«Замананы» 21 жылдан бері жаздырып алады

13.11.2019
Қаралды: 52

Келесі жылға газет-журналдарға жазылу Түлкібас ауданында аса қарқынды болмаса да жүріп жатыр. Бұл науқанда жас шамалары әртүрлі оқырмандар өздері қалаған басылымдарға шама-шарқынша жазылуда. Солардың бірі – 84 жастағы зейнеткер, еңбек ардагері Құралбек Байсеркеев ағамыз.

 

Ол кісіні қашан көрсеңіз де бір бума газет-журналдарды қолтықтап жүргенін байқайсыз. Кейде аудан орталығындағы түрлі басылымдар сататын дүңгіршектен де ұшыратып қаласыз. Ұзын бойлы, қапсағай денелі, ақсары жүзді кісінің жүрісі әлі ширақ, қимылы шапшаң.

 

– Құдайдың берген 84 жасының алпыс жылын «Азаттық» колхозының өсіп-өркендеуіне жұмсаппын, – дейді зейнеткер ағамыз бізге ағынан жарылып. – Шынын айтқанда, аталған колхозда мен істемеген жұмыс қалмады десем де болады. Қарапайым колхозшы, электрик, техникалық қызметкер, механик, күзетші, қойма меңгерушісі қызметтерін ұзақ жылдар атқардым. Жоғары білімім болмаса да кітап, газет-журналдарды қызыға оқуды бала кезден бас­тадым. Кеңес Одағы кезінде 10-15 шақты газет-журналдарға жазылатынмын. Енді еліміз тәуелсіздік алғалы бері бұл көрсеткіш кішкене төмендеді. Қазіргі таңда қолға тиетін зейнетақыма бес-алты басылым­ға жазылып жүрмін.

 

– Оның ішінде «Замана» да бар шығар? – дедік біз Құралбек ағаны сөйлете түскіміз келіп.

 

– Әрине. Біле білсеңдер, мен «Замананы» ал­ғаш жарық көрген кезінен бері алып жүрген адаммын. Тіпті үйге тігіндісін де жасап қойғанмын. Ауылдағы қарапайым адамдар да, кейде зиялы қауым өкілдері де үйге арнайы келіп, керекті мақалаларын менен алып тұрады. Кезінде газет бетіне шығып, оқырман қызығушылығын оятқан Сүлеймен, Қараман қарақшылар туралы жазылған дүниелерді де менің жеке мұрағатымнан табуға болады.

 

– «Замана» сізге несімен ұнайды? Қандай мақалаларды қызығып оқисыз?

 

– Ең бастысы, газетте іш пыстырарлық сала­құлаш мақалалар жоқ. Қысқа әрі нұсқа, оның үстіне тілі жатық дүниелерді қызыға оқисың. Газеттің өз оқырмандарына берер рухани байлығы зор. Әр тақырыпты қамтитын мақалаларды оқып шыққанда кәдімгідей көкжиегің кеңейіп, жан-дүниең ашыла түседі. Бір сөзбен айтқанда, «Замана» – нағыз халықтың газеті деп айтсам, артық айтпағаным. Сондықтан да оған алдын-ала жарты жылға емес, бір жылға жазылып қойғанды жөн көремін. «Замананы» жастық шағымның алтын белесіндей сезінемін.

 

...84 жастағы түлкібастық қария Құралбек Байсеркеевтің бұл жүрекжарды сөзіне біз де риза болып, ауырмаңыз-сырқамаңыз, осы жайдары қалпыңызда өзіңіздің сүйікті газетіңіз «Замананы» оқып жүре беріңіз деген тілегімізді жеткіздік.

 

Орынтай КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы. Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ