Қытай хоккейшілерін қуып жүріп сабаған қазақ кім?

18.08.2016
Қаралды: 1037

Астанада Қазақстан Президентінің кубогы үшін VІІ халықаралық турнир өтіп жатқанда оқыс оқиға орын алды. 

Сол турнир кезінде кезекті бір ойынның бастал­ғанына көп өтпей жатып елордалық «Барыс» клубының қорғаушысы Дамир Рысбаев бірнеше қытайлық хоккейшіні соққыға жықты. Қыза келе тіпті «запаста» отырған қытайлықтардың да бірнешеуіне жұдырық иіскетіп үлгерді.

Қытайлық «Куньлунь Ред Стар» командасы мұның алдында өткен жолдастық кездесуде «Барысты» ұтқан еді. Сол кезде олардың кейбір хоккейшілері тарапынан дөрекілік орын алып, Рысбаев соған кектенген сияқты. Мысалы, 5-тамызда өткен ойында «Астана» ойыншысы Дастин Бойдқа қарсы ауыр тәсіл қолданылып, оны алаңнан зембілмен әкеткен болатын.

Жалпы, хоккейде мұндай төбелестер жиі болып тұратыны белгілі. Тіпті әр команданың өзінің төбелескіштері болады, олар мықты ойыншыларды қорғау, қарсыластың күшті ойыншыларын қатардан шығару немесе сескендіру үшін керек. Хоккей тілінде мұндай қайтпас жандарды «Тафгай» деп атайды. Ағылшын тілінен аударғанда ол «қатаң, өжет, айбарлы, мығым» деген ұғым береді.

Ал тафгайларда әдіс-тәсілдер «джентльмендік» болуы шарт, яғни бетпе-бет келіп төбелесу, жекпе-жекке шығу дегендер болып тұрады, ал қарсыласты аңдамай тұрғанда ұрып қашып кету, артқы жағынан барып соғу, құлап жатқан адамды төпелеп тастау деген жоқ. Төбелесіп жатқанда қарсыластың беті қайтып, шегінсе, оны мұрны бет болғанша тоқпақтай беруге де болмайды. Тафгайлардың бұдан басқа да өзіндік жазылмаған заңдары бар.

Міне, осындай екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін «жұмысты» Дамир Рысбаевтың сүйікті ісі десе де болғандай екен. Яғни ол төбелес десе жанып түсетін көрінеді.

Дамирдің жасы қазір 21-де. Бойы – 187 сантиметр, салмағы – 92 кило. Ол Өскемен қаласында өмірге келген. Жасөспірімдер командасынан бастап, еліміздің біріншілігінде, халықаралық хоккей лигасында өнер көрсететін бірнеше командада ойнаған. Тафгай ретінде алғашқы төбелесін 15 жасында бастапты. «Палуанға оң-солы да бірдей» демекші, Дамир үшін қарсыласының өңкиген дәу болуы да қорқынышты емес. Мысалы, ол 2014-жылы қараша айында Қазанның «Ақ Барысымен» болған кездесуде өзінен 13 жас үлкен, бойы ұзын, салмағы ауыр (191 сантиметр, 112 кило) команда капитаны Александр Свитовпен төбелескен еді. Свитовқа ол есесін жіберген жоқ. Кейбір деректерге қарағанда, Свитов содан кейін болған бірнеше ойынға қатыса алмай қалыпты.

Міне, Дамир Рысбаев жайлы деректер осылай дейді. Интернетте оның қатысуымен болған төбелестер аз емес, оны жұрт қызыға тамашалап, Дамирді қолдап-қолпаштап жатады. Яғни оның ісін бұзақылық деп емес, команда ойыны үшін қажетті тәсілдердің бірі деуге келеді. Дамир сияқтылар болмаса хоккейде дөрекі жақтың қарсыласын басынып, ойына келгенін істеуі әбден мүмкін дейді хоккей жанкүйерлері. Яғни тафгайларды қазіргінің жекпе-жекке шығатын батырлары десек те болады екен.

...Ал «Барыс» пен «Куньлунь Ред Стардың» ойын нәтижесі немен аяқталды дегенге келсек, қытайлық хоккейшілерді қуып жүріп сабаған Дамир Рысбаев пен Мадияр Ибрайбековты ойынға қатыспайтын етіп матчтың соңына дейін алаңнан шығарып жіберді. Бірақ шошынып қалған қытайлықтар ойынды жалғастырудан бас тартты. Тәртіп бойынша олар жеңілді деп танылды, Қазақстан құрамасының пайдасына 5:0 деген есеп жазылды.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ