Марс Үркімбаевты шәкірттері өте құрметтейді

11.11.2019
Қаралды: 85

Алдағы 22-қараша күні Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласында Оңтүстік Қазақстан облысының тұңғыш әкімі болған азамат, мемлекет және қоғам қайраткері, академик-ғалым Марс Фазылұлы Үркімбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай ауқымды іс-шара өткелі отыр.

 

Бұл жөнінде біз газетіміздің өткен нөмірінде хабарлаған болатынбыз. Мерейтой ұйымдастырушылары – кезінде М.Үркімбаевтың өзі ұзақ жылдар бойы еңбек еткен, басқарған Тараз Мемлекеттік университеті мен академик Үркімбаев қоры және ол кісінің отбасы мүшелері.

 

Бұл игі іс-шараға Түркістан облысынан да шақырылғандар бар. Бізге сондай азаматтардың бірі – шымкенттік Максим Қалымбетовпен сұхбаттасудың сәті түсті. 

 

– Әңгімені Марс Фазылұлымен қалай танысқаныңыздан бастасақ. Бұл қалай болған еді?

 

– Мен 1979 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға  түскен едім. Марс Фазылұлын сол кездері алғаш рет көргенмін. Ол әрдайым абитуриенттермен арнайы кездесіп, институттың маңызы, беделі, әсіресе гидрофакультеттің қандай дә­режесі барын тәптіштеп тұрып түсін­діруші еді.

 

Ол кісі өте аңғарымпаз, қамқор жан болатын. Әлі есімде, бірде үлкен залда сынақ тапсырып жатқан кезімізде тапсырманы сол қолымен жазып отырған жігітті байқап, жанына жақындап барып, біраз қарап тұрды да, мұғалімдерге: «Мына бала оқуға түсуі тиіс», – деп тапсырды. Сол жігіт институтқа оқуға түсті, жақсы оқыды, оны қызыл дипломмен бітіріп, Мәскеу гидромелиоративтік институтында аспирантурада оқып, докторлықты қорғап шықты.

 

– Жалпы, ол кісінің студент жастарға жасаған жақсылығы көп болған шығар?

 

– Иә. Жақсы оқыңдар, бізге сендердің елге, қоғамға пайдасы тиетін мықты маман болып шыққандарың керек дегенді үнемі айтып жүретін. Жазғы және күзгі сессиялар кезінде бірнеше топтан 70 студентті алып, институт қоры есебінен Болгария, Чехословакия, Франция сияқты шет елдерге туристік сапарларға алып шығатын. Студенттер бір жағынан ел, жер көріп, демалып әрі  шетелдіктермен тәжірибе алмасып қайтатын. Өзім ол кісімен Болгарияға, Кубаға бірге барғанмын.

 

Марс Фазылұлы ата-анасынан бес ағайынды, ол кісі отбасында өскен 5 ұлдың үлкені. Еркін есімді інісі сол кездері полковник, Кубадағы КСРО-ның әскери елшілігінде қызмет істейтін, аға бізді сол кісінің Гаванадағы үйіне ертіп барған еді.

 

Марс Фазылұлы институттың оқу корпустарын, жатақханаларын аралап, тіпті шетелге барғанымызда да барлық жағдайымызды жасап жүруден жалықпайтын. Қай істі болмасын шашауын шығармай, өте шебер ұйымдастыратын және оны қадағалап отыратын.

 

Ол кісі өте кішіпейіл, адал жан еді. Кубада жүргенімізде бірде Гаванадан 150 шақырым қашықтағы бір жерге апарып қыдыртты. Сол жерде арамыздағы бір жігіттің әмияны қалып кетіпті. Гаванаға оралғасын соны естіп, әрқайсымыз ортадан ақша шығарып беріп жатқанымызда келіп қалды да, не болғанын біліп, бұларың өте дұрыс деп ризалығын біл­дірді, өзі де ақша қоспақ болды. Сөйтіп тұрғанда кубалық екі азамат жетіп келді. Әлгі жігіттің жоғалтқан әмиянын тауып алған екен, КСРО студентерінен қалған болар деп шамалап, 150 шақырым жерден бізді арнайы іздеп келіпті. Бір-бірі­мізге ризашылығымызды білдіріп, сыйлық алмасып, мәре-сәре болып қалдық.

 

– Марс Фазылұлы институттың материалдық базасын да кереметтей етуге көп күш жұмсаған болар деп шамалап отырмыз...

 

– Біз оқуға түскен жылдары институттың 4 оқу корпусы қаланың әр тарабында еді, 15 минуттық үзілісте сабақтан кешігіп қалмау үшін бірінен екіншісіне жүгіріп баратынбыз. Кейін Марс Фазылұлы бір жақтан жоба әкеліп, институттың оқу корпустарын бір тұсқа шоғырландырды. Ол кезде жоғары оқу орнына жұрт подкурстан өтіп барып түседі, әрқайсысының бұрын игеріп алған дәне­керлеуші, ағаш жонушы, сылақшы, жүргізуші, кран айдаушы сияқты мамандықтары бар. Содан институтта «По­с­троим ВУЗ своими руками!» деген ұранмен студенттік құрылыс отрядтары құрылды. Студенттер қолымен оқу корпустары салынды, тұрғын үйлер бой көтерді. Институт ұстаздарының бір бөлмелі, екі бөлмелі пәтерлерге қолы жетті. Студенттерге арналып 3 жатақхана салынды. Кітапханасы, дәмханасы, спорт алаңшалары бар – қысқасы, сол маңда толықтай кешенді оқу ғимараттары бой көтерді.

 

Марс Фазылұлы оқу корпустарын, кітапхана, спорт алаңшалары, тіпті асханаға дейін аптасына бір-екі мәрте аралап, не жетіспейтінін сұрап, кем-кетігін түгелдеп жүретін.

 

Жалпы, Марс Фазылұлы институттың өркендеуіне, одан жастардың мықты маман болып шығуына көп көңіл бөлді, мол еңбек сіңірді. Студенттер ол кісіні аса құрметтейтін. Марс Фазылұлы сол кезде бүкіл КСРО бойынша жоғары оқу орнының ең жас ректоры еді.

 

– Ал ұстазыңызбен қалай қызметтес болып жүрсіз?

 

– Мен институтты 1984 жылы бітірдім. Оқып жүргенде белсенді болдық, факультеттегі комсомол ұйымының хатшысы болдым. Ғылыми жұмыстармен де айналыстым. Ғылыми жұмыстағы жетек­шім болған ағайым кейін Целиноградтағы ғылыми-зерттеу институтына директор болып ауысқан. Сол кісі кейін Марс Фазылұлына келіп, мені өзімен бірге әкететін болып келісіпті. Мен өзі отбасындағы жалғыз ұлмын, әкем сол кезде 86 жаста еді, анамның да жасы 80-ге жақындап қалған. Сондықтан үйді ойлаған едім. Алайда әкем жағдайды естігенде маған Целиноград жаққа баруға рұқсат етті, бірақ мен өзім бәрібір де Шымкентке оралуды шештім.

 

Сөйтіп Шымкенттегі «Союзгипрорис» институтына жұмысқа кірдім, онда инженер болып істедім. Марс Фазылұлы мені сол жерде істеп жүргенімде арнайы адам жіберіп, өзіне шақыртып алды. Ол кісі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалғанда өзіне бізбен бір топта  оқыған Бауыржан Аманбаев деген жігітті көмекші етіп алған екен. Ба­уыржаннан менің қайда жүргенімді сұрап біліпті.

 

Институтта актив жиналыстары бол­ған кезде Марс Фазылұлы оған міндетті түрде қатысатын, ақылдасып-кеңесіп, тиісті тапсырмалар беріп, оны қадағалап отыратын, жұртты ынталандырып, жұмылдырып жіберуші еді. Сондай жиындарда ағаны жиі көріп тұратынбыз. Оқу бітіргенімізге 8 жыл болса да ол кісі мені ұмытпапты.  Шымкентте екенімді біліп, шақыртып адам жіберіпті. Алдына кіргенімде орнынан тұрып, күле амандасып қарсы алды, қайда, не істеп жүргенімді сұрады. Мен «Союзгипрористе» жоғары санатты инженер екенімді айттым.

 

Қысқасы, ол кісі мені сол күні-ақ іс басқарушының орынбасары етіп таға­йындады. Ол кезде облыс әкімінің іс бас­қарушысы болып қазіргі Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов істейді, сол кісінің орынбасары болып шыға келдім. Сол жылдардан бастап Марс Фазылұлымен жақсы араластық.

 

Менің ол кісіге ешқандай да туыстық немесе басқадай қатысым жоқ. Марс Фазылұлы адамдарды біліміне, біліктілігіне қарай бағалайтын. Біреулердің «мына қызметке мынаны қой» деген сияқты әрекеттерін құптай бермейтін, сол үшін де кей адамдарға жақпай қалған кездері жоқ емес.

 

– Басшы ретінде қаталдық көрсе­тетін жерлері де болған шығар?

 

– Ол кісі өте қарапайым жан еді. Мысалы, өзі әкім, қолында бар мүмкіндігі болып тұрса да Шымкенттен пәтер ал­ған жоқ. Басшы ретінде талапты да орнымен қоя білетін. Әсіресе сенбі-жек­сенбі күндері жұмысқа келгендерге неге демалыс күні жұмыс істейсіңдер деп айтып тастайтын. «Сонда дүйсенбі – жұма аралығында, бес күн бойы жұмыс істемегенсіңдер ме?» – деп ұялтатын. Демалыс күндері қандай да бір делегация келер болса, әкімдікте сонда ғана арнайы қалдырылған жауапты қызметкерлер жүретін. Сағат кешкі 6-дан кейін онда ешкім қалмайтын. Марс Фазыл­ұлының өзі кешкі 7-8-дерге дейін жұмыс­та болады, сол кезде жұмысқа қатысы бар бірер қызметкерлер ғана қалатынбыз.

 

– Ол кісінің Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған кезіндегі атқарған істері жөнінде айта кетсеңіз.

 

– Марс Фазылұлы мықты экономист болатын, мәселелерді нақты қалай шешу керегін білетін. Халықтың жағдайын, экономиканы жақсарту жағын көп ойлайтын, тиісті адамдармен ақылдасып-ке­ңесіп отыратын.

 

Ол кісі облысты көп уақыт басқарған жоқ, бірақ соның өзінде көп іс тындырды. Соның бірі – экономикалық байланыстар үзілген тұста қиналған халықтың қолы айлық жалақыға, зейнетақыға жете бастады.

 

Марс Фазылұлы жаңа технологиялар ендіруді көп ойлайтын. Бұл тұрғыда біраз жобаларды іске асырды. Мысалы, израильдік мамандарды облысқа әкеліп, Сайрам ауданында алғаш рет тамшылатып суғару әдісін енгізді. Шымкентті сумен қамтамасыз ететін кәсіпорынға заманауи су сүзгілерін орнатқызды. Көлік қатынасы үшін Ресейден «РАФ» авто­көліктерін әкелгізді.

 

Шымкентте Марс Фазылұлының ұйыт­қы болуымен шығарылған «МАН» (кейін «Ордабасы» деп аталған) түрлі-түсті теледидары жұрттың есінде болар. Сондай-ақ ол кісінің басшылығымен пресс-автомат зауытынан «Неоплан» автобустары шығарыла бастады. 1993 жылы «Қазақтелеком» филиалында ксеро­көшірме аппараттары шығарылды. Бұ­лардың бәрінде «Шымкентте шығарыл­ған» деген жазу болды, пайдасын облысымыз көрді, Алматы облысына да шығарылып тұрды.

 

Жалпы, айта берсек, Марс Фазыл­ұлының халыққа жасаған жақсылығы аз емес қой. Ардагерлерге қамқор болды, ол кісілерге 9-мамырда және басқа мерекелер кезінде теледидар тарту етуші еді. Облыстың даму барысын жоспарлағанда да ардагерлерді шет қалдырмайтын, жиі бас қосып, кеңесіп отыратын.

 

Ол кісі облыс әкімі қызметінен кеткен соң академия ашты. Сол кезде қазіргі дендропарк жақтағы академиялық қалашықты салуды бастады. Академияда жұмыс істейтін адамдарға жер әперіп, тегін үй салдырып берді. Сол жылдары мен «Союзгипрористің» жатақханасында тұратынмын. Шақыртып алып, жатақханада тұратынымды естігесін өтініш жаздыртып алып, пәтер әперді.

 

Кейін ол кісі Экономика министрі болып тағайындалды. Елге инвестиция тарту деген сол кезде басталған еді.

 

– Марс Фазылұлымен етене жақын араласқан екенсіз. Ол кісі отағасы, әке ретінде қандай еді?

 

– Марс Фазылұлының жары Татьяна Николаевна – осы Шымкенттің қызы. Екеуі Мәскеуде бірге оқыған. Кейін Марс Фазылұлы Жамбыл институтында ректор болса, әйелі химия пәнінен сабақ берді. Екеуі де жастарға өте қамқор жандар болды.

 

Ол кісілер отбасында бір қыз, бір ұл өсірді. Марина мен Марс та сол институтта оқыған. Бірақ олар біз осындай адамдардың баласымыз дейтіндей қылық көрсетпейтін.

 

– Ол кісінің ұрпақтары қазір қайда тұрады, не істейді?

 

– Марс Фазылұлының ұлы кезінде үлкен қызметтер істеген. Бүгінде ол кісі де өмірде жоқ. Одан тараған балалар бар, үлкенінің есімі – Марс, ол қазір бизнеспен айналысады. Ал Марс Фазыл­ұлының қызы Марина балаларымен бү­гінде анасы Татьяна Николаевнамен бірге Тараз қаласында тұрады. Марина кезінде Жамбылда Әді­лет басқармасының бастығы болған, қа­зір бизнеспен айналысады.

 

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ