Жаңадан құрылмақ партиялар нені көздейді?

15.11.2019
Қаралды: 63

Өткен қазан айында белгілі журналист Жанболат Мамайдың арнайы баспасөз жиынын өткізіп, онда саяси партия құрмақ ниеті барын мәлімдегені белгілі.

 

Бұған байланысты бастамашыл топ құрыл­ған. Ал құрылатын саяси ұйым «Қазақстанның демократиялық партиясы» деп аталмақ.

 

«Партия құру жай Әділет министрлігінде тіркелу емес. Ол – мүдделес  азаматтардың басын қосып, қоғамды өзгертіп, билікке келу. Біз осыған дайынбыз. Біз алда болатын қиындықтарды білеміз, оған дайынбыз. Өз сөзімізде тұрамыз. Елде өзгеріс болуын қалайтын азаматтардың бәрі бізге қосыла алады», – деген еді Ж.Мамай аталған жиында.

 

Содан бері оның жақтастары партия қатарына адам жинау мақсатында өз әрекеттерін жасап жатыр.

 

...Ал кешегі аптада тағы бір бастамашыл топ өзінің партия құрмақ ниеті туралы жария­лады. Олар өз туларын дайындап қойғанын көрсетті. Топ мүшелерінің бірі, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның келіні Тоғжан Қожалиеваның айтуынша, партия атауы – «ХАҚ», яғни ол «Халыққа адал қызмет» деп аталатын партия болмақ.

 

«Біз партия құрылғанын жарияламай тұрып өзіміздің бағытымызды іспен дәлелдейміз», – дейді Т.Қожалиева. Айтуынша, партия негізгі 11 бағыт бойынша жұмыс істемек. Т.Қожалие­ва партияның артында ешқандай да саяси топ немесе тұлға жоқ, оны кәсіпкерлер қаржыландыратын болады деп айтты. Әзірге партия­ның бағдарламасы мен Жарғысы жасалып жатыр екен.

 

...Биылғы жылдың күрделі саяси оқиғалармен басталғаны белгілі. Азаматтардың жаңа партия құруға ұмтылысы алдағы уақытта қандай да бір елеулі саяси науқанның бастау аларынан хабар беріп тұрған сияқты.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ