Бәйдібек жақта бір үйір жылқы ұрланды

11.11.2019
Қаралды: 89

Айдың-күннің аманында Бәйдібек ауданындағы ауылдардың бірінде бір үйір жылқы жоғалды. Бас-аяғы 18 бас жылқы. Бір-ақ күнде, тосыннан болған жағдай.

 

Бұл оқиғаға орай мал иелері мен аудандық ішкі істер бөлімі аяғынан тік тұрды. Бір апта бойы ой мен қырды, төңіректегі қора-қопсыны түгел сүзіп шықты. Жым-жылас. Ешбір дерек жоқ.

 

Боранмен ықтап кетті дейтіндей емес, ауа райы жайлы болып тұр. Соншама бас жылқыны табан астында жер жұтып кетпегені тағы белгілі.

 

Демек, 18 бас жылқы ұрланған. Қолға ілігердей бір дерек шықпай тұрғанына қарағанда, ол жылқыларды өте әккі ұрылар үптеген сияқты. Әрі бұл барынша мұқият жоспарланып, жүзеге асырылған қылмыстық іс болуы мүмкін.

 

Бұл ауылда жылқы малының ұрлануы бір бұл емес. Бұған дейін де бір азаматтың 30 жылқысы қолды болған. Ол сол күйі табылған жоқ. Тағы бір кісінің 10 жылқысы жоғалды. Ол да із-түзсіз кетті.

 

Осылайша бас-аяғы бір-екі жылдың ішінде адал малынан айырылған бірнеше отбасы зар илеп қалды. Әрине, кімге де болса оңай емес бұл. Ауыл адамдары малмен күн көреді. Малдан айырылу – күнкөріс көзінен айырылу деген сөз.

 

Бүгінде баукеспе ұрылар ешкімді де аямайтын болған. Осындай келеңсіз оқиғалар Бәйдібек ауданының басқа да ауылдарында орын алып жатыр. Түркістан облысының өзге аудандарында да малын ұрыға алдырып, қан қақсап қалғандар туралы аз естіп жүрген жоқпыз.

 

Сол ұрланған малдың көбісі мүлде табылмай кетіп жатыр. Неге бұлай? Ұрылар неге ұсталмайды? Олар басқа планетадан келген жоқ қой. Құқық қорғау органдары дәл осы мәселеде неге мүлде дәрменсіз? Қазіргі заманғы технологиялар мен бұл орайдағы озық іс-тәжірибелер мал ұрыларын табуға келгенде қалайша қауқарсыз болып қалып отыр?

 

Әрине, бұл ойланарлық мәселе. Жай ойланып қана қоймай, күдік пен күмәнға жетелейтін жағдай. Қандай күмән екенін кім де болса іштей біліп отырған шығар...

 

Тағы бір айта кетер жайт, мал ұрлығына қатысты Қылмыстық Кодексті де қайта безбендейтін уақыт жеткен сияқты. Заңгерлердің айтуына қарағанда, жылқы ұрлаған мен тауық ұрлағанның жазасы бір шамалас екен. Осы да әділдік пе? Жылқы қайда, тауық қайда? Яғни тиісті заңдарға мал ұрлығына байланысты арнайы бап енгізілуі керек дегенді айтады жұрт. Полиция қызметкерлері де осы пікірде екен. Бұл – заң шығарушы құзырлы органдардың құлағына алтын сырға!

 

Енді Бәйдібек ауданында жоғалған жылқылар жағдайына қайта оралайық. Мал егелері әлі де болса олардың табыларына сеніп отыр. Тіпті мал табылмағанымен, оны ұрлаған ұрылардың қолға түсетінінен үмітті. Егер осы жолы да ұрланған бір үйір жылқыдан сол күйі хабар-ошар болмай, қылмыс ашылмай қалатын болса, онда иығына погон таққан тәртіп сақшыларының құны көк тиын деген сөз. Сондықтан олар мейлінше намысқа тырысулары керек-ақ.

 

(«Замананың» тілшісі).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ