Халықаралық еркектер күні құтты болсын!

18.11.2019
Қаралды: 132

Ер-азамат қашанда ел қорғаны, жұрттың арқасүйері, отбасының асыраушысы, қамқоры. Қай заманда, қай елде болмасын солай. Сондықтан да «Отан қорғаушы күні», «Әкелер күні» деген сияқты мерекелер әр елде бар. Ал алдымыздағы 19-қарашада әлемде Халықаралық еркектер күні аталып өтеді екен.

 

Төл мереке оныншы мәрте аталып өтпек

 

Жалпы алғанда, еркектердің мерекелік күнін белгілеу сонау 1960 жылдардан-ақ айтыла бастаған екен. 8-наурызда Халықаралық әйелдер күні аталып өтетіндіктен жұрт бір күнді еркектер күні ретінде бекітейік деп бастама көтерген. Ақырында 1990 жылы АҚШ-та алғашқы әрекеттер жасалыпты, 1994 жылы тұңғыш рет ол сәтті түрде аталып өткен. Содан арада біраз жылдар үзілістен соң ол Мальтада мерекеленіпті. 2009 жылға дейін жұрт оны ақпан айында мейрамдапты, кейін халықаралық ортақ деңгейде 19-қарашада атап өту жөнінде шешім қабылданған. Бұл бастаманы Австралия, Кариб теңізі аумағындағы және Таяу Шығыстағы, Еуропадағы елдер, БҰҰ мен ЮНЕСКО қолдап шыққан.

 

Ал Халықаралық  еркектер күні тұңғыш рет 1999 жылы 19-қарашада Африкадағы Тринидад және Тобаго елінде аталып өткен. Бүгінде ол әлемнің бірнеше ондаған мемлекеттерінде мерекеленеді. Оны Ресей мен басқа да славян елдерінде, Қытайда да атап өтеді.

 

Назарда – еркек теңдігі

 

Халықаралық еркектер күнін атап өтудің басты мақсаты – еркектерге қатысты ген­дерлік кемсітушілікке жұрттың назарын аудару, ер балалар мен еркектер денсаулығын сақтауды насихаттау. Сол сияқты, еркектердің отбасы мен балалар тәр­биесіндегі ролін, олардың жетістіктерін, сондай-ақ проблемаларын көрсету де мерекенің басты мақсаттарының бірі.

 

2009 жылы халықаралық еркектер күнін атап өтудің мынадай басты мақсаттары бекітілген:

 

- Еркектердің оңды ролін көтермелеу. Яғни аса белгілі адамдарды ғана емес, абыройлы өмір сүріп жатқан қарапайым ер-азаматтарды да көтермелеу:

 

- Ер-азаматтың қоғамға, өмірге, мемлекетке, отбасына, балалар тәрбиесі мен қоршаған ортаға сіңірген еңбегін атап өту;

 

- Еркектердің денсаулығына, әлеуметтік, эмоциялық, физикалық, рухани жағдайының жақсы болуына назар аудару;

 

- Әлеуметтік қызметтер, әлеуметтік қатынастар, құқық салаларында еркектерді кемсітушілік болса, оны атап көрсету, болдырмауға қажетті жағдайлар жасауға атсалысу.

 

Бүгінде бұл мерекеге байланысты түрлі ақпарат құралдарында арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады, семинар, конференция­лар өткізіледі. Мереке әр жылда әртүрлі маңызды тақырыптар бойынша өткізіледі. Мысалы, 2003 жылғы тақырып еркек денсаулығына арналса, 2007 жыл емдеу-са­уықтыру мен кешіру жылы ретінде, ал 2009 жыл ерлердің отбасындағы, қоғамдағы оңды ролін көрсету бағытында аталып өтіпті. Жалпы, қандай тақырып болса да оған шектеу жоқ, мерекеге қатысушылар өзде­ріндегі жергілікті мәселені тақырып ретінде көтеруіне де болады.

 

 

Еркектің кей ерекшеліктері

 

Жалпы, әлемде еркектердің халықаралық мерекесі аталып өтетіні туралы біліп жүргеннің артықшылығы жоқ деп ойлаймыз. Осы орайда әйелдер қауымы күнделікті тірлікте етене араласып жүрген еркек деген «халықтың» кей ерекшеліктеріне де бір назар аудара қарап, оларды тани, біле түсуі үшін біраз қызықты жайлар жөнінде айта кетпекпіз. Олар мынадай:

 

- Еркектің қалыпты дене қызуы әйел­дікінен біршама жоғары болады.

 

- Еркек бір орнында тұрған нәрсені көп жағдайда аңғармайды, оның назарын не­гізінен қимыл-қозғалыстағы нәрсе бірден аударады. Негізінен еркектің зейіні әйел­дікінен жоғары, сондықтан ол өзінің зейінін бір мезгілде бір іске ғана шоғырландырады. Есесіне еркек ауырсынуды әйел сияқты көтере алмайды. Мысалы, ол егер бала туар болса, ауырсынудан болатын шоктан бірден жантәсілім етер еді.

 

- Еркектер өтірікті әйелдерге қарағанда екі есе көбірек айтады.

 

- Еркектер әйелдерге қарағанда көбірек кек сақтайды.

 

- Еркектер әйелден батыл, дегенмен «укол» салдыруда олар әйелден әлдеқайда сезімтал, қорқақ.

 

- Еркектердің көбі дүкен, базар аралауды жек көреді.

 

- Еркекті мақтаса, ол шын мәнінде қатты қуанады. Өйткені еркектер мақтау-мадақтау­ды сүйеді, бірақ бұл оларға өте сирек бұйырады. Еркекке көп жағдайда біреудің жағымпазданып-жарамсақтануы көбірек ұнайды. Егер бұл жиі қайталанса, еркек оған сенеді, үйреніп кетеді.

 

- Еркек кей жағдайда бала сияқты. Мысалы, компьютерден бір ойын үйренсе, басқаны жиып қойып, соны ойнауға көп уа­қытын жоғалтады. Мұндайда ол әйелінің өтінішін еш ескермеуі, ұрысып-тырысқанына тіпті де мән бермеуі мүмкін.

 

- Еркек жақсыны да, жаманды да тез ұмытады.

 

- Еркек бәсекелесті жақтырмайды. Әсіресе әйелдің өзінен жоғары тұрғаны ол үшін өте ауыр әсер етеді.

 

- Еркек төсек қатынасын әйелге қарағанда әлдеқайда көп ойлайды.

 

- Еркектер әйелдерге қарағанда аз өмір сүреді. Оның басты себебі – әйелдер қиын сәтте жылап жеңілдейді, ал еркек үшін көз жасын көрсету абыройсыздықпен тең. Сондықтан еркек қандай қиындық көрсе де шыдайды, ешкімге айтпай, іштен тынады. Бұл оның денсаулық жағдайына әсер етеді.

 

- Еркектің көбі өсекті, біреуді сыртынан сөз еткенді жек көреді. Олар бас қосқанда көбіне көлік, меншік, жұмыс, саясат жөнінде сұхбат құрады.

 

Баласы ең көп еркектер

 

Еркек – әке. Ал арғы-бергі тарихта баласының саны 1000-нан асқан әкелер де болған екен.

 

Мысалы, ХVІІІ-ғасырда өмір сүрген Марокко сұлтаны Мулай Исмаил 342 қыз бала мен 700 ұлдың әкесі болған деседі. Бұл Гиннестің рекордтар кітабында жазылған. Ал балалар корольдің 4 әйелі мен 500 кәнизактан (күң) туған деп айтылады. Ал антропологтар бір еркектен осынша көп бала туылуына шәк келтірмейді.

 

Бүгінде Біріккен Араб Әмірліктерінде тұратын Даад Мохаммед әл-Балуши деген азаматтың бала саны 100-ге жақындап тұр екен. Қазір жасы 71-дегі бұл кісі тұңғыш рет 1967 жылы үйленіпті, содан бері 18 әйел ауыстырыпты. Бір қызығы, бұл адам ажырасып кеткен әйелдерінің де, қазіргі  бірге тұратын жұбайларының да, олардан өрбіген балаларының да – бәрінің жағдайын жасап қо­йыпты. Алдына 100 баланың әкесі болу мақсатын қойған бұл кісіге шейхтар қаржылай жәрдем беріп тұрады деседі.

 

Ал енді әлемдегі, сондай-ақ тарихтағы ең көпбалалы отбасы, яғни балалары бір әке, бір шешеден туған отбасы Джим Боб Даггар және Мишель есімді ерлі-зайыптылар екен. Олар 19 баланы өмірге әкелген.

 

Ресейде 18 ғасырда Федор Васильев деген шаруаның әйелі 69 бала туған екен. Әйелі қайтыс бол­ғасын ол екінші мәрте үйленіпті, ол әйелі 18 бала туып беріпті. Ал бүгінде Ресейдегі ең көп балалы отбасында 20 бала бар. Есімдері Гиннестің рекордтар кітабына енген Шишкиндер отбасы бүгінде әлемдегі ең үлкен отбасы саналады. Олар өмірге 9 ұл, 11 қыз әкелген.

 

Бала-немерелерімен бірге кешкі асқа 220 кило күріш жейтін әке

 

Осыдан бірер жыл бұрын ақпарат көздерінде үндістандық Цион Хан (суретте) деген азаматтың отбасы туралы жарыса жазып жатты. Сол кезде ол 39 әйелімен, 94 бала және 33 немересімен бірге үш қабатты үйде тұратын. Кешкі тамаққа 220 кило күріш, 132 кило картоп, 30 шақты тауық жейтін.

 

Ал әлемде ең көп ұрпағы таралған әкені британ ғалымдары осыдан біраз жыл бұрын анықтаған болатын. Олар тиісті зерттеу жұмыстары нәтижесінде бүгінде дүние жүзінде Шыңғыс ханның 16 миллионнан аса тікелей ұрпақтары өмір сүріп жатқанына көз жеткізгендерін жариялаған еді.

 

24 әйел алғаны үшін сотталған

 

Өткен жылы әлемдік ақпарат көздерінде бір қызық хабар жарияланды. Онда канадалық Уинстон Блэкпор деген бір азаматтың 24 әйел алғаны үшін сотталғаны туралы айтылған болатын. Оны 6 айға «үй қамағына» алған, сондай-ақ 150 сағат қоғамдық жұмыстарға жеккен.

 

Бұл адам өзгеше бір діни ағымды ұстанады екен. Канадада көп әйел алу қылмыс саналатындықтан оны заң алдында жауапқа тартқан.

 

Жалпы, тарихта 24-тен де көп әйел алған адамдар бұрын-соңды болған. Мысалы, Сүлеймен пайғамбардың 1000 әйелі болған деген сөз бар. Өмірде гарем ұстап, жүздеген әйелдерді иемденген патшалар бол­ған.

 

Қазіргі заманда да көп әйел ал­ған патшалар бар. Мысалы, Африкадағы Свазиленд елінің Собхуз-ІІІ атты королі 70 әйел алған екен. Қазіргі королі Мсвати-ІІІ 14 әйел алған. Оның осы әйелдері мен олардан туған 24 баласы үшін мемлекет қазынасынан жылына 51 миллион доллар қаржы жұмсалады екен.

 

Ал Бутанның 1972-2006 жылдар аралығында билікте болған 4-ші королі Вангчук бір ата-анадан туған апалы-сіңлілі төрт әйелмен бірге тұрған екен.

 

...Қысқасы, Халықаралық еркектер күні деп аталатын ерекше мереке туралы жазамыз деп біраз нәр­сені қаузадық. Ал, жалпы, бүгінгі күндері әлемде 7 миллиард 750 миллионнан астам адам өмір сүріп жатса, соның тең жартысынан сәл көбі еркек жыныстылар екен. Мысалы, өткен 8-қарашадағы сағат 13.45-те жарияланған деректерден біз әлемде 3 миллиард 908 миллион 800 мың 963 еркек өмір сүріп жатқанын білдік. Дәл осы уақыттағы әйелдер саны 3 миллиард 840 миллион 485 мың 850 адам болды. Яғни пайызға шаққанда бұл көрсеткіш тиісінше 50,4 және 49,6 пайыз болып тұрды.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ