Латын әрпіне көшу қазір не береді?

13.11.2019
Қаралды: 101

Қазақ тілінің қажеттілігі туралы аз айтылып жат­қан жоқ. Ол түсінікті. Бірақ латын әліпбиіне көшу мәселесі бұлдырлау болып тұр.

 

Біріншіден, қабылданған әліпбидің көкейге қона бермейтін тұстары бар. Екіншіден, латынға көшудің қандай қажеттілігі бар? Ол идея неге байланысты туды? Түпкі нысанасы не?

 

Мәселе латынға көшуде емес, оның қолданыс аясында секілді. Қазақстанда латын әліпбиі тек қазақ мектептеріне енгізілетін көрінеді. Орыс мектептері кириллицада қалмақ. Сонда жаңа, жас буынды кириллицада 80 жылдан астам уақыт орыс, қазақ тілдерінде шыққан миллиондаған кітаптардан адастырып, әдеби қоры жоқ латын әліпбиіне көшіру бізге қандай пайда келтірмек?

 

Латын әліпбиіне көшу – ғылым, білім бағытын өзгерту. Ендігі жерде жастар кириллицада басылған әдебиеттерді оқудан қалады. Оның мәнісі – Ресейден алшақтау. Ресейден ғана емес, өз ішіміздегі өзге ұлт өкілдерінен де іргені аулақ салу. Бұрын әліпби ортақ та, жазу орыс-қазақ тілдерінде болса, енді бұл екі жазу екі түрлі алфавитке негізделмек. Алшақтаған деген осы емес пе? Орыс тілінде оқығандар үшін Ресей жоғары оқу орындарының есігі ашық болса, латынмен оқығандар қазақ топырағымен шектелетін болады. Сонда латын изоляциядағы әліпби болып шықпай ма?    

 

Латынға өту – бағытты өзгерту дедік. Бірақ түркілік шығысқа бет бұру үшін  латынша ортақ әліпби керек болады. Бізде бұл бағытта жұмыс жасалса да ол жүзеге аспады. Демек, түркі тектес халықтар да бір-бірін ұға алмайды. Сонда латынға өткеннен ұтарымыз не? Қажеттілігі қанша? Ойланатын, толғанатын мәселелер баршылық.

 

Мен қазірден немеремді қай тілдегі мектепке береміз дегенді ойлай бастадым. Латынша оқыса – ауыл арасындағы, кириллицамен оқыса – еларалық деңгейдегі маман болса, жұрттың қай тілді  таңдайтыны түсінікті деп білемін. Міне, латынға өтпес бұрын осы мәселелерді ой елегінен бір өткізіп алған жөн. Өзбекстандағы жағдайдан сабақ ала білгеніміз абзал.

 

Т. ҚОҢ­ЫРАТБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ