Оңтүстік Кореяда «Шырайлы Шымкент» деген дәмхана ашылды

15.11.2019
Қаралды: 109

Қазақстандық Сәуле Қосақаева Оңтүстік Кореяда екі жылдан бері тұрады. Осыдан бір ай бұрын ол «Шырайлы Шымкент» атты дәмхана ашты.

 

«Шырайлы Шымкент» дәмханасының маңдайшасында Шымкент қаласының таңбасы бар, онда  Қазақстан мен ТМД елдерінің тулары ілінген. Дәмхана залында қазақтың эстрадалық музыкасы ойнап тұрады, дастарханға Шымкенттің кәуабы мен самсасы қойылады.

 

Сәуленің өзі қоғамдық тамақтандыру саласында істеймін деп ешқашан да ойламаған екен. Кәсіптің бұл түрін қолға алуына достары мен таныстарының өті­ніші себеп болыпты. Сәуле «Baіge News.kz» тілшісіне Кореяда кафе ашудың қаншалықты күрделі екені, оған қанша қаржы жұмсалатыны жөнінде, жергілікті жұрттың қандай тағамдарды ұнататыны туралы айтып берді.

 

– Дәмхана атауын неліктен «Шырайлы Шымкент» деп қойдыңыз?

 

– Бұл атаудан жылу, жайлылық сезіледі, мұнда бәрі де үйдегідей. Қонақтарымыздың бәрі де менің Шымкенттен екенімді біледі. Шымкент – менің қалам, бұл атау менің қаламның құрметіне қо­йылған. Басқа қандай атау ойлап табу керек еді?

 

Кәрістер – өте қызыққыш халық, не­ліктен бұлай атадыңыз, бұл атау нені білдіреді деп сұрайды. Кафеміз ашылмай тұрып-ақ танымал бола бастады. Бәрі де менің жөндеу жұмыстарын жүр­гізіп жатқанымды, кафе ашпақ ниетім барын білді, сұрап жүрді, күтті. Біз таяуда ғана ашылдық, әлі бір ай да болған жоқ. Кафе Оңтүстік Кореяның оңтүс­тігіндегі Йонсан қаласында орналасқан.

 

– Дәмханаға кімдер келеді, олар қандай тағамдарды ұнатады?

 

 – Бізде Шығыс тағамдары әзірленеді: қазақ, өзбек, ұйғыр дәмдері. Оларды бір-бірінен бөле-жара қарамаймыз. Айран, нәрсуларды өзіміз даярлаймыз, бәрі де үй жағдайындағыдай жасалады.

 

Бізге Кореяның басқа қалаларынан да келіп тұрады. Біздегі Шығыс асханасы тағамдарының дәмін тату баршаға қызық, қазақстандықтар ғана емес, өзбек, қырғыз, орыстар да келеді. Бүгін кафеде кавказдық қонақтар болды. Олар 16 адамға банкетке тапсырыс берді, негізгі тамаққа қазақше ет асып беруді сұрады.

 

Ал қазір ғана өзбектерге қазақша ет асып бердік. Тауыса алмай кетті, табағы тым үлкен екен дейді. Өйткені тамақтың еті де, қамыры да көп, міндетті түрде қазысымен қоса асылады.

 

– Жергілікті тұрғындар да келіп тұра ма?

 

– Әрине. Жергілікті кәрістер ертеңге 12 адамдық банкетке тапсырыс берген. Олар самса жейді, қой етіне тапсырыс береді. Қазақша асылған еттің дәмін көруге бола келетіндер де бар. Олар біздің бауырсақты сүйіп жейді, жылқы етін қатты ұнатады. Жалпы, оларда жыл­қы етінен тағам әзірлейтін арнайы мекемелер бар, бірақ онда баға тым қымбат.

 

Кәрістер неге етті кәрісше пісір­мей­сіңдер деп сұрайды. Біз өзіміздің мұсылман екенімізді, бізге піспеген, қаны шығып тұрған етті жеуге болмайтынын айтамыз. Біз етті толық пісіруге тиіспіз дейміз.

 

Маған алғашында кәрістердің қой етін ұнатпайтынын, жалпы, ет жегіш емесін, майлы тағам жемейтінін айтқандар болған. Өзім кәріске тұрмысқа шыққан соң олардың егер пісіріп беретін адам болса, қой етін жеуден ешкімнен қалыспайтынын көрдім. Күйеуімнің достары бізде талай мәрте қонақта болған, әрдайым қой етін молынан жеп жүрді.

 

– Ал етті қайдан аласыздар?

 

– Жергілікті ет. Мұнда халал ет сататын арнайы дүкендер бар, солардан көтере бағасына аламыз. Олар бізге жеткізіп беріп тұрады. Бұл жағынан проблема жоқ. Бір ғана проблема бар: бұл жақта кәсіпкерлікпен айналысуға лицензия алу қиын.

 

– Ол соншалықты күрделі ме?

 

– Жұмысқа рұқсат алу – күрделі мәселе. Мысалы, сізге спиртті ішімдіктерді біреу көтере бағасына сататын болса, сіз оған патент, лицензия көрсетуіңіз керек. Онсыз олар тауар бағасын бір тиын­ға да түсірмейді. Мұнда заңдар қатал.

 

– Дәмхананы қайда ашқан оңай, Қазақстанда ма, Кореяда ма?

 

– Қазақстанда, әрине. Кореяда кафе ашуға ұзақ уақыт керек. Ғимаратқа жөндеу жүргізесіз, арнайы адамдар келіп, сіздің жөндеу жұмыстарын қандай материалдармен жүргізіп жатқаныңызды тексереді. Егер тұсқағаздар стандартқа сай болмай шықса, онда оны алып тастап, орнына басқасын жапсырасыз.

 

– Тексерушілер жиі келе ме?

 

– Міндетті түрде келеді. Бір аптаның ішінде екі-үш мәрте келуі мүмкін. Еш­қандай да ескертпейді. Олардың тексеруге толық құқы бар. Менде етті қайдан сатып алғаным, қаншаға сататыным, ас мәзірінде барлық баға жазылып тұруы тиіс. Йогурт пен айранда қай күні шығарылғаны туралы көрсетілуі керек. Қашан дайындағаным, тоңазытқыштан қанша күннен кейін шығарып тастауым керегі – барлығы да жазылып тұрады. Тәртіп қатаң.

 

– Аспаздар сізде ресми түрде жұмыс істей ме?

 

– Екі аспазым бар, Қазақстаннан. Біз оларды жұмысқа ресми түрде шақырт­қанбыз. Келісім-шарт түзілген. Мұнда құжатсыз жұмыс істеуге болмайды, бұл жағын жиі тексеріп тұрады.

 

– Бағаларыңыз қандай?

 

– Егер теңгеге шағып есептесек, онда қымбат болып шығады. Ал Кореяда бұл – қалыпты баға. Басқа мекемелерде де баға осындай.

 

– Дәмханаңыз үлкен бе?

 

– 60 адамға шақталған. Би алаңшасы бар. Көрпеше төселген арнайы тапшандар жұмыс істейді. Қазақша ою-өрнегі бар көрпе-жастықтарды Шымкент­тен әкелгенбіз.

 

Отырып немесе жатып тамақ ішемін деушілерге де арнайы дастархан жасап қойғанбыз.

 

– Кореяда қоғамдық тамақтандыру орнын ашу үшін қанша қаржы керек?

 

– Сеулде асхана ашу өте күрделі, қымбат. Баға нақты қалаға байланысты. Өзімді айтар болсам, маған кафе ашу арзанға түскен жоқ.

 

Маған жуырда бір ғимаратты көрсетті, сол жерден дәмхана ашуды ұсынды. Өйткені онда біздің жақтың адамдары баршылық екен, көбі ер кісілер, барлығы да үй жағдайында дайындалған тамақ жегісі келеді. Бірақ мен әзірге бұған қатыс­ты нақты шешім жасаған жоқпын. Өйткені әу баста асханалар жүйесін емес, бір ғана кафе ашуға келіскенмін ғой.

 

Сеулде түрлі қоғамдық тамақтандыру орындары көп, бірақ қазақстандығын көрмедім. Көбі – өзбек, қырғыз асханалары.

 

Мұнда жалға тұрақ-жай алу бағасы қолайлы. Бірақ шағын қалада басқа шығындарды есептемегеннің өзінде шағын кафенің жөндеу жұмыстарына 50 мың доллар жұмсалуы мүмкін.

 

Азық-түлік алуға одан да көп қаржы шығындалады. Бірақ мен кафені коммерциялық мақсатта ашқан жоқпын. Бұл – менің тұрақты жұмыс орным, отбасылық шаруам десем де болады. Мен көп қаржы табуға, бұған жұмсалған шығынды өтеуге асықпаймын.

 

– Жерлестеріміз Оңтүстік Кореяда қалай тұрып жатыр? Үйлерін сағынатын шығар?

 

– Жерлестеріміз негізінен жұмыс іс­теп, ақша табу үшін келеді. Бұл жақ бәріне де ұнайды. Алғашында екі-үш айға, біреулері жарты жылға дейін елді сағынып жүреді, бірақ үйренісе келе ешқайсысының да үйіне қайтқысы келмей қалады. Мұнда өмір жайлы, тыныш, ұрлық, бұзақылық, жәбірлеу, зорлық-зомбылық деген жоқ.

 

Барлығының да осында қалғысы ке­леді деуден аулақпын. Еңбегіне осылай ақы төлесе олар Қазақстаннан ешқайда да кетпес еді. Мұнда ерлерге тәулігіне 100 доллардан, әйелдерге 60-70 доллардан төлейді. Адамдар мотельдерде немесе жалға алған пәтерлерде тұрады. Біреу жалғыз, енді біреулер бірнеше адам болып топтасып пәтер жалдайды. Жас жігіттер көп. Кейде жасы 55-тен асқан әйелдерді көріп, аяйсың.

 

Әрине, қайсысы болса да елді сағынады ғой. Бірақ оның орнын толтыратын нәрсе бар. Мұнда біз өзімізді үйде жүргендей сезінеміз.

 

Хангуктер (жергілікті тұрғындар) ше­телдіксің деп түртпектемейді, сонысы жағады, ұнайды. Бұл жаққа жұмыс іздеп келіп жатқан түрлі шетелдіктер көп, сондықтан жергілікті халық оларға үйреніп кеткен. Жергілікті тұрғындар – өте мейір­бан, жақсы адамдар.

 

– Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

 

«BaіgeNews.kz»

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ