Шайыр ауылынан керемет белдіктер шығарылып жатыр

15.11.2019
Қаралды: 104

Жағымды жаңалық! Шайыр ауылында кәдімгі белдіктер жасалынып, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Оны «Ай Шах» маркалық белгісімен жасап шығарып отырған – шайырлық жас кәсіпкер Айгүл Тоқбаева.

 

Бүгін Шайыр ауылына барғанымда таң-тамаша қалдым. Алақандай ауылда осындай керемет отандық өнім өндірілуде. Айгүлмен сөйлескенімде ол әңгімесін былайша бастап кетті:

 

«Әкем Асқар Тоқбайұлы – Маңғыстау облысындағы Құрық кентінің тумасы, алысқа жүк жеткізетін көлік жүргізуші. Анам Балзия Өтешқызы – Ақкетік қаласының тумасы, жас кезінде металл жонушы болып жұмыс істеген, кейін үй шаруасында, бала тәрбиесінде отырды. Өзім Құрық кентінде дүниеге келгенмін. Шахмардан Есенов атындағы жоғары оқу орнында оқып, құқықтанушы мамандығын алдым. 2007 жылы Шайыр ауылына тұрмыс­қа шығып, еңбек жолымды осы ауылдың әкімшілік аппаратында бастадым.

 

Бұл жұмыспен әжемнен үйренген сүйікті ісім – тігін тігуді қатар алып жүрдім. Шайыр ауылында тігін шеберханасы жоқ болған соң маған тапсырыстар түсе бастады. Алғашында шымылдық, қыз жасауын, келін көрпешелерін тіктім. Осылай үлкен тапсырыстарға қол жеткіздім.

 

Өзім тіккен өнімдерге көңілім толмай, әжемнен үйренгенім жаңа технологиямен үйлесім таппай жатты. Сөйтіп алматылық Гүлнәр ханымнан ою жасаудың жаңа технологиясын оқып келіп, сүйікті ісімді жалғастыра бердім. Оқушы күнімде алған азғантай біліміммен өзіме киім де тігіп киіп жүргенімді көрген ауыл тұрғындары киімге тапсырыс бере бастады. Бұл тапсырыстарды ойдағыдай орындай алмаймын ба деп жүрексініп, Ақтау қаласындағы киім пішіп-тігу курсына бардым. Астаналық Аяужан Кенжебекқызынан білімімді жетілдіріп келдім.

 

Осылайша әкімшіліктегі жұмысымды қойып, жолдасымның қолдауымен ауылдан қолөнер шеберханасын аштым. Ауылымыздың «Кербез» би ұжымына киім тігу барысында аяқтарына мәсі тігуден тағы қиналып, Астана қаласындағы брендтік аяқ киім тігетін Самғау Нәсіпханұлынан інім екеуміз аяқ киім тігуді оқып келдік. Құрық кентінде «Ersaі» компаниясынан грант жеңіп алып, шағын аяқ киім шеберханасын ашуға әрекеттеніп жатырмыз.

 

Бұл жұмыстармен жүріп отбасы тірліктерін жайына қалдырған емеспін. Пайғамбар жасына келген ата-енем бар, төрт түлік мал ұстап, келіндік міндетімді қатар алып жүрмін. Өзім қалада оқығандықтан құрдас, қатарларым қалаға неге көшіп келмейсің, жассың ғой деген сұрақ қояды. Қазіргі таңда шынайы өмір ауылда, ұлттық салт-дәстүр де ауылда сақталған. Балаларым осы ұлтымыздың мақтанышын, артықшылығын көріп, бойларына ұлтына деген сүйіспеншілікті ұялатса екен деймін.

 

Жолдасым – Шайыр ауылында өскен, Зорбай Құлбаласы ауылының тумасы. 94 жасында дүниеден озған әжесіне қызмет етіп, батасын алған отбасымыз. Үш қызымыз бар. Тұңғышым болашақ дәстүрлі әнші. Үш қызым да би үйірмесіне қатысады».

 

Иә. Керемет! Енді осындай кәсіпкерге зор қолдау қажет. Бастамаң берекелі болсын, Айгүл қарындасым, талабың оң болсын!

 

P.S. Белдіктің бағасы қолжетімді – 3 мың  теңге. Таза теріден жасалған отандық өнім. Қытайдың жасанды затын алғанша, Шайырдың табиғи таза белдігіне жармасайық, ағайындар!

 

Ж. ҚОЖЫҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ