Аса байлық не керек?

15.11.2019
Қаралды: 160

«Ақылды болсаң, неге бай емессің?» Шетелдік бір миллиардер айтыпты деген осы сөздің қағидаға айналғанына біраз болды.

 

Шынымен де пенде атаулыны соңынан зыр қақтырып жүгіртіп қоятын байлықтың өлшемі не? Түрлі асыл тастар мен ақшаның астында көміліп жату ма? Қаптатып машина мініп, қаптатып үй салып, шексіз баюыма кесірі, зияны тиеді деп күдіктенгендерді әртүрлі амалдармен көзін құртып, байлыққа барар жолыңдағының бәрін жалмап өмір сүру ме? Әлде мемлекеттің иелігіндегі халықтың байлығын теспей сорып, адамдарды қанап, алдап баю – ақылдылық па?

 

Халқымызда: «Аса байлық не керек, ден сау болса, болғаны-ай!» – деп айтылатын бір ән бар. Жұрт «жердің жыртығын жамайын деп жүрсің бе сонша тырмаланып?» дейді өзгемен ешқандай ісі жоқ байларға. Осындай-осындай халықтық түйіндеулерге қарай-қарай біздің бір тарзылағанымыз, ақылды адам бай бола алмайды екен. Өйткені ондай адамның өмірі көппен бірге өтеді. Яғни өмір сүрудегі басты бағдары жеке-дара шексіз баю, сол арқылы өзгелерге үстемдік жасау емес. Оның санасына «көппен көрген – ұлы той» ұстанымы берік сіңіп қалған.

 

Сонда қандай пенделер бай бола алмақшы? Бірінші – қасқыр ниеттілер. Өйткені баю үшін ешкімге аяушылық жасалмайды. Әрине, байлығының шетінен тырнақтай кертіп бөлісетін, жетімдерді мүсіркегендей қабақ танытатын, жарлыларды жарылқауға ниеті кейде-кейде ауатын сәттері болады дорбалылардың. Бірақ байлығының жолына әлденендей, әлдекімдей кедергі қылаң бергенін сезсе бітті, қайырымдылығының жүзі майырылып, аяушылық сезімі тұншығады да, оның орнына қасқыр ниеті күшіне мінеді. Таласу, талау басталады. Баю үшін, байлығын үстемелеу үшін ешкімді аямайды, ештеңеден ұялмайды. Мұндай кезде көптің емес, тек өзінің ғана мүддесін алға шығарады, соны ғана ойлайды. Ашкөзденеді. Ал ашкөзденген пендеңіз ешқандай тыйымға тоқтамайды.

 

Осы заманның атақты бір байының бір үйір жылқысы жоғалыпты дейді әрдеңеден хабары мол біреу. Бай болған соң жанын қоя ма, барымташы жігітті ұстатады. Сөйтіп ұрыға «қолды еткен жылқының ешқайсысын сұрамаймын, тек айғырды әкел. Бостандыққа жібертемін», – депті. Ұры: «Сенімен бәсекедегі бір бай барымтаны сол айғырды құрту үшін жасатты. Соның тапсырмасымен алып шығысымен сойып жібердік», – дейді. «Онда сол айғырдың соңынан сен де сойыласың!» – деген алпауытқа: «Менің де құтқарушым қарап жатпас сен мені сойғанша», – деп күшенеді біреудің сойыл соғарына айналған әлгі байғұс барымташы кедей. Бірақ ісін тындырғандар арашаға түспейді, хабар да алмайды. «Екі түйе сүйкенсе, ортасындағы шыбын өлер» дегендей, ерегістің соңында айғырдың иесінің ықпалымен іс сотқа өтіп, ұры сотталады да, түрмеге түскен күннің ертесіне өлігі шығады.

 

Міне, сізге байлықтың соңғы шешімі. Асыл тұқымды айғырдың құны адамның қанынан қымбат. Мен ұрыны ақтап отырғаным жоқ. Бірақ сол үшін адамның қанын мойынға жүктеу, күнәға бату ақылдылық па? Бай болса да, кедей болса да ақылды адам ашкөздікке салынбайды. Байлық үшін дауласпайды да, жауласпайды да.

 

Осы бір ойлар сорабын жинақтасақ, шексіз байлықтың иесі емес, қанағаты бар адам ақылды дегенге тоқталамыз. Халқымыз «Қанағат – қарын тойдырар» дегенде осындай көзқарастарға байланысты тұжырым жасаса керек. Осы тұжырыммен қарағанда  қалайда байлыққа бата қалайын деген есек дәменің соңында жүгіре беруден аулақтау бол­ған жөн бе деймін. Асып-тасудың соңы төгілуге, шашылуға соқтыратыны талас-тартысты тағдырдың тағы бір ақиқаты. Аллаға шүкіршілік жасаған жөн-ау. Жалпы, жоғарыдағы әнде айтылатынындай, «аса байлық не керек, ден сау болса, болғаны-ай!» десем, қалай қарайсыз?

 

Бағдат ҚАЛАУБАЙ.

Бәйдібек ауданы. Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ