100 рет қажылыққа барған адам

13.11.2019
Қаралды: 129

Қажылыққа 100 рет барып келген адам жақында шүкіршілік тойын өткізді. 22 рет үлкен қажылықта, 78 рет кіші қажылықта болып қайтқан Амангелді қажы Еренғайыпұлының бұл кешіне 400 адам шақырылған көрінеді.

 

Әлеуметтік желідегі видеоларға қарасақ, тойдың басы да ерекше басталған секілді. Қолына құс қондырып, басына бөрік, үстіне шапан киген той иесі асабаның әдемі таныстыруынан кейін қонақтардың алдына ежелгі батырларша киінген, бойшаң келген еңгезердей жігіттерді жанына ерте шықты. Аталған жиында оның өз туыстарынан бөлек, Сауд Арабиясы, Мысыр, Палестина елдерінен келген қонақтар да бол­ған. Солардың қатарында пайғамбардың тікелей ұрпақтары саналатын Шейх Турки әш-Шариф пен Шейх Мәзин әш-Шәриф есімді арабтар да бар көрінеді.

 

Амангелді қажы – «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының директоры. Өзінің айтуынша, ол 16 мың қазақстандықты қажылыққа апарып келген екен. Бес ұл, бір қыздың әкесі бұл тойды мақтангершілік үшін емес, Аллаға шүкір айту мақсатында жасағанын айтыпты. Қажының бұл әрекетін оң көріп жатқандар жетерлік. Сонымен қатар, оны қолдамай отырғандар да, тіпті түсінбей отырғандар да аз емес. Желідегі пікірлер былай дейді:

 

Gulіgulі Gulі: Сонда бұл кісі 100 рет барса, жылына неше рет барған? Әлде саудагер ме екен, түсінбедім. Ниеті қабыл болсын. Бірақ, білмедім, Алла бұйыртқан адам барады.

 

Mongolkhan Smagul: Сонда бұл адам 100 жаста ма? Жылына бір болатын қажылыққа қалай 100 рет баруға болады?

 

Гауһар Сауранбаева: Туыла сала бар­ған ба, әлде Мекке қаласынан көшіп келген бе?

 

Гүлшат Кенесариева: Енді әкімдер қанша рет астанаға барғанын, дәрігерлер қанша ауру қабылдағанын, банкирлер қанша адамға несие бергенін, таксистер қанша адам жеткізгенін, мұғалімдер қанша дәптер тексергенін тойлауы қалды.

 

Ғарифулла Шамшиев: Өзі шаба бермей, жетім-жесірге көмектеспей ме? Мақтаныш деп санамаймын. Одан да сауапты іс жасамай ма?

 

Шолпан Әбішева: Сол жақта қалсын да ары-бері жүре бермей. Байғұсты аяп кеттім ғой. Не болмасағ өле салсын. Өлгендерді құмға көметін көрінеді. Құм тартып әкетеді дейді. Келесі күні сол жерге басқасын жерлейді дейді білгіштер. Құм тартып жүрген шығар, 101 рет барса, барсакелместе қалады дейді бір қақпас.

 

Терекбай Саябай: Қажылыққа бару – мұсылман баласына парыз. Онда да шамасы келген адамға ғана. Бірақ жүз рет қажыға барғаннан бір рет мұқтаж жанға қолынан келсе бір баспана алып берсе, нағыз сауап сол болар еді.

 

Қайырғали Сыдиыхұлы: Сыныптас жігіт былтыр әйелі екеуі қажылыққа барып қайтты. Екеуі де намаз оқиды. Екі адамға 15 күндік қажылық сапар 4 миллион 800 мың теңгеге шықты деген еді. Жарайды, әңгіме ақшада емес. Жүз рет қажылық сапарға бару үшін бір сапарға 15 күн уақыт кетсе, сонда қанша жыл қажет болады екен?

 

Бақыт Молдабай: Арабтарды қаржыландырып, қазақ елінің қаржысын өзге ел бюджетіне салушы. Халықтың қаражатын арабтарға шашушы. Тағы кім дейміз?

 

Азамат Сәрсенов: Ол кісі адамдарды қажылыққа апарған. Талай қызмет жасаған. Ол оңай дүние емес. Қажылықтың көп қиындығы, ауыртпалығы бар. Осы Амангелді қажыдай бауырларымыз көп болсын!

 

Нұрпейіс Итолин: Онда жақсылап ескерткіш орнату керек шығар.

 

Гүлбибі Жорабекқызы: Пенденің бір парызы – қажылық. Дұрыс, барсын. Бірақ жүз рет барудың керегі жоқ емес пе? Одан да сол қаржыға үйі жоқтарға үй әперсе, ауырып, шетелге ота жасатуға ақша таппай жүрген небір сәбилердің аналарына ақша берсе, сол мың бір сауап іс болар еді-ау, қазағым!

 

Сейсекүл Сатаева: Қажылыққа бір бар­ған адам бара бергісі келеді деп еді. Сол рас болғаны ғой, яғни қажылық – ауру. Егер он отбасына үй әперіпті десе, керемет дер едім өз басым, ал мына тіршілігі миға қонымсыз.

 

Қайынжамал Аубакирова: Маңдай тер, табан етпен барған үлкен сауап. Жүздің нешеуі қабыл екенін бір Алла біледі. Оған күпірлік етпейік.  

 

Ақтоты Рияпова: Өзінің несібесі. 1000 рет барса да жарасады. Молодец, өйткені ол қазақ. Алға, аға!

 

Сәндікүл Нұржанова: Адам қажылыққа бір-ақ рет баруы керек. Пайғамбарымыз бір-ақ рет барған. 

 

Тажихан Али Нұрмаханова: Біз сияқты ақшасы жоқтар армандаумен отырамыз да...

 

Тамара Азимханова: Ол кісі қажылыққа адамдарды апару жетекшісі болса, ол са­уап. Өз еркімен барып жүрсе де мейлі. Тек жариялап, насихаттағаны – қате. Маған десе, сол жерден үй алып тұрсын. Бір Алла біледі, кімге пейіш, кімге тозақ бұйырарын. Алла қазақты бәле-жаладан сақтасын. 

 

Gulbakhut Kh: Ех, қазақтар, көңілдеріңізді қалай табуға болады? Неге міндетті түрде бірдеңені жамандай жөнелгенге құмарсыздар? Не істесе де өзі жасап жатыр ғой соның бәрін. Бір сәт жақсы жағымен қарап көріңіздерші, а? Не үшін болмайтын нәрсеге шаршап, энергияларыңызды құртасыздар? Той жасаса да, жасамаса да, сіздерге келіп-кетер еш пайдасы да, зияны да жоқ қой. Қазақтар, осы қылығымызбен не өспей, не өшпей жүрміз, бар ғой... Бір қазақ бір қазақтың артын шұқығанға құмар халықпыз ғой, обал-ай!

 

...Міне сан түрлі адам осылайша сан түрлі пікір айтуда. Не десек те, шамасы келгендер мен жағдайы жеткендер ғана 100 рет қажылыққа барып, той жасай алады. Ал оның дұрыс не бұрыстығы бір Аллаға аян.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ