83 жастағы ата жаңа кәсіп бастамақ ниетте

13.11.2019
Қаралды: 95

Кәсіп бастаймын немесе білім үйренемін деген адамға қай жаста болса да кеш емес. Бұл сөзімізге Алматы қаласының тұрғыны, 83 жастағы Сейткер Медеубаев есімді зейнеткер ата дәлел бола алады.

 

Ол кісі 63 жыл отасқан қосағы Жамал апа екеуі төрт қыз, екі ұлды тәрбие­леп өсіріп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған жандар. Жастайынан колхоздың малын бағып, шөбін шауып, одан қалса масағын теріп, қара жұмысқа ерте араласқан Сейткер ата бала күнінен шаруаға жақын болып өскенін айтады. Содан бері ол кісінің құр қарап отырған кезі болмаған.

 

Сейіткер атаның негізгі мамандығы – мал дәрігері. Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институында 18 жыл ғылыми қызметкер болып жұмыс істепті. Түрлі жерде қызмет те атқарған ол кісіні бүгінгі күннің сегіз қырлы, бір сырлы қариясы деуге әбден болады. Зейнеткерлікке шыққанға дейін ұсталықты жанына серік етіп, астау, ер-тоқым, қобыз секілді дү­ниелерді жасап келді. Одан қала берді үй жағдайында түйеқұс өсіріп, аулада бақша өнімдерін егіп, шаруашылықтан да алыс кете қоймады. Сондай-ақ, ертеңгі ұрпағыма мұра болсын деп «Жар жарастығының құпиясы» деп аталатын еңбек жазып, оны кітап етіп бастыруды жоспарлап жүр. 300-ден астам бата жаз­ған. Енді арнайы курс оқу арқылы заманауи білімді меңгеріп, жаңа кәсіп ашуды ниет етіп отыр. Айта берсек, қарияның елге үлгі боларлық тұсы аз емес. Біз Сейткер атаның өзімен сұхбаттас­қан едік.

 

– Өзім Алматы облысы, Балқаш ауданы, Жиделі кеңшарында туып-өскен баламын. Мамандығым мал дәрігерлік болғанымен, ұсталық – ата кәсібім. Менің атам да, әкем де, ағаларым да – барлығы шебер адамдар еді. Біреуі темір ұстасы болса, бірі киіз үй, енді бірі шаңырақ жасайтын. Мал бағатын, егін егетін. Сондай еңбекқор әулеттен шықтым. Ата кәсібімнен сырт айналмайын деп 50 жастан 60 жасқа дейін ер-тоқым жасаумен айналыстым. Менің қолымнан шыққан ер-тоқымдар талай белгілі азаматтарға жетіп жатты. Онымен қоймай, колледж шеберханасына барып, қобыз жасауды, тағы бір шеберден астау жасауды  үйрендім. Алғашқы айда алта­уын, одан кейін жиырмасын, қырқын, соңыра тоқсан жеті данасын жасадым.

 

Бір күні астаудың тоқсан жетіншісін шауып отырып, әкемнің «Шебер ешқашан байымайды, адам тек ақыл-білімімен байиды» деген сөзі есіме түсті. Мен өндіруді білдім, бірақ оны ақшаға айналдыруды білмейтінмін. Содан бастап «маған осының жолын көрсететін адам болса» деп ойлап жүрдім. Бірде баламның телефонынан «Бизнес Бастау» деп аталатын курстың бар екенін естіп қалдым да, содан осында келіп, екі ай оқып шықтым. Енді мұндағы білімді меңгеру маған оңайға соғып жатқан жоқ. Әйтеуір, жанымдағы қыз-жігіттер  көмектесіп, үйретіп жатыр, – дейді ата.

 

Ол кісі сәті келсе блогер болудан да бас тартпайтынын айтады.

 

– Мұнда кәсіптің түрі көп  екен. Соның ішінде блогер деген бар екен. Жанымда жүрген жастар тез ақша табасың дейді. Бірақ ол үшін ғаламторды меңгеруім керек. Қазір соған барынша тырысып жатырмын.

 

Ал негізі балық өсіруді қолға алсам деймін, қазір соған зерттеу жасап жат­қан жайымыз бар. Егер қолымнан келіп, мақсатыма жетсем, Балқаш ауданының негізгі тіршілігінің бірі етіп, осыны жер­гілікті халыққа да үйретсем деймін. Балқашта ауылшаруашылық колледжі бар. Содан 30-40 студент алып, соларға біл­генімді көрсетсем, сөйтіп әрқайсысынан миллионер шығарсам, халық байи бастамай ма? Неге осындай бейбіт заманда миллиардер болуға тырыспасқа?!

 

Шіркін, жетектесе желетін, бәйгеге қоссаң, озатын балаларды тәрбиелеп шығарғым келеді. Олардың әрқайсысы табыс тауып, өзі де байып, мемлекетті де байытса деймін. Соған септігім тисе екен деп курсқа келіп жүрмін ғой. Қалқам, атаңның арманы көп, – дейді ол. 

 

Сейткер ата 80 жасында «Жар жарас­тығының құпиясы» деп аталатын 1200 беттік қолжазба жазған. Оған ХХ ғасырдағы қазақ жанұясындағы әдет-ғұрыптар, атаның көрген-білгендері, жан-жақтан жинақтаған жазбалары еніпті. Кітаптың мазмұнына «Әйелі еріне, ері әйеліне қандай жағдайда да  «мақұл» десе, олардың арасында сыйластық туады. «Адамды сыйлау арқылы сыйлы болу» деген ұғым бар» деген әкесінің сөзін негіз етіп алыпты. Бас-яғы төрт томды құрайтын еңбекті кітап етіп бастыру үшін төрт миллион теңге қажет көрінеді. Ондай ақшаны ұл-қыздарынан сұрағысы келмейтінін айтқан қария кәсібі жүріп, табыс тауып жатса, кітабын да өзі бастырып шығармақ.

 

Бата беруден де алдына жан салмайтын Сейткер ата мұның қаннан келген қасиет екенін айтады.

 

– Әкем елге сыйлы адам болды. Ағаларымның барлығы батагөй болды. Сонда байқағаным – олардың қай-қайсысы болса да, бірінің батасын бірі қайталамайтын. Сол үлгімен мен де той-томалақ, жиынға бара қалсам, бала-шағамның туған күні, басқа да қуаныштары болып жатса, соларға арнап бата жазатынмын. Өткенде қарасам, сол төрт дәптер, яғни бас-аяғы 363 бата болыпты. Мен ақын не жазушы емеспін, шын ниеттен шыққан жылы лебіздер ғой бұл, – дейді зейнеткер. 

 

...Иә, осындай қарияларымыздың көп болғаны қандай жақсы, даналық та, өнеге де осы кісілерде жатыр емес пе?!

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ