Шымкентте 38 адамға қатысты сот үкімі шықты

18.11.2019
Қаралды: 115

Шымкентте осыдан 3 жылдан астам уақыт бұрын басталған атышулы іс бойынша сот процестері аяқталды.

 

Бұл іске қатысты жауапқа тартылған 38 адамға сот үкімі шықты. Олардың 25-і – полиция қызметкерлері. Сотталушылардың әрқайсысына Қылмыстық Кодекстің бірнеше баптары бойынша айып тағылды. Оның ішінде «ұйымдас­қан қылмыстық топ құрған», «қызметтік өкілеттігін ұйымдасқан қылмыстық топ мүддесі үшін пайдаланған», «қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланған», «жалған құжат жасаған», «пара алған», «пара берген» деген сияқты баптар бар.

 

Осы іс бойынша кезінде Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер депар­таменті әкімшілік полициясы тіркеу-емтихан бөлімінің бұрынғы бастығы, полковник А.Жаппаров 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Судья Түркістан, Сайрам, Бәйдібек, Мақтаарал аудандары мен Шымкент қаласындағы тіркеу-емтихан бөлімдерінің бұрынғы бастықтары – Е.Төрегелдиев, А.Жаңабаев, Н.Қуанышбеков, Н.Әбдіға­лиев, С.Ағабеков, А.Ботабековтердің әрқайсысына 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал аға автокөлік инспекторы болып істеген Т.Боранбаев 8 жылға сотталды. Ол қызметтік өкілеттігін пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топтың мүддесіне жұмыс істегені, араға ендірілген қаржылық полиция өкілдеріне пара беруге делдалдық жасағаны үшін айыпталған.

 

Бірқатар сотталушылардың қамауға алынған кезі Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына қатысты жасалған рақымшылыққа қол қойылған мерзімге тура келгендіктен біршама шегерілген. Мысалы, сот үкімімен 6 жылға сотталған Қарынбаев, Байсары, Тоқбаев, Абатовтардың жазаны өтеу мерзімінің төрттен бірі қысқартылған. Сондай-ақ бірнеше сотталушы тағайындалған жаза мерзімін қамауда отырған уақытымен салыстырып есептегенде өтеу мерзімі өтіп кеткен болып танылып, бостандыққа шығарылды. Мәселен, сотталушы Ахметовке, Әбдірах­мановқа және тағы басқа бірер адамдарға қатысты осындай жай орын алды. Бірнеше азамат бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Яғни олар енді пробациялық бақылауда жүреді, егер тәртіп бұзса, оларға қылмыстық жаза қолданылатын болады.

 

Жалпы алғанда, сотталушыларға шетелден қосалқы бөлшектер түрінде әке­лініп, құрастырылған, елімізде жүруі тиіс болмаған кейбір жүк көліктері мен жеңіл көліктерге (барлығы 330-дан аса) жал­ған құжаттар жасау, оларды заңсыз тіркеу, ұйымдасқан қылмыстық топ құру, жүргі­зуші куәліктерін заңсыз беру (бұл бойынша 144 көрсетілім тіркеліпті), пара беру, пара алу сияқты қылмыстар үшін айып тағылған.

 

...Естеріңізде болса, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті қызмет­керлерін тұтқындау операциясы 2016 жылдың жазында орын алған еді. Оларды ұстауға астанадан келген арнайы топ қатысқан. Тергеуге де орталықтан адамдар тартылды. Тергеу құпиясына байланысты көп нәрсе ұзақ уақыт бойы ашық айтылмай келген болатын.

 

Жалпы, күдіктілер іс қозғалған 3,5 жыл бойы уақытша оқшаулау абақтысында отырған. Тергеу-тексеруге, дәлелдеуге, судьялардың іспен танысуына 2 жыл уақыт кетті, нақты сот процестерінің өзі 1 жылдан астам уақыт бойы жүргізілді.

 

Бұл шулы іс 1534 томды құраған. Айып­тау актісінің өзі 35 том болды.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ