Қазаққа деген құрметі ерекше екен

15.11.2019
Қаралды: 75

Автобуста жолаушылар көп емес. Менің алдымдағы орындықта жасы отыздардағы түрік жігіті отыр. Ол жалғыз емес. Шамамен 3-5 жас аралығындағы үйемелі-сүйемелі екі баласын алдына алып алған. Тете болған соң қиын екен, екеуі кейде келісе алмай, шекісіп те қалады. Ондайда әкесі ортаға түсіп, екеуін ажыратады.

 

– Ахмед, сен ағаңа ондай сөз айтпа. Одан да өлең айтшы. Бүгін балабақшада сендерге қандай ән үйретті? – деп әкесі кішкентайының басынан сипап қойды.

 

Бұйра шашты бала жан-жағына бір қарап алды да, бастай жөнелді.

 

Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы.

Думанды бастаған

Далама қарашы!

Кең екен жер деген,

Жерге дән шықты ғой.

Дән егіп терлеген

Қазағым мықты ғой!

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін.

Жырың болып төгілемін, елім,

Туған жерім менің – Қазақстаным!

 

Күні бойы жұмыста болып, автобустың ішіндегі жылылыққа ұйып, маужырап отырған менің ұйқым бірден ашылып қоя берді. Көңілім бірден көтеріліп, автобус ішінде жан-тәнімен беріле «Менің Қазақстанымды» шырқап отырған бес жасар түрік баласына сүйсіне көз тастаймын. Ән аяқталған соң: «Жарайсың!» – деп әлгі баланың басынан сипап қойдым.

 

«Әкем отыз жыл колхоздың қойын баққан, – деп әңгімеге кірісті алдымда отырған Әли есімді түрік жігіті. – Қазір құрметті демалыста. Ол кісі үнемі қазақтардан көрген жақсылығын айтады да отырады. Сонау ызғар шашқан соғыс жылдары Сталиннің бұйрығымен бір-ақ күнде елдерінен еріксіз көшіп, Қазақстанды паналаған кездерін бізге, кейінгі ұрпаққа айта беруден жалықпайды. Бір жапырақ нанды бөліп жеген күндер қалай естен шықсын! Қазақ халқының жақсылығын мәңгі ұмытпаймыз дейді әкем. Біз де сол үрдістен танбай ке­леміз. Мен өзім де, келіншегім де қазақ мектебін бітірдік. Жоғары білімді де қазақша алдық. Енді, міне, ұлдарымызды да қазақ балабақшасына беріп отырмыз. Күнде кешкісін олар балабақшада жаттаған өлеңдерін айтып, кө­ңілімізді көтеріп отырады. Біздің туған жеріміз – Қазақстан. Сондықтан да осы ыстық мекенді әрдайым қадірлей бі­луіміз қажет. Әкем бүгін ауылда ауыз­ашар бермекші. Біз соған бара жатырмыз. Мына екі «атаман» аталарын қатты сағынып қалыпты. Қашан жетеміз ауы­лымызға деп, қараңызшы миымды ашытып келе жатқанын...»

 

Түрік жігіті Әли осылайша маған сырын ақтарды. Мен ұйқым шайдай ашылып, аталарына асығып келе жатқан жас қонақтарға сүйсіне қарадым. Олар болса қосылып, «Менің Қазақстаным» әнін барынша шырқап отыр. Ал мейірім­ділік пен достықтың куәсіндей болған сары автобус бірқалыпты жүрісінен танбай, жүйткіп келеді.

 

К. ОРЫНТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ