертерек үй берілсе, баға реттелетін шығар. Әйтпесе мынау сұмдық қой!» – дейді Жансая Шорабекова.

 

Ал Гүлжауһар Исахан есімді желі қолданушысы бұлай кете берсе Түркістанда мықты кадрлар тұрақтамас деген қауіп білдіріпті. «Көп таныстарым шынымен де баспана, тамақ, такси бағасы қымбаттап кетті деп айтып жатыр. Айдан айға бір жалақымен күн көріп жүрген адамдардың бар тапқаны әркімнің аузында кеткені мүлде дұрыс емес. Бұлай жалғаса берсе, Түркістаннан мықты кадрлардың бәрі кететін сияқты. Жауапты орындар шұғыл бақылауға алса дұрыс болар еді», – дейді ол. Оның сөзін Гүлмира Саржанова былай деп қостайды: «Бұл нәрсеге шектеу қою керек деп ойлаймын. Жалға берілетін пәтер иелері салық төлеп жатыр ма? Не деген масқара?! Азық-түлік қымбат, Түркістанда такси де  қымбат. Пәтер де қымбат. Ал жалақы төмен!»

 

...Иә, Түркістанда пәтер жалдаушыларға қиын болып тұр екен, олар тапқан-таянғанын біреулерге «жылап» отырып беруге мәжбүр. Қайтеді енді, бүгінде күн суытып келеді, далада тұра алмайды ғой, баспана керек. Осындайда жал ақысын тым қымбаттатып жібергендердің «тәбетін» шынында да ырықтау керек сияқты. Жұрт бекерден-бекер шырылдамайды ғой.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ